Ауыл тұрғындары арықтың суын ішіп отыр
Ауыл тұрғындары арықтың суын ішіп отыр
641
оқылды
Алматы облысы Қарасай ауданы Райымбек ауылдық округіне қарасты Қырғауылды ауылында 160-тан астам отбасы сапасыз су мәселесін айтып келе жатқандарына бірнеше жылдың жүзі болған. Осы уақыт аралығында жауапты мекемелердің есігін бірнеше мәрте қаққанымен мәселенің шешіле­тін түрі көрінбейді. Ашынған тұрғындар амалсыз БАҚ өкілдерінен көмек сұрауға мәжбүр болғандарын айтады.

Лас суын беріп, алдап келді

Бұл ауылда бұрын  ауызсумен қамтамасыз ететін ескі ұнғыма болған. Оған  «ЖК Темирбаев» деген кәсіпкер иелік етеді. Осы мекеме жаңадан салынған тұрғын үйлерді  ұңғымаға қосу үшін әрқайсынан көлемді қаражат  алған.  Алайда бұл ұңғыма суы әлдеқашан құрғап қалған болып шықты. Мұны тұрғындар кейін білген. «Біз осы ауылдағы жер телімдері сатыла бастағанда алғашқылардың бірі  болып  жер алып, үй салып көшіп келдік. Сол жылы тұрғын үй салуға арналған  190 жер телімі сатылды. Қазір соның жүз алпысынан астамына  үй салынып, адамдар тұрып жатыр. Біз осы ауылды ауызсумен қамтамасыз етуге міндетті деп  «ЖК Темирбаев» деген мекемемен келісім шартқа отырғанбыз.    Алғаш­қы 2017  жылы әрбір үй ауызсуға қосылу үшін  үш жүз елу мың теңгеден ақы төледік. Кейіннен 2018 жылы қостырғандар  төрт жүз елу мыңнан төледі. Бірақ үйімізге өте сапасыз лай су тартылды. Артынан білгеніміздей, аталған ұңғыма әлдеқашан  құрғап қалған екен. Олар ауылға су жеткізетін негізгі құбырды  жанында ағып жатқан таудан келетін өзеннің жалғасы арықтың суына қоса салған. Оны біз тек 2020 жылы ғана білдік. Содан бері ауызсудың жырын айтып, ашпаған есік, аттамаған табалдырық қалмады. Бірақ өзгерген ештеңе жоқ», – дейді ауыл белсендісі, «Қырғауылды шамы» тұтынушылар кооперативі төрағасының орынбасары  Галина Лавренцова.  Ең сорақысы, жоғарыда айтылған қосылу ақысынан бөлек  2020 жылға дейін осы сапасыз лайлы су үшін ай сайын  әр текшеметріне 350 теңгеден ақы төлеп келген. Алданған ауыл тұрғындары жиналып жеке кәсіпкердің үстінен сотқа да шағым­данбақ болған.  Алайда араға түскен кейбір жауапты мекемелердің  «әне-міне» деген  түрлі  жалған уәде­лері­не сеніп, осы күнге дейін құ­қықтық органдарға арыз-шағым түсіре қоймаған.

Ауыл тұрғындары арасында ауру пайда болған

Осы лас судың кесірінен тұрғындар арасында түрлі дертке шалдығушылар көбейген. Ауылдықтар белең алған аурудың бірден-бір себебі осы сапасыз судан екенін дәлелдейтін сараптама нәтижелері де қол­дарында екенін айтты. «Ең сорақысы, судың лайсаң болуынан бөлек, ішінен құрт шығып жатыр. Қазір ауылда екінің бірінен тері аурулары кездеседі.  Әсіресе, мұндай ауру түрлері  балаларда көп. Сонымен қатар түрлі аллергиялық дертке шалдыққандар да көп. Дәрігерлер аталған аурулардың бірден-бір себебі ішіп отырған ауызсудың таза болмауынан болатынын айтып отыр. Судың сапасын анықтамақ болып аудандық Санитарлық-эпидемиологиялық бөлімге сараптамаға жібердік. Олардың да аталған суды ішуге болмайтыны туралы сараптама нәтижесі қолымызда тұр. Енді қалай істерімізді білмей отырмыз», –дейді ауылдың тағы бір тұрғыны Михат Салимов.

Әкімдер  кездесуге келмейді

Тұрғындардың айтуынша, мәселені көздерімен көрсін деп ауыл, аудан әкімдерін бірнеше мәрте шақырған. Бірақ мұң-мұқтажын тыңдауға олар құлық танытпаған.  Амалсыз тұрғындар өздері жиналып жиналыс өткізіп, сол жиналыстың негізінде хат дайындап аудандық әкімдікке бірнеше мәрте жолдаған. Осындай жиналыстардың біріне қатысқан сумен қамтамсыз етуге міндетті «ЖК Темірбаевтың» бір өкілі, «Ұнамаса бұл суды да өшіріп тастаймын» деп қоқан-лоқы көрсеткен көрінеді. Ал Қарасай  аудандық  әкімдігі тарапынан, «Арыз-шағымдарыңыз қарауға алынды . Сәл шыдаңыздар,  барлығын шешеміз», – деген жазбаша жауап келумен шектелген.

