4 күндік жұмыс олқылықты толтыра ма?
4 күндік жұмыс олқылықты толтыра ма?
© коллаж: Елдар Қаба
485
оқылды
Былтыр жарты миллиондай адам толық емес жұмыс режимінде қызмет етіпті. Биыл бұл сан өсуі мүмкін. Себебі посткеңестік кеңіс­тік­­тегі алапат геосаяси дауыл, қан-қасап әскери жанжал және те­геу­­рінді санкциялық қыспақ аясында жеткізілімдер тізбегі бұзылды. Салдарынан отандық біраз кәсіпорын шикізаттан, өнім өндіруге қа­жетті компоненттерден тарыға бастады. Зауыттардың кейбірі тоқ­­таған. Басқа кәсіпорындар бұған жол бермеу үшін 4 күндік жұмыс аптасына көшуді қарастырмақ. Парламент те тиісті халықаралық құжатты қабылдады.

4 күндік жұмыс аптасы заңдастырылған

Қазақстан әрдайым бейбітшілікке жақ. Бұл саясаттың дұрыстығын өмір көрсетіп отыр. Өйткені мемлекеттер арасында қарулы қақтығыс басталғанда, адам құқықтары мен бостандығын қорғау, адами капиталды дамыту, әлеуметті қолдау жайына қалады, экономика күйрейді. Соғыстың зиян-залалы, кесір-кесапаты өзге елдерге де тиеді. Шаруа қожалығының егесі Да­мир Елтаев «Қостанай трактор зауытынан» «Кировец» маркалы ауыл шаруашылығы техникасын сатып алыпты. «Біз зауыт пен санкциялардан бұрын, биылғы қаңтарда келісім бекіттік. Оның үстіне, бұл – отан­дық өнім. Келісімге сәйкес, трак­тордың құны 64,8 миллион теңге болып белгіленді. Енді техника қо­лыма тиетін кезде, кәсіпорын өнім­нің бағасы 86 миллион теңгеге дейін қымбаттағаны туралы құ­лағ­дар етті. Өйткені оған құрауыш бөл­шектерді жеткізетін Ресейдегі зауыт бағаны өсіріп жіберіпті. Бұл техниканы отандық деп дәріптейтіні қайда? Неге бірден 35%-ға қымбат­тайды? Онда отандық болмағаны, шетелге тәуелді болғаны ғой. Фер­мер­лерге қазір көктемгі егіс жұмыс­тарын жүргізу қажет, қосымша мил­­лиондарды қайдан табамыз?!», – деп қамығады шаруа. Мұндай жағдай көптеген салада байқалады. Ал Ресейге қарсы санк­циялардың жақында жойылмай­ты­нын ескерсек, оның салқыны Қа­зақстан экономикасының бойын мұздата беретінге ұқсайды. Ұлы мұхиттарға, көк теңіздерге шығатын жолы жоқ, құрлықта қы­сылған Қазақстан үшін көптеген өнім, технология, техника, құра­уыш-бөлшек алыс шетелден Ресей аумағы арқылы әкелінетін. Қазір Ресейдің санкция күшімен жан-жақ­тан қамалып, оқшауланған жа­йы бар. Үкімет Ресейді айналып өте­тін көлік-логистикалық дәліз­дерді дамыту, Қазақстанның төл тран­зит­тік-көлік әлеуетін ары қарай арт­ты­ру бойынша шаралар қабыл­дауға кірісті. Бұған біраз уақыт керек. Әр салаға тарамдалып, тереңдей түскен дағдарыс жағдайында толық қуатында жұмыс істей алмай, өн­дірісін азайтуға мәжбүр компания­лардың HR қызметтері 4 күндік жұмысқа ауысу жайын пысықтап жатыр. Бұл персоналды қысқартуға балама болады. Әрі әкімшілік шығындарды азайтудың бір амалы. Өйткені жалақы жұмыс күнінің санына қарай төленетіні мәлім. Аптадағы жұмыс күні азайса, жа­лақы қоры да кемиді. Бұл мәселені белгілі кәсіпкер Жансая Үсенова көтеріп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сұрақ қойды. «Бүгінде әлем 4 күндік жұмыс аптасы режиміне көшу мәселесін қарастырып жатыр. Оның аясында жұмыскерлерге 3 демалыс күні бе­ріледі, бұлар – сенбі, жексенбі және компанияның таңдауына қарай аптадағы кез келген 1 күн. Бұл ретте жұмыс беруші қазіргі 8 сағаттық жұмыс күнін 9-10 сағатқа дейін ұзар­та ала ма? Сонда заңда көз­дел­ген аптасына 40 сағаттық жұмыс режимі сақталады. Қазақстанда осы режимді енгізуге бола ма? Бұл заңға қайшы емес пе?» – деп сұрады ол. Жұмыс берушілерді қызықтыр­ған сұраққа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов жауап қатты. Ол Еңбек кодексінің 70-бабында «Толық емес жұмыс уақыты» қарастырылғанына назар аудартты. Яғни, бұл режим заңдастырылған. «Оған сәйкес, еңбек шартын жасасқан кезде, сондай-ақ еңбек қатынастары процесінің барысында жұмыскер мен жұмыс беруші ара­сындағы жазбаша келісім бойынша толық емес жұмыс уақыты белгі­ленуі мүмкін. Яғни, Қазақстанда өзара келісу арқылы аптадағы жұ­мыс күндерін қысқартуға заңмен рұқсат етілген. Осыған байланысты еңбек қатынасының тараптары 4 күндік жұмыс аптасын бекітуді өзара келісім арқылы шешеді», – деді министр. Ал Еңбек кодексіндегі 8 сағат­тық жұмыс күні көбіне сақталмай­тыны, одан артық еңбек еткендерге тиісті үстемеақысы төлене бермей­тіні құпия емес. Дегенмен ми­нистрдің айтуынша, 9-10 сағаттық бейресми режимді заңдастыруға жол берілмейді: «Еңбек кодексінің 71-бабында жұмыс режимі нақты бекітілген. Осы баптың 4-бөліміне сәйкес, күнделікті жұмыстың ұзақ­тығы 8 сағаттан аса алмайды. Осы­лайша, 9-10 сағаттық күн сайынғы жұмыс ұзақтығын бекітуге рұқсат етілмейді», – деді министр.

