Әйгерім Құсайынқызы: Үй шаруасы тек әйел міндеті дейтін ұғым қалыптасқан
Әйгерім Құсайынқызы: Үй шаруасы тек әйел міндеті дейтін ұғым қалыптасқан
1,371
оқылды
Бүгінде Конституцияда адамды жынысына қарап кем­сітуге тыйым салады. Гендерлік теңдік стратегиясы әзір­леніп, бірқатар заң қабылданды. Бірақ елдегі феминистер 1 ғана әйел министр мен әйел әкім барын алға тартып, мәселе шешімін таппай отырғанын айтады. Сонда олардың ойы қандай? Нені мақсат тұтады? Гендерлік теңдік мәсе­лесін зерттеп жүрген халық­аралық құқық магистрі Әйгерім Құсайынқызымен сұхбаттастық.

 ҮЙ ТІРЛІГІ ТЕК ӘЙЕЛДІКІ МЕ?

– Сіз биыл 8 наурызда Алматыда әйелдер құқығына арналған ми­тингтің ұйымдастырушысы бол­дыңыз. Бұрындары ұрып-соғу мә­селесін көтеріп, теңдікті талап ететін еді. Осы жолы «Әйелдің орны сая­сатта» деген ұран болды. Жалпы, мұны елдегі гендерлік мәселедегі эволюция деп бағалауға бола ма? – Қазақстандағы әйелдер ми­тингі 2014 жылдан бастап өткізіліп келе жатыр. Бірақ рұқсат берілген ең алғашқы митинг былтыр ұйым­дастырылды. Ол кезде әйелдердің әртүрлі мәселесін көтердік. Биыл өткен митингтегі тақырып – би­лікке әйелдердің араласуы. Мұны эволюция деп атамаймын. Себебі қаңтар оқиғасы, Жаңа Қазақстан құру бастамаларын ескере отырып, биліктің мінберін сұрадық. Та­қырыптың таңдалуы кездейсоқтық емес. Статистикаға сүйенсек, ха­лықтың 52 пайызы – әйелдер. Ал биліктегі үлесіміз 30 пайызға да жетпейді. 20 министрдің біреуі ғана әйел, 17 әкім арасында бір ғана әйел бар. Әйелдердің мұң-мұқ­та­жын билікке жеткізу үшін биліктегі әйелдердің үлесі де кем дегенде тепе-тең болуы керек. Сол үшін осындай тақырыпты таңдап алдық. Яғни, Жаңа Қазақстанды құру ба­рысында міндетті түрде әйелдердің бар екені ескерілуін және олардың мемлекеттік саясатқа араласуының кемінде 50 пайыз болуын талап еттік. Әйелдер мен жастарға арнал­ған міндетті 30 пайыз квота мүлде жұмыс істемейді. Мәжіліс пен мәс­лихат депутаттары арасында әйел­дер мен жастар үлесі 30 па­йыздан кем болмауы тиіс деген талаптың іске аспайтынын сая­саткерлердің өздері де мойындап отыр. Саясатта 50 пайыз әйелдер болмай, Қазақ­станда әйелдер мәселесі толық­қанды шешілмейді. Жеткізгіміз келгені – осы. Егер біз биыл би­ліктегі әйелдердің үлесін арттыруды сұрасақ, бұл тұрмыстық зорлық-зомбылыққа көз жұмдық дегенді білдірмейді. Қазақстанда әйелдер құқығында әзірге эво­лю­ция бол­майды. Себебі біз өте аз­быз. Үніміз шықпайды, елемей­тін­дер көп. – Бүгінде гендерлік мәселе, ген­дерлік теңдікті айтып жүрміз. Бұл – өзекті мәселе. Алайда аймақтарда