AMANAT партиясының кезектен тыс ХХІІ съезінде партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері азаматтар үшін өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салатын орынға айналуы тиіс. Бұл ретте, шалғай ауылдарда көшпелі қабылдауларды жиі өткізіп, тұрғындармен кездесіп, тілдесудің орны айрықша маңызды екені анық.
Дәл осы себепті AMANAT партиясының Жамбыл облыстық филиалы шалғай елді мекендердегі халық үніне құлақ асу және түйіткілді мәселелерді жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып шешуді мақсат еткен мобильді қоғамдық қабылдаулар ұйымдастыруды қолға алды.
Бүгінге дейін партия арнайы құрылған мобильді қоғамдық қабылдау тобымен бірге Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай аудандарына қарасты бірнеше ауылдарда тұрғындармен жүздесті. Атап айтсақ, партия өкілдері Темірбек, Көктал, Ерназар, Өрнек, Жұма, Жетітөбе, Қошқарата, Ауқатты, Қарасай ауылдық округтері мен Тараз қаласына қарасты Шөлдала аймағында болды.
Мобильді топ құрамында филиал басшыларымен қатар облыстық партия филиалының Саяси кеңес мүшелері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары және жергілікті атқарушы орган өкілдері де бар. Олар азаматтардың өтініштері мен талап-тілектеріне құлақ түріп бірқатар сұрақтарға кездесу барысында нақты жауап берсе, кейбір түйіткілді мәселелердің тізбесі жасалып партияның жіті бақылауына алынды.
Нақтырақ айтсақ, тұрғындар тарапынан көбіне мектеп, балабақша, медициналық пункт, спорт кешендерінің құрылысын аяқтау, электр бағандары мен ауызсу құбырларын ауыстыру, көшелерді жарықтандыру мен жол салу, ауылға көгілдір отын мен сапалы мобильді интернет кіргізу сияқты ұсыныстар түсті. Сондай-ақ жеке басты құжаттандыру, жұмыссыздық, жер телімін алу, жер мен үй құжаттарын реттеу сияқты жеке өтініштерімен жалпы саны 150-ден аса азамат мобильді топ қабылдауында болды. Азаматтардың өтініштері, ұсыныстары мен талаптарына жергілікті мекеме өкілдерімен біріге отырып, оңтайлы шешім табылатын болады және алдағы уақытта партияның бақылауына алынып, назардан тыс қалмайды.
Халық пен билікті жақындастыра түскен мұндай көшпелі қабылдаулар алдағы уақытта облыстың басқа да аудандарында дәстүрлі түрде жалғасын таппақ. Мұң-мұқтаждарын жеткізіп, мазалаған сұрақтарына жауап ала алған ауыл тұрғындары партия мүшелеріне зор үміт артатындарын жеткізді.