Аз демалып, көп оқимыз ба?
Аз демалып, көп оқимыз ба?
© коллаж: Елдар Қаба
616
оқылды
Cоңғы кездері орынды-орынсыз реформаның «сы­­нақ алаңына» айналған білім саласына қоғам на­зары кезекті рет ауды. Бұл жолы әңгіме ауаны оқушы­лар­дың жазғы де­малысын қысқарту турасында өр­біді. Әлемдік тәжіри­бені алға тартып, қазақстандық оқу­шы­лардың дема­лы­сына шүйліккендерге қарсы ата-аналардың, педагоги­ка­лық қауымдастықтың өз уәжі бар.

BINOM биыл бастайды

Бұл мәселені танымал бизнесмен, BINOM мектептерінің құ­рыл­тайшысы Айдын Рахымбаев көтерген болатын. Оның ай­туынша, қазақстандық мектеп оқушылары жыл сайын білімге ар­н­алуы керек уақытының 1-1,5 айын жоғалтады-мыс. Амери­ка­­лық ғалымдардың жүргізген зерттеуі ұзақ жазғы демалыс ке­зін­де балалардың оқыған-тоқығандарының 25 пайызын ұмытып қалатынын растапты. «Сондықтан біз оқу жылын ең болмаса 38 аптаға дейін ұзар­ту­ға ұсыныс жасадық. Бағымызға орай, министрлік бұл баста­ма­ны қолдады. Қазір регламент келісіп жатыр. Соған сай ұзар­­тылған оқу жылын біз биыл BINOM мектептерінен бастай­мыз», – деді А.Рахымбаев. Бұл орайда кәсіпкер үздік ха­лықаралық тәжірибелерге сүйеніп, балаларға мектептердегі пәндерді игеру қиындық туғызбас үшін оқы­тылатын пәндердің санын азайту керегіне де тоқталды. Өз кезегінде BINOM жалпы білім беретін мек­тептер желісінің құрыл­тайшы­сының бұл бастамасын Үкімет басшысы да қолдап, оны пилоттық жоба ретінде аталған мектептердің желісінде енгізуді тапсырды. Кә­сіпкер бұл пилоттық жоба өз тиім­ділігін дәлелдесе, барлық мек­тептегі жазғы демалыстың мерзімі 1 айға дейін қысқаратынын айтты. Қазір Қазақстандағы жалпы мектептердегі оқу жылының ұзақ­тығы 34 аптаны құрайды. Орта есеп­пен қалған 18 аптада оқушылар демалыста болады. Мұның ішінде жазғы демалыспен бірге тоқсан ара­сындағы қысқа мерзімді дема­лыстар да бар. Сонда шамамен біз­дің оқушылар бір жыл ішіндегі 120 күнді жазғы демалыста өткізеді екен.