бұдан да өткір мәселелер бар. Мәсе­лен, ұрып-соғу сияқты тағы қандай өзге мәселелермен бетпе-бет келіп жүрсіздер? – Қазақстан халқының 47 па­йызы ауылдық жерде, 53 па­йызы қалада тұрады. Біз 2019-2021 жыл­дары бірнеше зерттеу жүргізіп, елі­міздегі ауылдық жерлерде тұра­тын әйелдердің жалақы төленбейтін еңбегін есептеп көруге тырыстық. Таңертең тұрады, балаларға қа­райды, малдың астын тазалайды. Тамақ істеп, кір жуады. Үй шаруа­сына қанша сағат арнайтынын есептедік, сонда республика бо­йынша орта есеппен әйелдер 4 сағат 13 минут тегін жұмыс істейтін бо­лып шықты. Ал еркектерде 1 сағат 15 минут. Ал ауылдағы әйелдер 6 сағат артық жұмыс істейді. Мә­селен, мектеп мұғалімі. 8 сағаттық жұмыстан бөлек үй шаруасымен айналысуы керек. Ауылдағы әйел­дердің басты мәселесі – ақысы тө­ленбейтін еңбек. Екінші, әрине тұрмыстық зорлық-зомбылық ушы­­ғып тұр. Себебі жәбір көрген жағдайда қайда хабарласу керегін білмейді, қарапайым жедел жәр­дем­нің, учаскелік полиция пунк­тінің болмауы, қолдау орталық­та­рының жоқтығы мәселені күрде­лендіріп отыр. Білікті психологтің табылмауы былай тұрсын, бала­бақшаның болмауы да әйелдердің мәселесі. Себебі мансапты қойып, балалары аяққа тұрғанша үйде оты­рып қалуы – ауылдағы әйелдердің басты мәселесі. Гендерлік эконо­ми­каны зерттегенімізде ауыл әйелде­рін қала тұрғындарынан бөліп қарастырмауға тырысамыз. Бірақ қолымыз қысқа. Себебі барлық ген­дерлік зерттеу орталықтары Ал­маты мен астанада орналасқан. Сол үшін бұл мәселеде де географиялық саяси әділетсіздік бар деп айта ала­мын. Тарихта үйдің шаруасы әйел­дің міндеті ретінде қалыптасқан. Таңертең тұрып, бәріне шай беру, үй жинап, бала бағу келіннің мін­деті ретінде санаға сіңіп кеткен. Алайда ол – өткен заманның тала­бы. Гендерлік теңдікке қол жеткізуді мақсат еткен Швеция, Исландия декреттегі әйелге жалақы төлейді. Яғни, үйде отырып, балаға қарау мін­детіңіз емес, ол мемлекеттің мак­роэкономикалық құбылысы. Сіз мансап жағынан ұтылып жа­тырсыз. Себебі декреттен шыққан соң оған дейінгі жалақыны талап ете алмайсыз. Біздегі мәселе Қа­зақстандағы әйелдер оны міндетім деп қабылдайды. Сол үшін біз оның қалыпты жағдай емес екенін көр­сеткіміз келеді. Кез келген еңбек ба­ғалануы тиіс. Үйде отырған әйел­ге мемле­кеттен жалақы төлеудің ауылы алыс. Себебі әлемдегі 190 мем­ле­кеттің 4-5-еуі ғана төлеп жа­тыр. Бұл мәселеде әйелдер күйе­уі­мен келі­сімге келу арқылы шеше алады. «Мен еркекпін, сен тамақ іс­теп, бала бақ» дейтін қоғам болса, біз ешқашан гендерлік теңдікке қол жеткізе алмаймыз.

