Мүмкіндігі шектеулі жандар талабы ескеріледі
Мүмкіндігі шектеулі жандар талабы ескеріледі
298
оқылды
«AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы мен «Кедергісіз келешек» жо­басы аясында биыл Ақмола облысы бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін 258 әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын бейімдеу жос­парланған. Тек Көкшетау қаласы бойын­ша биыл 25 нысан бейімделуі тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар басталып кетті. Ал олардың қаншалықты сапалы әрі уақытылы бейімделуін партия мүшелері мен облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандарынан құралған аймақтық мониторинг тобы бақылап қайтты. Мониторинг тобы өкілдері Көкшетау қаласындағы 4 білім және мәдениет нысандарын тек­серіп, олардан бірқатар кемшін тұстарды анықтады. Сол бойынша оларды жою жөнінде нысан же­тек­шілеріне ұсыныстарын айтты. «Мәселен, Мәлік Ғабдуллин музейі мүмкіндігі шектеулі аза­мат­тар үшін тек жартылай бейім­делген болып шықты. Ал лифт механизмі талапқа сай емес, тіпті жарақат алу қаупі бар болған­дықтан, оны ауыс­­тыру қажет. Жалпы, қай ме­кемеде де, әсіресе жаңадан салы­натын ғимараттарда мүгедектер талабы ескерілуі тиіс», – деді мо­ниторинг тобы өкіл­дері. Одан кейін мүгедектердің мұқ­таждығына қарай бұған дейін бейімделуден өткен білім беру нысандары тексерілді. Олардың қа­тарында Көкшетау жоғары медициналық колледжі, Ж.Мусин атындағы жоғары педагогикалық колледжі және Ш.Уәлиханов атын­дағы Көкшетау универ­си­тетінің №2 студенттер үйі бар. Соң­ғысында көтерме механизмі және оларға кедергісіз өту жолы талапқа сәйкес еместігі анықта­лып, кемшілікті жою бойынша ұсыныстар айтылды.