Соңғы жылдары қоғамда жеке сот орындаушыларына қатысты даулы мәселелер көбейді. Осы күні олардың үстінен мыңдаған шағым мен талап-арыз түскен. Өйткені елімізде өз өкілетін асыра пайдаланатын сот орындаушылары көп екен. Дегенмен таяқтың екі ұшы болатыны тәрізді, борышкерлердің де жыры бітер емес. Алимент төлеуден жалтарып, түрлі қитұрқылыққа барғандар да жетерлік. Сайып келгенде, ағартушылық іс жүргізуге қатысты заңдарды түзетіп, жетілдірер тұстары көп екенін ұғамыз. Мәжіліс депутаттары мәселені шешуге септесетін тетіктерді қарастырып, оң өзгерістерге мүдделі. Ал ол қалай жүзеге аспақ? Осы тұста біз саладағы олқылықтарды шешу жолдары жайлы сауалдарымызды Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Балайым Кесебаеваға қойып, сұхбаттасқан едік.– Қазір сот орындаушылардың әрекетіне байланысты шағым көп. Мәселен, жалпы соттарға түскен талап-арыздың 33 пайызы жеке сот орындаушыларға қатысты. Былтыр міндетін жөнді атқармаған 19 сот орындаушысы лицензиясынан айырылған екен. Қоғамда олардың асып-тасып, қызметін асыра пайдаланатыны жайлы әңгіме көп. Оны ресми деректер де дәлелдеп отырғандай. Сонда сот орындаушыларының заңсыздыққа баруына не себеп әлде кәсіби біліктілігі төмен бе?
– 2011 жылғы заңнама талаптарына сәйкес, атқару құжаттарын орындау бойынша функциялардың басым бөлігі жеке сот орындаушыларына берілген. Ол кезде жеке сот орындаушыларының саны өте аз болды. Кейбір аудандарда мүлде болған жоқ. Мемлекеттік сот орындаушыларының санын азайту міндеті тұрды. Сондықтан жеке сот орындаушысы қызметін атқаруға үміткер тұлғаларға, ал 2015-2017 жылдардан бастап сот орындаушыларға талап жеңілдетілді. Құқық қорғау органдарында, полицияда жұмыс істеген азаматтарға еш тәжірибеден өтпей-ақ сот орындаушысы болуға мүмкіндік берілді. Жеке тәжірибемнен байқағаным, солай көп адам автоматты түрде оңай өтіп кетті, бірақ шағым олардың кәсіби біліктілігінің төмен болғанынан емес, өз өкілетін асыра пайдаланғаннан көбейіп отыр.
Дегенмен 2020 жылы Парламент депутаттарының бастамасымен қабылданған «Атқарушылық іс туралы» заңға көп өзгерістер енгізілді, оның ішінде жеке сот орындаушыларына үміткерлерге талапты күшейту бойынша нормалар қарастырылды. Соның негізінде сот орындаушылары шоттарының бұғаттауға байланысты адамдар алимент, жалақы, басқа да қаржыларын ала алмайтын жағдайлар болды. Осы заң шеңберінде аталған шиеленіс шешілді, сонымен қатар жеке сот орындаушыларының жауапкершілігін күшейту, олардың қызметін бақылауды жетілдіріп, өкілетін асыра пайдаланбауға, осы қызметке жастарды тартуға қатысты мәселелерді реттедік. Сот орындаушылары жай кәсіпкер емес, мемлекеттік функцияны атқарушы тұлға, мәжбүрлеу шараларын қолдануға да өкілеттігі бар. Сондықтан оларға жауапкершілікті күшейту қажет болды.