БИЛІКТЕ 50 ПАЙЫЗ ӘЙЕЛ ОТЫРУЫ ТИІС

– «Гендерлік теңдік» деген кезде бұл білімге, жұмысқа орналасуда, жалақы төлеуде теңдік ойға түседі. Ал бізде әйелдердің құқығы осы тұрғыда бұзыла ма? Тіпті, батыс елдердің көпшілігінде әйелдерді топ позицияға қоймау мәселесі бар. – Елімізде әйелдер еркектерге қарағанда бірдей қызмет үшін 25 пайыз төмен жалақы алады. Кейбір салаларда, яғни мұнай, өндіріс саласында 33 пайызға дейін барады. Жалақыдағы алшақтық ТМД бо­йынша ең жоғарғысы бізде. Ал бі­лім саласындағы теңсіздік мектеп­тен басталады. Мамандық таңдау барысында қыздарды әлі күнге дейін мұғалім, медицина маман­дығын таңдауға үгіттейді. IT маман­дығын таңдағысы келетін қыздарға ин­форматика пәні мұғалімдері «қыз баласың, саған IT саласы қиын бо­лады, із кесуші, журналист бол­ма, одан мұғалім бол», – дейді. Ста­тистика бойынша, елімізде ме­дицина саласында қызметкерлердің 75 пайызы – әйелдер. Бірақ басшы­лық қызметтегі әйелдер үлесі 25 пайыз ғана. Кез келген жас қыздан әңгімелесу барысында жұмыс бе­руші одан әлеуметтік статусын сұ­райды. «Тұрмыстасың ба?», «Жа­қын арада тұрмысқа шығу ойда бар ма?», «1-2 жылда балалы болу жос­парда бар ма?» деген сұрақтар қояды. Бұл біздің Еңбек кодексіне қайшы. Заң бойынша мұндай сұ­рақты қоюға болмайды. Бүгінде заң­герлермен бірлесіп, Еңбек ко­дексіне жұмыс берушілер маманды жұмысқа қабылдайтын кезде осын­дай сұрақтарды қоюға болмайтынын көрсететін тарау, пункт енгізу бо­йынша жұмыс істеп жатырмыз. Қашан тұрмысқа шығу, қашан декретке шығу – қыз баланың өз шаруасы. Ал жұмыс беруші жұ­мысқа алған адамның 1 жылдан ке­йін декретке шыққанын қала­майды, сондықтан жақында тұрмыс құрған келіншектерді жұмысқа қабылдағысы келмейді. Оған ақы төлегенше, алмай-ақ қойған жақсы дейтін жазылмаған ережелер бар. Бұл – гендерлік теңсіздік. Әйгерім – Кейбір елдерде әйелдерді директорлар кеңесінің құрамына кіргізу талап етілген. Бізде осындай мәселелерді Еңбек кодексіне енгізу орынды бола ма? Жалпы, міндетті түрде осынша әйел мына қызметте, салада болсын деген заң енгізсек, бұл ерлердің құқығын шектемей ме? Тек әйел болғаны үшін қызметте отырса, әділетсіздік деп ойламайсыз ба? – Дамыған мемлекеттерде мұн­дай бастамалар бар. Лондонда директорлар кеңесінің құрамында 50 пайыз әйелдер болуы керек деген талап бар. Қазір мен халықаралық ұйымдармен жұмыс істеймін. Олар маған өтініш берушілердің 50 пайызы әйелдер болуы керек деген талап қояды. Бізге осындай ше­шім­дер қажет. Бірақ қазіргі Қазақстанда Мәжілістегі ер азаматтар мұндай заңға қол қоймайды. Мәжілісте әйелдердің үлесі 20 пайыз ғана, оның өзінде олар әйелдер мәселесін көтеріп жүрген жоқ. Бұл бастама еркектердің құқығын шектемейді. Неге? Егер ер кісілер 50 пайыз орын­ды әйелдерге босатып беруден қорықса, онда статистикаға қара­сын. Халықтың 52 пайызы – әйел­дер. Неліктен халық құрамының жар­тысын құрайтын әйел Мәжі­лісте де жарты орынды алмауы ке­рек? Орнымды алып қояды деп қорықса, біліктілігін дамытсын. Әйел болғаны үшін ғана әкім етсін деп жатқан жоқпыз. Кәсіби білік­тілігі, білімі, тәжірибесі сай келуі керек. Тек қана әйел екен деп би­лікке отырғызу ешбір елдің тә­жірибесінде жоқ. Әкімдерді сай­лаған кезде 50 пайызы әйелдер болсын деген талап күшіне енсе де, дәл қазір оған бізде үміткерлер жоқ. Сол үшін мектептен бастап дұрыс тәрбие берілуі керек. Себебі жас қыздар өздерін бо­лашақта саясаткер ретінде көре ал­майды. Бала кезден «сенімді бас­шы – ер адам» деген түсінік санасына сіңіп кеткен. Сондықтан кішкентайынан дұрыс түсінік қалыптастырсақ, бізде де 50/50 Парламент болады. Гендерлік тең­дікті ұстап отырған елдер бар. Канада, Швеция, Жаңа Зеландия, Финляндия әлемдегі ең дамыған мемлекеттер қатарында. Билікке әйелдердің келуін қолдамайтын­дардың көбі 45 жастан асқандар. Ал жаңа ғасырдың балалары керісінше қолдайды. Олар әлеуметтік әділет­тікті бізге қарағанда жақсы түсінеді. Оны дәлелдейтін зерттеулер де бар. Қазір әйелдер бір уақытта ана да, әкім де, президент те бола алады. Сол мүмкіндікті мемлекеттің қа­лыптастыратынын қыз балалар ер­те жастан түсінуі керек. Егер мем­лекет үй тірлігімен айналыс­қа­ныңызға ақы төлеп отырса болады. Егер 2 шақырым жерден су тасып, тамақ істеп жүрсеңіз, үй мен түздің шаруасын қатар ұстау, әрине қиын. Дегенмен қазір саясатта үй ша­руасымен билікті қатар алып жүр­ген 70 әйел бар.

ҚОРҒАНСЫЗДЫ КІНӘЛАЙТЫН ҚОҒАМ ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ?