Жаңа режимдегілердің құқығы қорғалады

Мұның сыртында Қазақстан «Толық емес жұмыс уақыты жағдай­ларындағы жұмыс туралы конвен­цияға» қосылды. Өткен бейсенбіде, 31 наурызда ел Парламенті осы кон­венцияны қабылдап, ел Прези­дентінің қол қоюына жолдады. – Конвенция толық емес жұ­мыс уақытымен істейтін қызметкер­лер­дің құқықтары мен мүдделерін то­лық жұмыс уақытында қызмет ете­тіндермен бірдей көлемде қор­ғауды қарастырады және осы мә­селелерді реттейді. Құжат бұл ең­бек­керлердің ұжымдық келіссөздер жүргізу құқығын, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды, ананың құ­қығын қорғауды, жыл сайынғы ақы­лы демалыс беруді, еңбек және жұмыспен қамту саласында кемсі­тушілікке жол бермеуді көздейді, – деп хабарлады Серік Шәпкенов. Осы конвенция қызметкерлер мен кәсіпорындардың жекелеген санаттарын қоспағанда, экономи­калық қызметтің барлық саласына қолданылады. Құжат тек денсаулық сақтау мекемелері, құқық қорғау органдары секілді белгілі бір сала­ларда ғана жұмыс берушілерге то­лық емес жұмыс режимін енгізбеуге рұқсат етеді. – Ұлттық статистика бюросы­ның мәліметінше, елімізде 2021 жылдың 4-тоқсанының қорытын­дысында, әртүрлі салада 470 мыңға жуық қызметкер толық емес жұмыс уақыты режимінде жұмыс істеді. Олардың жартысына жуығы апта­сына 20 сағаттан аз уақыт еңбек еткен. Көпшілігі ауыл шаруашы­лығы, білім беру және өнеркәсіп секторында істеді. Конвенцияға сәйкес, толық емес жұмыс уақы­тында істейтін қызметкерлердің негізгі жалақысы сол әдістермен есептелетін толық жұмыс уақытын­дағы қызметкерлердің негізгі жа­лақысынан кем болмауы тиіс. Яғни, жалақы да, еңбек демалысы да екеуіне бірдей әдіспен есептеледі, бірақ жалақы көлемі олардың жұмысқа қатысқан сағатына немесе күніне байланысты болады,– деді Серік Шәпкенов. Сондай-ақ Конвенцияда толық емес жұмыс уақытында істейтін қызметкерлерге арналған әлеумет­тік қамсыздандыру жүйелері толық жұмыс уақытындағы қызметкер­лерге ұқсас болуы керек деп көр­сетілген. Бұл шарттар жұмыс уақы­тының ұзақтығына, жарналарға не­месе кірістерге қарай, пропор­цио­налды түрде анықталуы мүмкін. Еңбекмині енді осы норма­лар­дың елде қалай іске асырылып жат­қанына талдау жүргізетінін мә­лім­деді: «Талдау барысында кәсіп­одақ­тармен және жұмыс берушілермен бірлесе отырып, жұмысшылардың құқығын кепілдендіру, жақсарту бойынша жұмыстарды жалғас­тырамыз. Қажеттілік туындаса, заңнамаларға өзгерістер енгізіледі. Біздің министрлікте ғылыми-зерт­теу жұмыстарына қатысты арнайы бағдарлама бар, сол арқылы зерттеу­лер жүргіземіз. Ертеңгі күні осы заң құқықтық тәжірибеде қалай қол­данылып жатыр, осыған талдау жүргіземіз». Толық емес жұмыс режиміне көшірілгендердің де еңбекке жа­рамсыздық парақтарын, еңбек заң­намасында көзделген өзге әлеу­меттік кепілдіктер мен жеңілдіктерді алуы сияқты құқықтары қорғалады. Бұған қоса, осы режимдегілер, мы­салы еңбек демалысына шықса, оларға да толық режимдегідей, кемі 24 күн еңбек демалысы толығымен бекітіліпті.

