Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен құрылыс басқармасының экс-басшысы Тимур Басаровтың ісі бойынша сот тергеуі аяқталды. Оларға аса ірі мөлшерде пара алуға әрекеттенді деген айып тағылған еді. Бұл туралы "Ақ жайық" газетінде жарияланды.
Прокурор Нұржан Жангереевтің пікірінше, 2020 жылы жазда және күзде пандемия өршіп тұрған кезде Нұрлан Таубаев өзінің қызмет бабының арқасында жеке басын байытумен айналысқан. Ол айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденді деп есептейді.
"Олардың жеке басы мен қылмыс жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқын ескере отырып, оларға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау жөнінде қорытындыға келіп отырмын. Өйткені сотталушыларды қоғамнан оқшауламай түзеу мүмкін емес", - деді прокурор.
Мемлекеттік айыптаушы соттан Таубаевқа 11 жылға, Басаровқа 8 жыл 5 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, сондай-ақ екеуін де өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыруды сұраған.
Айта кетейік, Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен құрылыс басқармасының экс-басшысы Тимур Басаров 2020 жылдың қыркүйек айында ұсталды. Олар бір топ адаммен алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі көлемде 185 млн теңге сомасында пара алуға әрекет жасады деген күдікке ілінген болатын.