2020 жылдан бастап осы заң аясында жеке сот орындаушыларына қойылатын біліктілік талаптары едәуір артты. Тек 5 жылдық өтілі бар, бұрынғы прокурорлар мен тергеушілерді қалдырып, автоматты түрде лицензия ала алатын адамдардың тізімі қысқарды. Жеке сот орындаушыларының жауапкершілігі күшейді, лицензияны тоқтата тұру және айыру негіздері қайта қаралып, кеңейтілді, тәртіптік жауапкершілік жүйесі реформаланды. Тағылымдамадан өту шарттары да күшейтілді. 2020 жылға дейін тағылымдаманы өңірлер ғана бақылап отырған, мерзімі ресми түрде 3 ай болды. Қазір тағылымдама оқу орталығы тарапынан орталықтандырылып, бақыланады. Мерзімі 6 айдан 1 жылға дейін барады. 2021 жылы 19 қарашада жеке сот орындаушыларының жаңа кәсіби Ар-намыс кодексі қабылданды. Бұл да жағдайды реттеуге септігін тигізеді.
– Жеке сот орындаушылары мемлекеттік функцияны атқаратынын айтып қалдыңыз, әйтсе де олар елімізде жеке кәсіпкерлік субъекті ретінде есепте тұратын секілді. Бұл заңды ма? Көптеген елде сот орындаушыларының дәрежесін мемлекеттік қызметпен теңестіреді.
– Иә, олар кәсіби қызмет атқаратын жеке субъекті болып саналады, бірақ мемлекеттік функцияны жүзеге асыратын тұлға. Осыған мамандандырылған. Олардың түпкі мақсаты ақша табу емес, қызмет көрсету. Заң бойынша жеке сот орындаушылары ісін адал орындауға міндеттелген. Олардың әр іс-әрекетінің заңдылығын жеке сот орындаушылардың өңірлік палаталары қарастырады. Яғни, жеке сот орындаушысының үстінен шағым түссе, сотқа жетпей тұрып палата деңгейінде қаралуға тиіс. Өңірлік палаталарға сот орындаушысының заңсыз қаулыларын жою бойынша да өкілеттік беру ұсынылмақ. Оларға шағым түсіру жеңілдейді, барлығы азаматтардың бақылауында болмақ.
– Борышкерлер өте көп, біреуі табысын жасырады, жалтарады, кейбірінің міндетін орындауға шынымен жағдайы жетпейді. Сосын оларды мәжбүрлеуге көшеді. Бірақ мәжбүрлеу мәселені одан әрі ушықтырып тұрған жоқ па? Былтыр Алматыда баспанасын тартып алуға келген сот орындаушысы мен полицейлерді борышкер мерт қылғанын білеміз. Кейде борышкердің басқа мүлкі болмаса да баспанасы тартып алынады. Өз-өзіне қол жұмсайтындар да кездесті. Мемлекет оларға жеңілдік қарастырмай ма?
– Сот орындау қызметі онсыз да мәжбүрлеп орындауды іске асырады. Борышкер міндетін өз еркімен орындағысы келмейді, сосын құзырлы тұлғалар осы мәжбүрлеп орындау шараларына көшеді. Мәжбүрлеп үйінен шығаруға келетін болсақ, өткенде Мәжілісте атқару өндірісі бойынша үкіметтік сағат өткізді. Депутаттар осы жолы борышкердің жалғыз баспанасы болса, оны шығармауды, қажет болса мемлекеттен уақытша тұрғын үй беру мәселесін де талқылады. Әзірге сөз болып жатқан дүние, мұндай ұсыныс қабылдана ма, нақты айта алмаймын. Тағы бір ұсыныс – жылу беру маусымында үйден шығармау. Яғни, күн суық кезде далада қалдырмау жайы. Алайда баспанасынан «шығару керек» деп есептейтін депутаттар да бар. Өйткені борышкер әуелде өзге адамның құқығын бұзған, біз оны ескермей, борышкерге жеңілдік бере алмаймыз ғой. Онда әлгі адамның құқығын одан сайын таптаған боламыз. Баспанадан шығару процедурасы заңнамада кезең-кезеңімен көрсетілген. Қатысушыларды қорғау және сот орындаушылары мен айналасындағы азаматтарға агрессия әрекеттерін қолдану фактілерінің алдын алу үшін полиция, медициналық қызмет, ТЖМ мен қамқоршылық органдары да тартылады. Тәжірибеден аңғарғаным, борышкерлерді үйінен шығару резонанс тудыратын өте қиын процесс. Шығарылған адамның да отбасы мен балалары бар. Өткен жылы Алматыда борышкерді көшіру кезінде жанжал шығып, кесірінен бес адам қаза тапты. Бірақ мұндай мәселелерге байыпты қарау керек, борышкерге неғұрлым жеңілдік берсек, соғұрлым өндіріп алушының мүддесі, құқығы бұзылады. Бұл норманы депутаттар әлі де талқылап, тиісті шешім қабылдайды. Барлық тараптың құқығы сақталғаны абзал.
