Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев пен Энергетика министрі Болат Ақшолақовты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Ербол Қарашөкеев Президент тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады. Атап айтқанда, фермерлердің көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге дайындығы туралы хабардар етті. Ведомство шаруалардың жанар-жағармай, тыңайтқыш, тұқым қорларымен қамтамасыз етілгендерін және техникалардың дайындығын қайта тексерді. Президент осы бағыттағы қаржыландыру көлемін 2 есе ұлғайту туралы шешім қабылдады.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отандық тауарларды жаңа нарықтарға шығару, аграрлық ғылымды дамыту, көктемгі егісті сапалы жүргізу жөнінде бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ жерді тиімді пайдалану үдерісіне және пайдаланылмайтын жерлерді қайтаруға бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті.
Ал Болат Ақшолақов Мемлекет басшысына еліміздің отын-энергетика кешенін дамытудың негізгі көрсеткіштері, сондай-ақ Каспий құбыр консорциумында (КҚК) қалыптасқан жағдайға байланысты қабылданған шаралар жөнінде есеп берілді.
Энергетика министрі Президентке газ саласын дамытудың кешенді жоспарының пысықталу барысы туралы баяндады. Аталған жоспар халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтары үшін бағаны ұстап тұруды ескере отырып, сұйытылған газға баға белгілеу ісін жетілдіруді, ресурстар базасын ұлғайтуды, өңірлерді одан әрі газбен қамтамасыз етуді, Қазақстанның газ тасымалдау жүйесін жаңғыртуды және кеңейтуді көздейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Энергетика министріне еліміздегі жылу энергетикалық нысандарда апаттардың жиілеп кетуіне, атап айтқанда Петропавлдағы екінші ЖЭО-дағы жағдайға қатысты мәселемен айналысуды тапсырды.