– Біздің қоғамда «виктим­блей­минг» (жәбірленушіні кінәлау), «ки­бербуллинг» терминдері жиі айтылып жүр. Неге қоғам қыздарды құрбан ретінде айыптауға дайын? Ол пат­риар­халды қоғам екенімізді білдіре ме? Әлде 21 ғасыр, 2022 жылдың өзін­де бізде ескі көзқарастағы аза­маттар әлі күнге дейін көп пе? – Виктимблейминг жаңа ұғым емес. Психолог Уильям Райан 1970 жылы кітабында алғаш рет осы тер­минді қолданды. Әлеуметтік пси­хологияда криминологияда вик­тимология деген ғылым саласы бар. Сол ғылым саласында 70-80-жыл­дардан бастап кең ауқымды қол­даныста болды. Бұл терминнің біз­дің қоғамда жиі айтылуының се­бебі сексуалды зорлық-зом­бы­лықта оған әйелдің өзін кінәлайды. Бізде «әйел кінәлі» дегенді көтере­тіндер – еркекті ақтағысы келетін азаматтар. Себебі әйел физиоло­гия­лық тұрғыда әлсіз. Еркектің өзінен әлсіз адамға күш көрсетуін, ұрғанын еркек болғаны үшін ақтау қай заңгерге барсаңыз да әділет­сіздік. Жәбір көрушіні кінәлау – қоғам дерті. Мәселен, «Тальго» по­йызындағы қыз бала зорланғанда көпшілік зорлаған адамды емес, қыздың өзін айыптады. «Қыз неге арақ ішіп алды?» деп сынға алды. Неге? Ер азаматтар ішімдік ішкен қызды зорлауына рұқсат деген талап бар ма? Біріншіден, жәбір­ленуші мен агрессорды анықтап алуымыз керек. Қоғам болып агрес­сорды жазалауымыз қажет. Онсызда туыстары теріс айналған, зорланған азаматты кінәлау – жүрексіздік, санасыздық.

ӘСЕЛ АСҚАРДЫ ҚУДАЛАУ КЕРЕК

– Блогер Әсел Асқар зорланған кішкентай қыздардың өзін кінәлап, олар осы жаста-ақ еркектерді өзіне тартатын деп мәлімдеме жасады. Ер адаммен дұрыс қарым-қатынас құру тақырыбында ақылы курс өткізеді. Блогердің бұл курсынан мыңдаған қыздар өтіп үлгерген. Бұл курсын жарнамалаудың жолы болды ма әлде бізде зорланған қыздарды айып­тайтын адамдар көп пе? Яғни, таза маркетинг па әлде сондай көзқарас­тағы адамдар әлі бар ма? – Әсел Асқарға қатысты айтқым келетіні, ол эксперт емес. Бұл са­ла­да педагогикалық, психологиялық сарапшы емес. Балалар психоло­гия­сының маманы да емес. Біздің қоғамның күрделі мәселесі – са­рапшыны ажырата алмайды. Сол салада маманданып жүргендер жетерлік. Мәселен, біз былтыр UNICEF қорымен бірлесіп, бала­ларға қатысты зорлық-зомбылық тақырыбын зерттедік. Бұл – өте сезімтал тақырып. Бұл тақырыпты тебіренбей айту мүмкін емес. Зерт­теу барысында сексуалды зо­рлық-зомбылық көрген қыздармен әң­гімелестім. Әсел Асқардың сөзін естіп, жағамды ұстадым. Себебі одан қарапайым адамға тән эмпа­тияны байқамадым. Зорлық-зом­былық құрбандарының қандай күйде болатынын білмейді. Бізде сөз бостандығы бар дейміз, бірақ ол басқа біреулердің құқығын бұзып жатқанда шектелуі керек. Әсел ­Ас­қарды жазалап, қудалау қажет. «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» дейді. Желіде қазақтілді контент аз болғандықтан, жұрт Әсел Асқардың әдемі Іnstagram парақшасына қызығып, курстарына барған қыздарды мен кінәла­май­мын. Бірақ блогер сол саланың ма­­маны болмай тұрып, бүкіл сек­суалды зорлық-зомбылық көрген қыздардың жазылмаған жарасын қайта тырнады. Бұл басқа сарап­шы­сымақтарға сабақ болуы керек. Жуырда Уилл Смит «Оскар» рәсі­мін­де Крис Рокты жұдырықпен ұрып жіберді. Ал қазір оның «Оска­рын» қайтарып алуды талап етіп жа­тқандар бар. Физикалық зорлық-зомбы­лық жасаған адам қанша жерден мықты актер болса да, «Ос­карға» лайық емес екенін ай­тады. Әсел Асқардың актрисалығы, блогерлігі жәбірленушіні кіналауын ақта­майды. Сол үшін қоғамның тал­ғамын қалыптастыру керек. – Әңгімеңізге рақмет!