– Енді борышкерлерден алынған мүлікті бағалауға келсек. Осыған қатысты да шағымдар жетерлік. Көпшілік мүліктің өз құнына бағаланбай, әдейі төмендетіліп қоятынын айтып жүр. Мұны заң арқылы қалай реттедіңіздер?
– Депутаттар былтыр желтоқсанда банктердің кепілдік саясатын, бағалау қызметін реттеу мәселелері бойынша заңға түзету енгізді. Осы заңмен сот орындаушысы борышкерге 3 ай ішінде өз бетінше сатуға мүмкіндік береді. Жылжымайтын мүлікті жарты бағасымен сатуды алып тастадық, құнның төменгі шегін 50 пайыздан 75 пайызға ұлғайттық. Оның үстіне, банк атынан кепіл ұстаушылар мен үлестес тұлғалар бұдан былай сауда-саттыққа қатыса алмайды. Бұл – бір. Екіншіден, халық сауда-саттық туралы хабардар болу керек. Сол үшін «Крыша», «Колеса» интернет-платформаларымен интегралдадық, оларға енді баннер орналастырылды, кез келген адам соны басып, бәрін қарай алады. Бұрын бөлек сауда алаңдары болатын, ел-жұрт ол жайлы білмейді, сұраныс болмаған соң арзан бағамен танысы барлар ала беретін. Сот орындаушыларының көмекшісі, туыстары алып алған оқиғалар жиі болған. Қазір заңсыздықтың жолы кесілді.
– Кейде ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіден сот орындаушылары өткізетін заңсыз сауда-саттық жайлы оқып қаламыз. Шынымен, сот орындаушылары заңсыз сауда ұйымдастырып жүр ме?
– Барлық сауда-саттық заңда белгіленген тәртіппен өткізіледі. Қалай болғанда да атқарушылық іс жүргізуде кімдікі дұрыс немесе бұрыс екенін сот анықтайды. Жоғарыда айтқандай, бізге «сауда-саттықта борышкердің мүлкі нарықтық бағамен емес, төмен бағамен сатылады» деген шағымдар жиі түседі. Нәтижесінде, құнынан төмен сатылған мүлік борышкердің қарызын толық өтемейді. Үйінен айырылып, қарызын да толық өтей алмай, екі ортада далада қалғандай болады. Тағы да айтам, осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке банктердің кепілдік саясатын жетілдіруді, бағалау қызметін және жеке сот орындаушыларының жұмысын реттеуді тапсырғаны бекер емес. Осы күні сауда-саттыққа қатыса алмайтын тұлғалардың тізбесін жасадық. Бұл да сот орындаушыларының мүлікке қатысты заңсыз әрекетке бармауын алдын ала қамтамасыз етеді.
– Сіз мүлікті бағалау құнының 75 пайыздан төмен болмайтынын айттыңыз. Бірақ бұл тек жылжымайтын мүлікке қатысты. Ал басқа мүліктерге мұндай бағалау стандарты қойылмай ма?