Қорытынды шешімді күтеміз

Білім және ғылым министрлігі бұл бағытта бірқатар зерттеу жұ­мысы жүргізіліп жатқанын хабар­лады. Демалыстың ұзақтығына байланысты қорытынды шешім де зерттеулердің нәтижесіне сай шығарылмақ. «Осыған дейін 2021 жылғы тамыз кеңесінің қорытындысы бо­йынша министрлік Ы.Алтын­сарин атындағы ұлттық білім беру академиясына оқушылардың жүктемесін азайту шараларына қа­тысты тиімді оқу жылының ұзақ­тығын анықтау, білім беру ұйым­дарында еңбекақы төлеудің сағаттық жүйесі мен жала­қы­ның артықшылықтарын, үлгілік оқу бағдарламаларын жаңарту жөнін­де бірқатар зерттеу жүргізуді тап­сыр­ған болатын. Сондықтан барлық білім беру ұйымы меншік нысанына қарамас­тан, мемлекеттік жалпыға міндетті стандартты сақтауға міндетті. Жа­ңа жобаларды енгізу кезінде дәлел­демелермен және алдын ала талқы­лаумен бекітілген ғылыми тәсіл ма­ңызды деп санаймыз. Білім және ғылым министрлігі үшін оқу­шылар мен студенттердің мүдде­ле­рі бірінші кезекте тұрады» делінген министрлік таратқан мәлімдемеде. Министр Асхат Аймағамбе­тов те жазғы демалыс­тың ұзақтығы төңірегіндегі мәсе­леге ғылыми тұрғыдан қарала­ты­нын жеткізді. Сол ғылыми негіз арқылы дема­лысты қысқартудың балаға тиім­ділігі не тиімсіздігі дә­лелденбек. Қазір бұл түйткілдің түйінін тар­қатумен психологтер, әдіскер­лерден тұратын топ айна­лысып жатыр екен. Ведомство бас­шысы қорытынды шешім шы­ғаруда дәл осы топтың зерттеулері ғана бас­шылыққа алынбайтынын да атап өтті. Бұл мәселенің соңғы нүктесін қойғанға дейін ол педа­гогикалық ұжымдарда жан-жақты талқы­ланатын болады. Демек, әзірге қазақстандық оқушылардың демалысының қыс­қаруына қатысты нақты пікір айту қиын. Сонда да бұл жағдайда ше­шім шығаруда ескеруге тұратын жайттар жеткілікті. Ұлттық ғылым академиясының академигі, таны­мал математик Асқар Жұмаділдаев бұл мәселеге реалистік көзқараспен қарап, балалардың тынығуына мүм­кіндік берілуі керек деген пікірде. – Шынымды айтсам, жазғы демалыстың уақытын қысқарту туралы бастама көтеріп жүрген­дер­ді түсінбедім. Егер баланы оқытуға уақыт жетпей жатса, оны 1 айға қосымша мектепке беру болады. Бірақ жазғы демалыста балалар мектепке тынығып келуі керек. Онсыз да соңғы 2 жылдың ішін­де бірде онлайн, бірде офлайн фор­матқа ауысып, оқушылар әб­ден шаршады. Сондықтан бала­ларға заңды демалысын беруіміз керек. Егер мәселе оқу жүктемесіне бай­­ла­нысты болса, қайтадан 6 күндік оқу форматына көшейік. Біз де өз заманымызда 3 ай демал­дық. Еш­нәр­сені ұмытып қалған жоқпыз ғой. Жекеменшік мектеп иелері бұл жүйені өз мектебінде оқушылар­мен, ата-аналармен, педагогика­лық ұжым­мен келісіп, енгізіп жат­са, қар­­сы­лық жоқ. Оны респуб­лика­да­ғы бар­лық мектепке енгі­зе­міз деу бе­кер­шілік, – дейді Асқар Жұмаділдаев. Математик білім саласында реформа жасауда батыс елдерін үлгі етіп, олардың тәжірибесіне иек берудің қажеті шамалы екенін айтады. Керісінше, мұнда ұлттық менталитет пен педагогиканың ерекшеліктері ескерілгені абзал. Расында, білім берудегі «әлем­дік тәжірибеге сай» деп басталатын көп реформаның салдарын пар­тадағы оқушылар алғашқылардың бірі болып сезінеді. Сол себептен де жазғы демалыстың мерзімін қысқартуды да ең әуелі оқу­шы­ның физикалық-психология­лық дамуы тұрғысынан қарау артық болмайды.

Каникул қысқарса, жүктеме азайсын!

