Бұл туралы медициналық куәландырудан кейін зардап шеккен отбасының адвокаты айтты. Оқиға орнынан түсірілген бейнежазбада автобус жүргізушісі қызды бар жылдамдықпен жаяу жүргіншілер өткелінде қағып өткен. Сот-медициналық сараптамасының қорытындысына сәйкес қыз бала өте ауыр жарақат алған.
Дәрігерлердің күш-жігерінің арқасында қыз аман қалды. Бірақ баланың беті қатты зақымданғандықтан, оған пластикалық ота жасалды.
Оқиға 2021 жылдың 25 қарашасында болған. Содан бері жүргізуші де, тасымалдаушы кәсіпорын да кішкентайға көмек көрсетпеген. Тіпті, кешірім сұрамаған. Бұл кәсіпорын әлі де Екібастұзда жолаушылар тасымалымен айналысып жатыр.
– Қызым ауыр жарақат алды, салдарынан бас сүйегіне операция жасалды. Әлі біраз операция қажет, мәселен, сол жақ самай аймағына пластиналарды орнату керек. Осы уақытқа дейін бізден ешкім кешірім сұрамады. Көлік компаниясының басшылығына емделуге, оңалтуға және операцияға кеткен шығынды өтеуін қалап едім. Бірақ ол үшін кінәліге хабарласу керек екен. Содан өтінішім қараусыз қалды, – деді жәбірленушінің әкесі Руслан Байжанов.
Қыздың әкесі стресс салдарынан сырқаттанып қалды. Бүгінде ол баласының емін төлей алмай отыр. Руслан Байжановтың сенімді өкілі Тереза Абрамова «Автомобиль көлігі туралы» ҚР Заңының 22-бабының 2-тармағына сәйкес «жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушы: рейс алдында және рейстен кейін медициналық тексеру жүргізуді қамтамасыз етуге міндетті екенін атап өтті.
– Жергілікті атқарушы орган тасымалдауды ұйымдастырушы ретінде мекемеге ешқандай шара қолданбаған. Егер компания өз автобустарының жүргізушілері үшін жауапты болмаса, олардың рейске аттанар алдында жағдайын бақыламаса, жолаушылардың және басқалардың қауіпсіздігінің қандай екендігі туралы айтуға болады, – деді Тереза Абрамова.
Қазір бұл істі Екібастұз қалалық соты қарап жатыр.