– Шынында да, бұл норма тек жылжымайтын мүлікке қатысты қолданылады. Қазір Мәжілістегі жұмыс топтарында депутаттар заңға тек жылжымайтын мүлікті емес, кез келген өтімді мүлікті қосуды талқылап жатыр. Автокөлік, теледидар, алтын бұйымдар, зергерлік бұйымдардың сауда-саттықтағы құны 75 пайыздан кем болмауы қажетін айтты. Мәселені заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының мүшелері шешуге тырысатын болады. Егер мәселе шешілсе, борышкерлерге бұл да бір үлкен жеңілдік болмақ.
– Борышкерлерге тоқталғанда алимент мәселесін айтпай кету мүмкін емес. Әр жыл сайын алимент бойынша 16 мың проблемалық іс шығады екен. Талайдан бері қозғалды, шешілетін түрі жоқ. Бұған сот орындаушыларының іске құлықсыздығы әсер етіп отыр ма, әлде барлық айып борышкерлер тарапынан ба?
– Елімізде алимент өндіру мәселесі өткір болып тұрғаны рас. Жылдан-жылға борышкерлер саны өсіп жатыр. 2020 жылы алимент бойынша берешегі барлар 16 102 адам еді, 2021 жылы тағы өсіп, 16 682-ге жетті. Ең қиыны, алименттер бойынша берешектің құны өзгермей тұрмайды, жинақтала береді, қарыздар одан әрі өседі. Менен көбі «адамдар алиментті неге төлемейді, себебі қандай?» деп сұрайды. Өз тәжірибемнен аңғарғаным, берешекті өндіріп алуға кедергі көп. Біреулерінің расымен әлеуметтік жағдайы төмен, тұрақты табысы жоқ, өндіріп алуға болатын мүлкі де болмайды. Онда жағдайды түсінер едік, мүлкі болмаса мәжбүрлей алмайсыз. Көбі екі ортадағы баланың тағдырын ойламайды, алимент басқа емес, бала үшін. Енді біреулер бар, жағдайы жақсы, тіпті жеке кәсібі бар болады. Бірақ мүлкін басқаның атына жаздырып, «менің қолымда түк жоқ» деп құтылады. Бірақ бұрынғы жұбайы келіп, әлеуметтік желіге шетелде демалып жүргенін салған суреттерін көрсетіп, шағым айтқан кездер де болған. Яғни, небір айла етушілер бар. Сосын ажырасқан жұбайлардың арасында бір өшпенділік бар. Бір-біріне қырсығып, бәрін керісінше істеп жатады. Сондықтан моральдық себептерді де қарастырған жөн.
Алимент өндіру мәселесін шешу мақсатында Әділет министрлігі облыстардың әкімдіктерімен меморандумдар жасады. Құжатты жүзеге асыру жоспары бар. Жұмысқа орналастыру бойынша да іс-шаралар қарастырылған. 2021 жылдың қорытындысы бойынша, 2 224 борышкер жұмысқа орналастырылған. Алимент үшін жеке сот орындаушылар да жауапкершілік алып жатыр. 1 айдың ішінде борышкерге шара қабылдамағаны үшін лицензиясынан айырылуы мүмкін. Ал борышкердің жауапкершілігін күшейту мақсатында Мәжіліс депутаттарының ұсынысы бойынша 2020 жылы желтоқсанда Жоғарғы Соттың «Сот актілерін орындамағаны үшін жауапкершілік туралы» нормативтік қаулысына өзгерістер енгізілді. Сотқа борышкер актіні орындамайтын «себептерді» қарауға мүмкіндік беретін ереже алынып тасталды.
Атқарушылық іс жүргізуде алименттерді өндіріп алудың тиімділігіне әсер ететін проблемалар бар. Ішкі істер органдарының борышкерлерді іздестіру, автокөлігін іздестіру мәселелері түйткілді күйде. 3 мыңға жуық борышкер мен 1 мыңнан астам көлік іздеуде тұр. Борышкерлерді жауапкершілікке тарту да проблема. Жеке сот орындаушыларында әкімшілік хаттамалар жасауға тиісті өкілеттік жоқ. Жалтарып жүрген борышкерлерді мәжбүрлеп алып келу сот орындаушысының өзіне жүктелген. Мұнымен ішкі істер органдары айналысуы тиіс. Осы мәселелердің барлығы Үкімет сағатында талқыланған. Шешу үшін ұсыныстарды жеткіздік.
