Шені бар, «шекпені» жоқ...
Шені бар, «шекпені» жоқ...
451
оқылды
Әскери кафедра студенттерге азаматтық ма­ман­дықпен қатар әскери өнерді игеріп, шен алуға мүм­кін­дік беретін тетік. Әйтсе де, соңғы уақытта бұл құ­­ры­лымның қызметіне сын көбейді. «Әскери өмір­ді» университет қабырғасында жүріп өткер­гендер­дің жауынгерлік дайындығының әлсіздігі өз ал­ды­на. Студенттердің азаматтық және әскери ма­ман­дық­ты қатар игеремін деп шапқылауы ма­ман даяр­лау ісіндегі сапаның нашарлауына әкеліп соғуы мүмкін. Расында, бүгінде студенттер жоғары оқу орнында не­гізгі мамандықты игере жүріп, жауынгерлік дайын­дығын шыңдауға құштар. Оның себебі де түсінікті. Бұл мүмкіндік арқылы олар айналдырған 4-5 жыл ішінде не­гізгі маман­дықты игеріп қана қоймай, әскери ма­ман­дық пен шен де алып шығады. Әрі әскери кафедра­ны бітірушілер әскерге шақырылмайды. Сондықтан талапкерлер арасында әскери кафедрасы бар жоғары оқу орындарына сұраныс жоғары. Нарықтағы осы бір сұранысты ескерген университеттер қазір өз базасында әскери мамандыққа баулитын құрылымдарды құруға күш сала бастады. Оған қоса, бірер жыл бұрын әскери кафедраны ақылы негізде өтуге мүмкіндік берілді. Осы бір мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырысқан оқу орында­рының басшылары әскери кафе­драны қосымша табыс табудың көзі ретінде қарастыруға көшті. Сө­зімізге дәлел тек соңғы 6 жыл­дың өзінде еліміздің әр айма­ғын­дағы 11 жоғары оқу орнында әскери кафедралар ашылған екен. Алайда жүргізілген тексерулер мен талдаулар да аптасына бір рет қана әскери дайындықты шың­дайтын мұндай кафедралардың кәсіби армия жасақтауға анау ай­тарлықтай ықпал ете қоймайтынын растаған. Есесіне аптасына 1 күнін әскери өмірге арнайтын студент­тердің болашақ мамандығын өз деңгейінде игере алмау қаупі тө­неді. Оған қоса, кафедраларда даяр­ланатын 200 мамандық кейбі­ріне бүгінде әскери салада сұраныс жоқ. Мәселен, әскери кафедрадан заңгерлік, медициналық, вете­ри­нарлық, қаржылық қамтамасыз ету, мәдени-тынығу жұмыстары сияқты мамандықтарды алып шық­қан сардарлардың осы білік­тілік бойынша жұмыс істей қой­масы анық. Есесіне күні ертең за­пастағы офицер, сержант атана­тын әскери кафедраның 1 курсан­тын даярлауға Білім және ғылым ми­нистрлігі 179 мың 800 теңге, Ден­сау­лық сақтау министрлігі 138 мың 500 теңге көлемінде қаржы бөледі екен. Демек, қыруар қаржы бөлін­ген әскери кафедралардағы білім сапасының талапқа сай келуі де ма­ңызды мәселе. Дегенмен Қор­ға­ныс министрлігі кафедра тү­лек­те­рінің жауынгерлік дайын­дығында ешқандай мәселе жоғын айтады. – Әскери кафедраны бітіріп шығатын запастағы офицерлер мен сержанттар саны мен сапасы Қа­зақстан Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құ­ра­лым­дарының талаптарына сәй­кес ке­леді. Сонымен қатар ка­фе­дралар­дың материалдық-техни­калық ба­засы, оқытушы құрамы да Әскери доктринаға сай. Қағида­ларға сәй­кес, әскери кафедрадағы маман даярлау ісіне қажетті ма­териалдық-техникалық базамен, оқу әдісте­мелік құрал-жабдықтар Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдері мен мекемелері арқылы жүргізіледі. Кафедраларды әскери бөлімдерге бекіту ведомстволық бұйрық негі­зінде жүргізіледі, – дейді Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов. Осылайша, ведомство басшы­сы әскери кафедрадағы маман даярлаудың сапасына шаң жуыт­пады. Сала мамандары да әскери кафедралардың Қарулы Күштердің сапын білікті кадрлармен толық­ты­рудағы мүмкіндігін жоққа шы­ғар­майды. Әсіресе, әскердегі кей­бір салалардағы маман тапшы­лығын сезілгенде әскери кафедра­ны тәмамдаған запастағы офи­церлер мен сержанттар