Ардагер ұстаз Оспан Сүлей­менұлы да бұл мәселеде ең әуелі оқушылардың денсаулық жағ­дайын ескеруге назар аударды. – Мәселе жазғы демалысының уақыты қысқарған оқушыларға қандай «артықшылық» берілеті­ніне байланысты. Егер бұл іске жүк­темені азайту арқылы қол жет­кізу мәселесі көтерілсе, жазғы де­малысты қысқартуды құптаймын. Егер жүктеме азаймай әрі дема­лыстың уақыты қысқарса, оқу­шы­ның денсаулығына әсері зерделе­нуі керек. Бұл – бір күнде шешіле салатын шаруа емес. Мә­селенің себеп-салдарын түрлі жұ­мыс тобы түбегейлі зерттеп барып, шешім шығаруы қажет деп біле­мін, – дейді ардагер ұстаз. Бұл орайда ата-аналардың ай­тары бар. Олар да демалыстың уа­қытын қысқартуды оқушылар­дың жүктемесін азайту арқылы жүргізуді құптайды. – Өз басым жазғы демалыстың мерзімін 2 айға қысқартуға қарсы емеспін. Балалардың оқитын, миы­на білім қонатын шағында мек­тепте, ұстаздардың жанында бо­лып, көбірек оқып-тоқуы керек. Солай екен деп балалардың санасына артық салмақ салуға бол­майды. Демалыстың уақыты қыс­қарса, сабақтың да ұзақтығын шек­теп, жүктеменің азайтылғаны жөн. Бұдан бөлек, оқушыларға кә­сі­би бағдар жұмыстары көбірек жүргізіліп, ұлттық тәрбиеге көбірек көңіл бөлінгені дұрыс, – дейді Жам­был облыстық ата-аналар ке­ңесінің төрағасы Ринат Нұрақбаев. Оқушылардың жазғы демалысының ұзақтығы туралы айтқанда біздегі өңірлердің географиялық, климаттық ерекшелігін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Себебі елдің солтүстігінде қыста, ал оңтүстігінде жаз айларында үздіксіз білім беруде мәселе жеткілікті. «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар кеңесінің төрағасы Рақымбек Жолаев Қазақстан мектептерінде жазғы демалыстың ұзақ болуын елдің географиялық, климаттық ерекшелігімен байланыстырады. – Солтүстік өңірлерде аяз бен қарлы боран салдарынан балалар бір айға жуық мерзім сабаққа бара алмай қалады. Олардағы жайма шуақ күндер үш айға ғана созылады. Бұл мезгілде балалар таза ауаға жиі шығып, күннен Д дәруменін алу керек. Баланың физиологиялық тұрғыдан дамуында мәселе болса олардың оқу үлгерімі төмендейді. Ал оңтүстік өңірде жазда аптап ыстық болады. Осы кезде барлық білім ошақтарын салқындатқыш құрылғылармен жабдықтау мәселесі туындайды. Еліміздің батыс өңірлерінде де жаз мезгілінде ауа температурасы жоғарылап, ұдайы жел тұрады. Осы факторларды алға тартып мектеп оқушыларының жазғы демалысын екі айға қысқартуды дұрыс емес деп ойлаймын, – дейді Рақымбек Қуатбекұлы.

Кім қалай демалады?

Жалпы, әлем елдерінде оқушы­лар үшін демалыстың ұзақтығы әрқилы. Тіпті, бір елдегі екі өңірдің оқушыларының жазғы демалыс уақыты әртүрлі болып жатады. Мәселен, Германияның Берлин мен Бранденбург қаласының оқу­шылары демалысқа 20 маусымда шығып, 2 тамызда мектепке қайта оралады. Елдегі Баден-Вюртемберг мен Баварияның оқушылары үшін оқу жылы 29 шілде басталады. Ал аустралиялық оқушылар үшін жазғы демалыс жоқ. Олар ұзақмерзімді демалысқа желтоқсан айында шығып, ақпанның басына дейін емін-еркін тыныстайды. Мектеп табалдырығын атта­ған­­нан-ақ өзара бәсеке түсетін қы­тайлық оқушылар жазғы дема­лыста да өздерін еркін сезіне ал­майды. Шілде айының ортасынан басталып қыркүйекке дейін созы­латын «үзілісте» де аспанасты елі­нің бүлдіршіндері мен жасөс­пі­рімдері үй тапсырмасын орындау­мен әлек болады. Жапон балалары да демалыс­тың «дәмін» 40 күн ғана сезінеді. Есесіне шектен тыс жүктеме оқу­шылардың жүйкесіне салмақ сал­мауы үшін шілде айының ортасы­нан бастап оқу күндерінің санын азай­тады. Мәселен, жаздың ба­сын­да жапон оқушылары аптасына 6 күн мектепке баратын болса, жаздың ортасына қарай олар же­тісіне 3-4 күн ғана партаға отырады. Бұл аралықта оларға оқы­тылатын пәндер де азая бастайды. Посткеңестік елдердің барлы­ғында 25 мамырда соңғы қоңырау сыңғырымен оқушыларды жазғы демалысқа шығарып салып, 1 қыр­күйекте алғашқы қоңырау үнімен қайтадан мектебіне жинайды. Тек Қырғыз елінде ғана сабақ 8 мау­сым­да аяқталады. Ал жазғы дема­лыс 15 қыркүйекке дейін жалғасады. Біздің елімізде бас-аяғы 120 күнге созылатын оқушылардың де­малысын қысқарту мәселесі көп­тен бері көтеріліп келеді. Алай­да мұндай бастаманың көбі қо­ғамның наразылығына ұшырап, аяқсыз жататын. Бұл жолы BINOM мектептерінен басталатын жоба­ның қаншалықты өміршең бола­тынын уақыт көрсетеді. Дегенмен қорытынды шешім шығаруға жа­уаптылар аз демалып, көп оқы­ту­дың оқушылардың әлеуметтік-психологиялық, физиологиялық дамуына әсерін назардан тыс қалдырмаса болғаны.