Аймақтағы жұрт бір айдан бері ұйқысыз. Атқамінерлер «сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар?» деп жүргенде елді мекендерді түгел су алды. Жылдағы жағдай сол, көктем келісімен тұрғындар толарсақтан су кешеді. Елді әбігерге салатын тасқынға қандай тосқауыл бар?
Ауа райын болжаушылар жауапты мекемелерді төтенше жағдайға алдын ала дайын болуға шақырды. Сөйтіп, республиканың барлық аумағында тұрақсыз ауа райы сақталса, су басу қаупі сақталатынын барынша ескерткен. Бірақ қазіргі жағдайда тасқыннан зардап шекпеген өңір аз. Өткен жолы Түркістан облысының Жетісай мен Мақтаарал аудандарында толассыз жауған жаңбырдың кесірінен тұрғын үйлердің аулалары мен көшелерін су басты. Апта бойы нөсерлеп төккен жауыннан үй құлап, ондаған елді мекен судың астында қалды. Құтқарушылар тасқын судың мөлшерін шама шарқынша азайтқанымен, су сорғыштардың жеткіліксіздігінен асфальттан асқан су жеке үйдің ауласына кірді. Сондай-ақ қатты жауын-шашынның салдарынан Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының автомобиль жолдары судың астында қалды. Қырдан келген қызыл суды ауыздықтауға кейбір ауылдық округтер мүлдем дайын болмай шықты. Техника түгілі, қолдарында күрегі жоқ әкімдіктің орнына ауыл азаматтары өз техникаларын жұмылдырып, су тасқынына уақытша тосқауыл қойған. Бұдан бұрын тасқынға тас-түйін дайын деген Алматы қаласында да тұрғын үйдің жертөлелерін су басып жатыр.
Жедел штаб жұмыс жүргізуде
Алдыңғы аптадағы жағдайды айтпағанның өзінде соңғы күндерде еліміздің бірнеше облысында тасыған судан тұрғын үйлер опырылып, мал қырылып жатыр. Төрт аяқтыны былай қойғанда, тасыған суда адамдардың өзі суға батып жатыр. Кеше Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ернұр Етегенов 140 үй мен 2 әлеуметтік нысанды су басып, 168 бас ірі қара өлгенін растады. Аймақтағы алты ауданда жағдай шиеленісіп тұр. Қазір облыс орталығындағы Дерқұл, Шаған, Жайық өзендерінің жайылмасында орналасқан саяжай бірлестіктерін су басу қаупі басым. Күннің күрт жылынуы салдарынан Ақтөбе және Павлодар облыстарында да жағдай күрделене түсті. Мәселен, Ақтөбе облысындағы 8 автожол учаскесінде еріген қар суы тасыды. Салдарынан Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарындағы 1 республикалық маңызы бар автожол мен 15 жергілікті маңызы бар автожолдардың учаскесін су шайып кетті. Қазір аймақтардағы қалыптасқан су тасқыны жағдайына байланысты ТЖМ мен өңірлерде жедел штабтар жұмыс жүргізіп жатыр.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, алдағы тәуліктерде Ақмола, ШҚО, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, СҚО және Нұр-Сұлтан қалаларында да жаңбыр мен қар болуы мүмкін. Демек, алдағы апталарда да құтқарушылар кірпік ілмей қызметте болуы қажет. Сондай-ақ Түркістан, Жамбыл, Алматы облысының таулы аудандарындағы өзендерде су тасып, қар көшкіні жүреді. Бұл туралы алдыңғы аптаның соңында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы БАҚ өкілдеріне баяндама жасаған Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мен өңірлердегі бірқатар департамент басшысы айтты.
Су басу қаупі басым
Ведомство басшысы Юрий Ильин «су тасқыны ерекше бақылауда» екенін айтып, су тасқынына әсер ететін 60 су қоймасына мониторинг жүргізілгенін жеткізді. Оның сөзінше, орталық пен солтүстік облыстардағы су қоймаларының толу деңгейі 60-70%-дан асқан. Су басу қаупі басым 2 мыңға жуық елді мекеннің 197-і тасқынға дайын емес. Ал су тасуы мүмкін 1 010 елді мекеннің 285-інде қауіп-қатер әлі де сақталып тұрғанын айтып еді. Десек те, брифингте айтылған бұл сандар қазір сағат сайын өзгеріп жатыр.
Қауіп-қатердің алдын алу үшін жүргізілген жұмыстар туралы баяндаған министр: «Қарағанды облысындағы Шерубайнұра, Кеңгір, Ақмола облысындағы Есіл, Қалқұтан, Сілеті, Ақтөбе облысындағы Қарғалы өзендерінің бассейндерінде жинақталған ылғал қорының көлемі азайтылды», – дейді. Ал Ақмола облысындағы Жабай, Шағалалы, Батыс Қазақстан облысындағы Шыңғырлау өзендерінің бассейндерінде жинақталған ылғал қорының көлемі қалыпты.
Төтенше жағдай министрлігі тас-түйін дайын
Көктем келсе, құтқарушылардан бұрын үдере көшуге сақадай-сай отыратын атбасарлықтарды Ақмола облысының атқамінерлері мен құтқарушылары әдеттегідей су тасқынына дайындық жұмыстары жалғасып жатқанын және су бөгеттері тұрақты бақылауда екеніне сендіріп әлек. Тіпті, өңірдегі су тасқыны маусымына дайындыққа кеткен қаражат былтырға қарағанда 1,5 есе артқан. Ал Түркістан облысы Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасы да барлық қауіп-қатерге дайын екен. Ол үшін облыс аумағында 108 500 құм салынған қап, 1 296 тонна инертті және 65,8 тонна жанар-жағармай материалы дайын. Осы уақытқа дейін 300 каналда тазарту жұмыстары жүргізіліп, жергілікті атқарушы органдар мен Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан 2 065 жеке құрам, 400 техника, 6 қайық, 294 мотопомпа дайындыққа келтірілген. Алматы облысында да 43 елді мекенді су басуы мүмкін. Алайда аймақтағы су тасқынының алдын алу үшін 129 тонна ЖЖМ, 3 мың тоннаға жуық инертті материалдар және 61 мыңнан астам қап дайын тұр.