Мердігер  су іздеп  әр жерді бұрғылап жүр

«Сасқан үйрек артымен жүзеді» демекші,  «ЖК Темірбаев»  қазір ауылдың әр жерін бір қазып су іздеп әлек болып жатқан көрінеді. «Соңғы бір жылда «ЖК Темірбаев» арнайы техникалар әкеліп ауылдың бірнеше жерінен су шығармақ болып бұрғылау жұмыстарын жүргізуде. Алайда ешқайсысынан тіршілік көзі шыға қойған жоқ. Сонымен қатар бұлардың бұрғылау жұмыстарын жүргізуге заңдық құқықтары жоқ. ЖК-ның жарғысында ондай қызмет түрі көрсетілмеген. Екіншіден бұрғылап жатқан жерлерінде су бар екенін дәлелдейтіндей  қандай да бір арнайы  ғылыми мекеменің құжаты да жоқ. Құр далбасалап әр жерді бір қазуда. Ондағы ойлары «Міне, сендердегі су мәселесін шешуге әрекет жасап жатырмыз», деп тұрғындарды кезекті рет алдаусырату», – дейді жоғарыда пікір білдірген ауыл  тұрғыны Михат Салимов.

Аудандық әкімдік «хабарымыз жоқ» дейді

Тұрғындардың мұң-зарын тыңдап алған соң осы мәселеге қатысты Алматы облысы Қарасай аудандық әкімдігіне хабарластық. Жауапты атқамінерлер Қырғауылды тұрғындарының жанайқайынан мүлдем хабары жоқ екенін айтты. «Бұл елді мекен бұрын саяжай, кейіннен тұрғын үй салуға рұқсат берілген жер телімдеріне қоныстанған ауыл болып есептеледі. Тұрғындар өздері тұтынушылар кооперативін құрған. Сол бойынша қызмет көрсетушіні де өздері таңдайды. Біздің білуімізше, бұл ауыл тұрғындары тіршілік нәрін осы күнге дейін тау бөктеріндегі арнайы ауызсумен қамтамасыз ететін стансадан алып отыр. Сіз сұрап отырған ауызсудың ластығы немесе санитарлық талаптарған сай келмеуі туралы бізге осы күнге дейін ешқандай арыз-шағым түскен жоқ. Сол себепті дәл қазір ешқандай мәлімет бере аламаймыз», – деп жауап берді Қарасай аудандық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы мен автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Нұрбол Жүнісбеков.   Ал тікелей жауапты Райымбек ауылдық округінің әкімінің жауабы мүлдем басқаша болды. Бірақ ауыл әкімі  кооператив тұрғындарына ауызсу арықтан беріліп отырғанын жоққа шығармады. Оның айтуынша, бұл амалдың жоқтығынан уақытша қолға алынып отырған шара көрінеді. «Қырғауылды шамы» тұтыну­шылар кооперативінде ауызсу мәселесіне қатысты қиындық бар екені рас. Кооперативпен  тікелей келісімшарт негізінде жұмыс істеп келген «ЖК Темірбаев» соңғы уақытта ұңғымадағы су деңгейінің төмендеуіне байланысты тұрғындарға су жеткізіп бере алмай қалды. Амалсыздан негізгі  құбырды таудан келетін өзенге қосып берген. Мендегі мәлі­мет бойынша бұл мәселе ауыл тұр­ғын­дарымен келісім арқылы жүзеге асқан. Қазір жауапты кәсіпкер басқа жерден жаңа ұңғыма қазу­да. Ол жақын арада бітуі тиіс. Сол кезде бұл мәселе түбегейлі шешілетін болады», – дейді Райымбек ауылдық округінің әкімі Елжан Төленбаев.

Жаңа ұңғыма қашан бітетіні белгісіз 

Жаңа  ұңғыма  жақын арада бітуі тиіс деген ауыл әкімінің сөзінен кейін нақты қай уақытта бітетінін білмек болып  «ЖК Темірбаевтың» өкілдеріне телефон соқтық. Бірақ, олардың өздері ауыл тұрғындары нақты қай уақытта таза су ішетінін айта алмайтынын алға тартты. Ал судың сапасыз болуына соңғы күндері тоқтаусыз жауған жауын кінәлі дейді. «Қазір осы мәселені шешу үшін жаңа скважина қазып жатырмыз. Қолымыздағы алдын ала зерттеу де­рек­тері бойынша 300 метрден кейін су  шығуы керек. Әзірге 150 метрдей тереңдікте қазылды. Ауыл тұрған жер тасты және тау жынысты бол­ған­дығы себепті қазу жұмыстары өте баяу жүріп жатыр. Сондықтан нақты қай уақытта бітетінін айта алмаймыз. Ал судың лайсаңдануына қатысты айтар болсам, соңғы күндері көп мөлшерде бірнеше күн жауын жауды.  Сол кезде тау өзендерінің суы да лайланды. Біз қойған арнайы сүзгілер бітеліп қалған. Сол себепті тұр­ғындардың үйіне лай су барғаны рас. Қазір жауын тоқтап, тау суы тұнған соң су сапасы бұрынғы қалпына келді», – дейді өзін ауылды сумен қамтамасыз етуді мойнына алған жеке кәсіпкердің өкілімін деп таныстырған Әсем Оразалиева. Бір қызығы бұл кісі де «ауылға ауызсуды уақытша тау өзендерінен тарта тұру мәселесін ауыл тұрғындарымен алдын ала келіскенбіз, қолымызда арнайы жиналыстың хаттамасы да бар» деп отыр. Ал ауыл тұрғындары болса жоғарыда айтқанымыздай өздерінің арық суын ішіп отырғанын, сол үшін таза судың ақшасын төлеп келгенін білмегенін айтуда. Қысқасы, екі тараптың да өз шындығы бар сияқты.

Алматы