Үлгісі – еуропалық, мақсаты – отандық

Айтқандай, 2021 жылғы 16 қа­рашада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Президент Қ.Тоқаев әйел адам декреттік де­ма­л­ысқа шықса, кәсіби дағдысы мен бі­ліктілігін жоғалтатынын, сал­да­рынан еңбек нарығында әйел­дер­дің бәсекеге қабілеті төмендей­тінін ай­та келе, Үкіметке оларға ерек­ше еңбек жағдайын жасауды тап­сыр­ған. Жалғызбасты ата-ана­лар­дың қашықтан және қысқартыл­ған ре­жимде жұмыс істеу құқығын заң жүзінде қарастыруды жүктеген-тін. Еңбек министрі С.Шәпкеновтің айтуынша, енді жүкті әйелдер мен 3 жасқа дейінгі баласы бар ата-аналардың біреуіне өз ұсынысы бойынша толық емес жұмыс режи­міне ауысуға мүмкіндік беріледі: «Мысалы, жүкті әйел немесе 3 жас­қа дейінгі баласы бар ата-ананың біреуі арыз берсе, оны жұмыс беруші міндетті түрде қабылдауы керек. Біз осындай нормаларды қарастырдық». Жасыратыны жоқ, қысқар­тыл­ған жұмыс аптасына көшу көптеген кәсіпорында жалақының азаюына соқтыруы мүмкін. Мәжіліс депутаты Бекқали Торғаев бұл ереуілдердің қайта ушығуына соқтыруы ықтимал дейді: «Елде өткен жылдары жала­қыны көтеруді және еңбек жағ­дайларын жақсартуды талап ететін жұмыскерлердің ереуілдері жиілеп кетті. Әрине, бұл жақсылықтың бел­гісі емес. Депутаттар өңірлерде кез­десу өткізгенде, халық азық-тү­лік бағасының өскенін, ал жала­қының өспегенін айтып, жиі ша­ғымданады. Мемлекет басшысы отан­дық бизнес өкілдерімен кез­де­суде халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайты­нын айтып, жағдайды дереу өзгерту керегін мәлімдеді. Алайда өз құ­қықтарын қорғаған жұмысшылар­мен мәмілеге келудің орнына, кей­бір жұмыс беруші әртүрлі қысым көрсетіп, жұмыстан шығуына мәж­бүр етеді. Соның салдарынан жаңа ереуілдер де болады», – дейді ол. Сонымен бірге 4 күндік жұмыс кейбір адамға қосымша табыс та­буға мүмкіндік береді екен. Сүт өнім­дері зауытының жұмысшысы Владимир Орловский қаптаманың жетіспеуі, аз жеткізілуі кесірінен кәсіпорын персоналы үшін жұмыс күндерін азайтқанын айтады: «Қол боста такси қызметін көрсетіп, та­быс табамын. Бұған дейін жұмысқа барар және қайтар жолда адамдарды таситынмын. Енді толық екі күнді осы кәсібіме арнай аламын. Негізгі қызметімде айына 24 жұмыс күні бар деп есептегенде, бір жұмыс күні 12,5 мың теңгеге бағаланады. Ал такси кәсібінен нәпақа табу кейде бұдан 2-3 есе көп табуға да бола­ды», – дейді ол. Еуропа 4 күндік жұмыс күніне көшуді 2021 жылы сынақтан өткізді. Дамушы елдерден айырмашылығы сол, озық елдерде аптадағы жұмыс күндерінің азаюы жалақының ке­муіне соқтырмайды, сол қалпы сақ­талады. Өйткені оның мақсаты – әкімшілік шығынды үнемдеу емес, азаматтардың әлеуметтік көңіл күйін көтеру, психологиялық жағ­дайын жақсарту. Би-Би-Сидің ха­барла­уын­ша, сынақ тамаша нәтиже көрсеткен: сарапшылар қауіп қыл­ғандай, еңбек өнімділігі төмен­демеген, сондай-ақ қызметкерлер басы артық жұ­мыс­бастылық жүк­темесінен ары­лып, жеке істері мен күтіміне, отбасына көбірек көңіл бөліп, өзін анағұрлым бақытты се­зіне бастаған. Тәжірибені полиция учаскелері мен кеңселерден бастап, қарттар үйіне дейінгі сан салалы мекемелерді қамтыды: оның қызметкерлері жа­лақысын бұрынғы көлемде толық ала отырып, аптасына 40 сағат ор­нына, 35-36 сағаттық жұмыс ре­жи­міне ауыстырылған. Біраз компания бұл режимді ары қарай сақтауға шешім қабылдапты. Бірқатар елдің кәсіподағы болашақта өзіне мүше жалдамалы жұмыскерлердің 80%-ын осы қалыпқа көшіруді мақсат ететінін де жариялады. Ал Қазақстанда кәсіпорындар бұл режимге әл-ауқат үшін емес, амалсыздан көшуі мүмкін. Бұл жерде жұмыскерлерді бақытты ету емес, жан бағу, банкрот болып, жабылып қалмау мәселесі басты орынға шығатынға ұқсайды.