Бүгінде шығыстағы қар басқан аудан 85 пайызды құрайды. Қардың биіктігі 1 см-ден 133 см-ге дейін. Аймақтың құтқарушылары «Бұқтырма су қоймасының реттеуші сыйымдылығы – 20 млрд 722 млн текше метр, Шүлбі су қоймасында – 611 млн текше метр, бұл Бесқарағай ауданы мен Семей қаласы елді мекендерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» деп отыр. Облыс аудандарында барлығы 108 су тасқыны қаупі бар елді мекен анықталған. Дегенмен өңірдің құтқару күштері мен құралдары да кез келген қауіпке сақадай-сай тұр.
Төтенше жағдайға дайындық барынша жүргенімен, өткен жылдан сабақ алмаған жергілікті атқамінерлер маусымдық алдын алу іс-шараларын тағы да естен шығарған. Осылай деген министр уақытында шығарылмаған қар, тазарту көрмеген арықтар мен каналдар еріген қар мен жаңбыр суы тасуға себеп боларын айтты. Айтқанындай болды. Қазіргі жағдайға қарасақ, тұрғындардың қарапайым ғана қағиданы естен шығарып, жеке үйлеріндегі аумақта тазарту жұмыстарын жүргізбеуі жағдайды қиындатып отыр. Тағы да табиғаттың тосынсыйына дайын болмай шықтық. Себебі тілсіз жаудың айтып келмейтіні де ақиқат.
Енді қайтпек керек?
Көктемгі су тасқыны маусымында жұрттың есіне су бөгеттерінің жайы түседі. Өйткені судың тасуына дәл осы антропогендік фактор айрықша себеп. Депутаттар осы мәселе бойынша жақында ғана Үкіметке сауал жолдаған. Мәселен, елдегі гидротехникалық құрылыстарға күрделі жөндеу қажет. Оның үстіне, Ақтөбе облысындағы Ойыл өзенінде 56 түрлі бөгет салынған. Оның кейбіреуінде құжат жоқ. Ертеңгі күні қауіп болса құқықтық құжаты жоқ бөгеттердің иесін анықтау қиын. Ақтөбе облысының әкімдігіне тапсырылған заңсыз кедергілерді алып тастау шарасынан кейін де 56 бөгеттің 6-ы ғана алынған. Қолданыстағы 653 гидротехникалық құрылыстардың 268-і шұғыл жөндеуді қажет етсе, су шаруашылығы объектілерінің 60%-дан астамы апаттық жағдайда. «Қазсушар» РМК Эксплуатация және су пайдалану бөлімінің басшысы Ербол Салықбаев бұл айтқанды жоққа шығарады. Алайда жауапты мамандар жөндеу жұмыстары су қоймалары жарылған жағдайда ғана жасалатынын өздері мойындайды. Оның сөзінше, қауіптілігі болған жағдайда ғана су бөгеттеріне жөндеу жұмыстары жүргізіледі. «Су нысандарының көбісі салынғанына 40 жылдан асқан. Оның барлығына күрделі жөндеу өткізу мүмкін емес. Ағымдағы жөндеу жұмыстарын кезең-кезеңімен жасап жатырмыз», – дейді Ербол Салықбаев. Мәселен, биылғы көктемгі су тасу маусымына су бөгеттерін даярлауға 179 миллион теңге жұмсалған. Бөлінген қаражат 204 нысанның даярлығына ғана болмаса, күрделі жөндеуіне жетпейтіні онсыз да белгілі. Сол үшін су тасқынынан тұрғындар зардап шекпес үшін жергілікті атқарушы органдардың жұмысына жауапкершілік жүктеу керек.
Әр су қоймасында су тасқынын өткізу үшін кемінде 25 пайыз сыйымдылық болуы қамтамасыз етіледі. Дегенмен бөгеттерге су өзендер мен жыралардан ағып келеді. Тасу қаупі жоғарылайды. Соған қарамастан жергілікті атқарушы органдар су арнасының бойына жөн-жосықсыз үй салуға рұқсат береді екен. Сондықтан су бөгеттері мен құтқарушылардың дайындығы тасқынға 100 пайыз тас-түйін дайын болғанымен, табиғаттың тосын мінезі өз дегенін жасайды. Сол үшін жер учаскелерін пайдалануға рұқсат беру кезінде қажет болатын ереже қатаң ескерілуі қажет. Осындай ұсыныс бұған дейін де талай көтерілді. Өкінішке қарай, «егер өзендер мен көлдердің жанындағы қандай да бір аумақ табиғи факторларға байланысты су астында қалуға бейім болса, осы аумақта елді мекендер мен өндірістерді орналастыруға тыйым салу керек. Өзен жағасында құрылыс жүргізуге болмайды. Жер учаскелерін сатып алу-сату кезінде адамдар бұл тармақтарды білмеуі және ескермеуі мүмкін. Сондықтан тиісті заңмен бекітілген ереже қажет» деген депутаттардың жанайқайы жауаптыларға жеткенін жылда су тасығанда ғана түсіндіріп, қашанғы жүре бермекпіз?