Шығыс Қазақстанда 2017 жылы құрылысы басталған жол сағыздай созылып, толық салынар түрі жоқ. Облыс орталығы Өскемен мен ала жаздай турист арылмайтын Алтай, Катонқарағай аудандарын жалғайтын «Өскемен–Рахман қайнары» бағытындағы үлкен жолда Осин деп аталатын қауіпті асу бар. Ирелеңдеген жол мен шалт бұрылыстар жаз кезінде туристер үшін таңсық әрі қызық көрінгенімен, қыста бұл маңда көлік апаттары жиілейді. Қатерлі кезеңде осы уақытқа дейін қанша көлік төңкеріліп, қанша адамның ажал құшқанын нақты ешкім білмейді. Осыны ескере келе, көліктер Осин асуымен жүрмесі үшін тау ішімен, бұралаңы жоқ тура жол салу ұйғарылған болатын. «ҚазАвтоЖол» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалы мамандарының айтуынша, жоспар бойынша жолдың 56-72, 72-88 шақырымдарында құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 32 шақырым жол 27 шақырымға, яғни 4,3 шақырымға қысқаруға тиіс болған. 2017-2019 жылдары 12 шақырымды құрайтын жол бөлігінің 7,7 шақырымы, 15,6 шақырымды құрайтын екінші жол бөлігінің 9,9 шақырымы жаңғыртылған. Ши неден шықты дейсіздер, 2019 жылы жаңадан салынып жатқан жолдың 30 шақырымдай тұсы мемлекеттік орман шаруашылығының аумағына тиесілі екені мәлім болған соң жол құрылысы тоқтайды. Қағаз жұмыстары ұзаққа созылғандықтан, мердігер бас тартып, келісімшарт бұзылады. «Гәп мынада. Мемлекеттік орман шаруашылығына тиесілі жер «көлік жерлері» деп өзгертілуі керек. Бұл жұмыс 2016 жылы басталып, жерге орналастыру жобасы әзірленген. Құжат келісімнен өту үшін 2017 жылы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетіне берілген. 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында құжатты рәсімдеу мәселесі шешімін тауып, жерді мемлекеттік орман шаруашылығы аумағынан шығару жөніндегі мемлекеттік акті дайындалып, Алтай ауданының Әділет басқармасында тіркелген. Осы жылы «ҚазАвтоЖол» АҚ екі рет конкурс жариялады, әлеуетті жеткізуші болмағандықтан, конкурс өтпеді деп танылды. Мердігер ұйымдардың тендерге қатысудан бас тарту себебі жол-құрылыс материалдары бағасының жобамен сәйкес келмеуі. Жол-құрылыс материалдары мен жанар-жағармай бағасының қымбаттауына байланысты жобаның сметалық бөлігіне түзетулер енгізу керек болды. 2021 жылдың наурыз айында Қаржы министрлігіне жобаға түзетулер енгізуге байланысты өтінім жіберілді. Құрылыс жұмыстарына бөлінетін қаражат көлемі әзірге белгісіз. Жобалық-сметалық құжаттарға түзету енгізіліп, мемлекеттік сараптама алынған соң жарияланған конкурс негізінде мердігер анықталады. «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалы бізге осылай түсіндіріп отыр», – дейді облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшының міндетін атқарушы Нұрбек Тұраров. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов жақында халыққа есеп беру кездесуінің бірінде осы мәселеге орай түсініктеме берді. Аймақ басшысының айтуынша, жерге қатысты мәселе шешімін тапқан. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тендер өткізіп, мердігерді анықтауы тиіс. Осы тұста тағы бір жайтқа тоқтала кетелік, құжаттың жыры мұнымен де бітпеген екен. Kursiv.kz сайтының жазуынша, 2019 жылдың 26 маусымында мемлекеттік орман шаруашылығына тиесілі жердің «көлік жерлері» деп өзгертілгенін айғақтайтын Үкімет қаулысына қол қойылады. Қол қойылған соң құрылыс басына техникалар жеткізіле бастайды. Дәл осы кезде тағы да үш сотық жердің мемлекеттік орман шаруашылығына тиесілі екені белгілі болады. Содан техникалар кері қайтарылып, тағы да құжат жыры басталады. Жердің мәртебесін өзгерту үшін Алтай ауданының Бұқтырма ауылында қоғамдық тыңдау өтеді. Осылайша, тәп-тәуір басталған іс қайта кейінге шегеріледі. Қош делік, болар іс болды. Жол жағдайы енді қалай болады? Түзетулерді қажет ететін құжат Қаржы министрлігінен аман-есен әрі тез арада шыққан күннің өзінде жол бойында үлкен жұмыс күтіп тұр. Екі көпір мен 10 шақырымнан асатын жол салынуы тиіс. «Таулы аймақ болған соң ұзындығы 120 метрлік, биіктігі 35-40 метрлік көпір салуымыз керек. Жыл соңына дейін мердігерді анықтап, құрылыс келесі жылы жалғасады. Көпір құрылысының өзі жоба бойынша екі жылға созылады. Ал басқа учаскелерін аяқтаймыз» деген болатын былтыр «ҚазАвтоЖол» АҚ ШҚО филиалының директоры Ерлан Қалымов. Әуелде Осин асуындағы тура жолдың құрылысы 3 жылға жоспарланып, 2020 жылы іске қосылуға тиіс еді. Екі жолақты жолдың ені 8 метр, жол бойында 19 су өткізгіш құбыр, қар қалқандары, автобус аялдамалары болады делінген. Сол «боладының» болатын түрі көрінбейді әзірге. Міне, 2022 жылдың наурызы өтіп, сәуірі келді. Жолшылар айтқандай, тек көпір құрылысының өзі екі жылға созылса, мұндағы жұмыс 2024 жылы аяқтала ма, аяқталмай ма? Қаржы министрлігін бір жыл бойы кезіп жүрген құжат тез арада шыға ма, шықпай ма, сол кеткеннен мол кете ме? Бұл да белгісіз. Әгәрәки, талай жұртты тағатсыз күттіріп жүрген құжат министрліктен құнттай болып шықса, таулы жерге көпір салуға құлшыныс білдіретін мердігер оңайлықпен табыла қойса. 2020 жылғыдай конкурс жариялануын жарияланып, мердігер табылмай, әуреге салмаса. Сосын, алғашқыда бұл жол құрылысына республикалық бюджеттен 15 миллиард теңге жұмсалады делінген. Бұл қаржының қаншасы жұмсалды, қаншасы жұмсалмады? Ол да белгісіз...
Шығыс Қазақстан облысы