QS World University Ranking by Subject: ЕҰУ қазақстандық ЖОО арасында үш пән бойынша бірінші
QS World University Ranking by Subject: ЕҰУ қазақстандық ЖОО арасында үш пән бойынша бірінші
523
оқылды
Бүгін жыл сайынғы QS World University Rankings by Subject 2022 пәндік рейтингі жарияланды. Әлемдік университеттерде оқытылатын пәндердің сапасын британдық Quacquarelli Symonds агенттігі бағалады. Рейтингке әлемнің 1543 жоғары оқу орны қатысты. Биыл Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің QS пәндік рейтингісіндегі позициялары кеңейді және айтарлықтай нығайды. ЕҰУ әлемнің үздік университеттерінің 11 пәндік рейтингісінен орын алған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 4-ке жеткен. Халықаралық рейтинг нәтижелері бойынша ЕҰУ қазақстандық ЖОО арасында 3 пәннен көш бастап келеді: «Қонақ үй бизнесі және бос уақытты басқару», «Саясат және халықаралық зерттеулер», «Өнер және дизайн». Сонымен бірге отандық университеттермен қатар ЕҰУ «Тарих», «Лингвистика», «Физика және Астрономия», «Құқықтану» пәндері бойынша да алдыңғы қатарлардан орын алды. Пәндік рейтингті өткізу барысында университеттің академиялық сарапшылар мен жұмыс берушілер арасындағы беделі, ғалымдардың ғылыми зерттеулерінен дәйексөз алу, жарияланымдардың Хирш индексі бағаланады. Әлемнің 200 үздік пәндерінің тізіміне Еуразия ұлттық университетінің 6 пәні кіреді: «Қонақ үй бизнесі және бос уақытты басқару», «Өнер және Дизайн», «Тарих», «Құқықтану», «Саясат және халықаралық зерттеулер», «Лингвистика». Әлемнің үздік ЖОО пәндік рейтингісінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті көптеген көрсеткіштер бойынша ондаған сатыға көтерілген. «Қонақ үй бизнесі және бос уақытты басқару» пәні алғашқы жүздікке кірсе, «Лингвистика» бойынша 251-300 орындарына ие әлемдік университеттер қатарынан 101-150 арасындағы топқа енді. Әлемдік рейтингтің топ-500 құрамына ЕҰУ-нің «Өнер және гуманитарлық ғылымдар», «Әлеуметтік ғылымдар және Менеджмент» пәндік облыстары, «Экономика және Эконометрика», «Физика және Астрономия», «Бизнес және Менеджмент» пәндері кірді. Айта кеткен жөн, биылғы жылы ЕҰУ-нің «Әлеуметтік ғылымдар және Менеджмент» пәндік облысы алғаш рет QS пәндік рейтингісіне кірді.