қызметке көптеп шақыртылатын көрінеді. – Дәл қазіргі сәтте бізге әскери кафедралар керек деп сеніммен айта аламын. Өйткені мұндай құ­ры­лымдарда даярланатын маман­дарға қай кезде де сұраныс бар. Бір ғана мысал – Қаңтар оқиғасы әс­кери дәрігерлердің тапшылығын көрсетті. Бізде арнаулы әскери дәрігерлер даярлайтын оқу орны болмағандықтан, сұранысты әс­кери кафедраны бітірген дәрі­гер­лер­дің есебінен өтеуге тура келді. Сол сияқ­ты әскердегі инженерлер, пси­хологтер, аудармашылар сияқ­ты ар­наулы мамандардың тап­шы­лы­ғын сол саланы меңгерген запас­та­ғы офицерлердің есебінен толық­ты­ру тәжірибесі бар, – дейді Ұлт­тық қауіпсіздік комитеті Ше­к­ара қызметінің запастағы пол­ковнигі Сағидолла Сиқымбайұлы. Егер запастағы полковник айт­қандай, шын мәнінде әскери сала­дағы кадр тапшылығы запас­тағы офицерлер мен сержанттар есе­бінен өтелетін болса, әскери ка­федра­лардың тиімділігіне көз жеткізу қиын емес. Әйтсе де, олар­дағы ма­ман даярлау ісінің са­па­сына тиісті деңгейде көңіл бөлінуі керек-ақ. – Бірақ әскери кафедраларды тәмамдаған офицерлер мен сер­жант­тардың кәсіби біліктілігінің талапқа сай келуі өзекті мәселе. Бұрын кафедраны бітірген сту­денттерді екі айлық далалық жиын­ға барып, оқ-дәрінің иісін сезініп, жауынгерлік техникаларды сынақ­тан өткізуге қатысады. Осы мәселені қазірде жүйелі жолға қоюға болады. Жоғары оқу орнында оқып жүрген студент уақытының басым бөлігін болашақ мамандығын иге­руге жұмсайды. Ал кафедрадағы 1-2 жыл оған толыққанды әскери білім бере алмайды. Сондықтан әскери кафедраларда далалық оқу-жаттығу жиындарына, тәжірибелік дәрістерге көптеп көңіл бөлінгені жөн, – дейді С.Сиқымбайұлы. Демек, әскери кафедралар бел­гілі бір деңгейде Қарулы Күш­тердегі кадр тапшылығын шешеді. «Жас сарбаз» жасөспі­рімдер әске­ри-патриоттық қозға­лысы» рес­публикалық қоғамдық бірлестігі­нің төрағасы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек әскери кафе­дра­ның әлеуеті әлемдік стандарттарға сай болғанда ғана мықты әскер қалып­тасатынына тоқталды. – Жасыратыны жоқ, әскери кафедраларды пайда табу үшін ашылуы да мүмкін. Сондықтан оларды жабу жайында көп айтыла бастады. Дегенмен әскерилер ар­наулы кафедралардың арқасында запастағы офицерлер қорының көбейгенін айтып отыр. Әскери кафедраға жылына шамамен 6 мың студент түседі. Олардың кей­бірі болашағын әскери саламен байланыстырып жатыр. Демек, қандай да бір шешім шығарылмай тұрып әскери кафедраның тиім­ділігі жан-жақты зерделенуі керек деп ойлаймын, – дейді Асхат Налшыбек. Әлемдік тәжірибеде армияны кәсіби кадрлармен толықтыруда әскери кафедрларға иек артудың мың түрлі мысалын кезіктіруге бо­лады. Мәселен, Ресей Федера­ция­сында әскери кафедралар 2019 жы­лы таратылып, оның орнына әскери оқу орталықтары құрылған. Бұл орталық запастағы офицер­лерді және келісімшарт бойынша әскери қызметке офицерлерді даяр­лау бағдарламасын жүзеге асырады. Ал АҚШ-тағы колледждер мен университеттердегі офицер даяр­лау жүйесі екі жылдық және төрт жылдық оқу мерзімін қарас­ты­рыл­ған. Сәйкесінше, қазір елдегі офи­церлер корпусының 70 пайызын оқу орындары жанын­дағы әскери даярлық курстарын аяқтаған тү­лектер құрайды. Ұлыбританияда да әскерден тыс даярлық жүйесінен жыл сайын шамамен 150 мың студент пен оқушыны қамтиды. Әскерден тыс даярлық курстары Британияның барлық университетімен политех­ни­калық институттарында бар. Бір сөзбен айтқанда, әскерді за­ман тудырған сын-қатерлерге сай жасақтауда салалық оқу орын­да­рымен бірге әскери кафедраларға да үлкен үміт артылады. Демек, осы үміттің үдесінен шығудағы әскери кафедралардың әлеуетіне танытар сәт туды.