– Борышкерді іздестіріп, оны сотқа, сот орындаушысына мәжбүрлеп алып келу шешімін орындау ішкі істер органдарының құзыретіне жатады. Бірақ көбіне дұрыс орындалмайды, жылдар бойы іздеуде жүргендер бар. Миллиондаған қарызын төлемей, ақшаның жоқтығын айтып, шетелдік курортта демалып жүрген фактілерді өзіңіз айтып отырсыз. Неге полиция борышкерлерді іздестіру бойынша шұғыл әрекет етпейді? Тапсырманы орындауға қандай кедергілер бар?
– Алимент бойынша қазір 3 мыңға жуық борышкер іздестіріліп жатыр. Бұл сұрақтарды біз де Ішкі істер министрлігінің өкілдеріне өткен Үкімет сағатында қойдық. Шынын айтайық, жауаптарына көңіліміз толмады. Борышкерді тапқаннан кейін ішкі істер органдарының қызметкерлері түсініктемені алып, оны босатады. Бұл жағдайда борышкерлер жалған мекенжайды айтып, сот орындаушысына келу туралы міндетін орындамайды. Ішкі істер органдары борышкерді іздегенін айтады, бірақ іс жүзінде борышкер жасырынып жүре береді. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің жүктемесі туралы мәселелер де бар. Себебі полицейлердің алименттен де басқа айналысатын мәселелері жетерлік. Жұмыс күші жетпеуі мүмкін. Үкімет сағатында Ішкі істер, Әділет министрлігіне, Бас прокуратураға борышкерлерді іздестіру, автокөлігін алып қою жөніндегі іс-шараларды арттыру бойынша айттық.
– Алимент төлемегені үшін Қылмыстық кодекстің 139-бабында қылмыстық жауапкершілік көзделген. Сот орындаушылары мыңнан астам материал жібереді, бірақ іс жүзінде ешкім жауапкершілікке тартылмайтын сияқты. Кеңес заманында алимент төлемегендер бірден қылмыстық жауапкершілікке тартылатын. Мыңдаған алимент төлемеген адамның арасында неге бірнеше адам ғана жауапқа тартылады? Бәлкім, мәселенің шешілмей отырғаны заңның осалдығынан шығар.
– Былтыр жеке сот орындаушыларының ұсынысы бойынша полиция органдарымен ҚК-нің 139-бабы бойынша 1 637 құқықбұзушылық тіркелген. Алимент бойынша 316 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 157 борышкерге қатысты іс ақталмайтын негіздер бойынша қысқартылыпты. Әйтеуір, 159 борышкер сотталды. Рас, статистика проблемалар бар екенін көрсетіп тұр. Ең алдымен, бірден соттай салуға болар еді, бірақ жалтарғанын дәлелдеу қажет. Бұл мәселе Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысына түзетулер енгізу арқылы шешілуі тиіс. Жеке сот орындаушылары полицияға жіберген материалдардың толықтығы туралы да мәселе бар. Әділет және Ішкі істер министрлігіне борышкерді қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін материалдар жинау мәселелерін қамтитын ұсынымдар әзірлеуі керек деп санаймын. Тағы бір дәйек – жалтарып жүрген борышкерді қылмыстық жауапкершілікке тартар кезде арыз берген тарап, яғни бұрынғы жұбайы райынан қайта қалады. Неге? Өйткені жанындағы баласының әкесі немесе анасы, келешекте балама зияны тимесін деген оймен көпшілігі мәселені жайына қалдырады. Осындай жақтарын да зерделеген жөн.
– Әңгімеңізге рақмет!