Жәрдемақы алу – алынбас асу
Жәрдемақы алу – алынбас асу
© коллаж: Елдар Қаба
705
оқылды
Мүмкіндігі шектеулі жан­дардың мүгедектік жәрде­ма­қыға ілігуінің өзі ақыреттің қыл­көпірінен өтуден де қиын. Неге десеңіз, медициналық әлеу­меттік сараптамадан өту үшін құ­жат жинау сау адамды ауру қы­лады. Жолы болғандар құ­жаттарын тап-тұйнақтай ет­се, бағы жанба­ған­дар жем­қор­лықтың жетегінде кетеді. Ен­де­ше жәрдемақы беру жүйесін же­т­ілдіру үшін не істеу қажет? Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігінің мәліметтері бойын­ша, республикада 696 825 мү­ге­дектігі бар азамат тіркелген. Оның ішінде 598 571 адам ересек жә­не 98 254 адам 18 жасқа дейінгі ба­­­лалар. Дегенмен аталған аза­мат­тар­дың өз бетінше көп құжат жи­науы қиын. Ең алдымен, мүгедектігі бар азамат тұрғылықты жері бойын­ша медициналық ұйымға хабар­ласуы қажет. Яғни, ауыл тұрғыны 4 ай ішінде диагнозын қойып, оңалту бағдарламасы мен дәрігердің ба­қы­лауы­нан өту кестесін жасау үшін ау­дан орталығына келуі керек. Со­дан кейін ғана түрлі құжаттарды жи­науды талап ететін облыстық бас­қармаға медициналық-әлеу­мет­тік сараптамаға жіберіледі. Бұлар да ай­тарлықтай уақытты талап етеді. Осылайша, мүгедектік дәрежесін алу мерзімі орта есеппен 2 айдан бір жыл­ға дейін созылады. Мәжіліс де­путаты Ғани Ташқараев тек ме­ди­циналық мекемеге ғана жүгiну ар­қылы мүгедектiктi белгiлеу рә­сiм­дерiн оңайлатуды тілге тиек етті. – Былтыр сотта осы іс бойынша 102 талап-арыз қаралды. Мү­ге­дектікті танудың қолданыстағы те­тігімен сыбайлас жемқорлық тә­­уекелдері көбейіп отыр. Мүм­кін­дігі шектеулі азаматтардың пі­кірінше, қайта сараптамадан өтуде түйткілді мәселелер бар. Осымен айналысатын уәкілетті органдар мен мамандардың әрекетіне де на­разылық жиі айтылады, – деді депутат.

Аурудың бәрі мүгедектікке жатпайды

Мүгедектік деген ұғым мен ауру адам арасында үлкен айырмашылық бар. Көп жағдайда азаматтар «3-4 ауруым бар, маған неге мүгедектік берілмейді?» деп реніштерін біл­діріп жатады. Сондықтан мүгедек­тіктің не екенін жіті түсініп алған дұрыс. Мүгедектігі бар жандар – ауру немесе жарақат салдарынан болатын ағза функцияларының, жүргізілген емдеу шараларына қарамастан тұрақты бұзылып, тір­шілік ету әрекеттері шектелген, әлеу­меттік көмекке мұқтаж адам. Елі­міздің қолданыстағы заңнама­ларына сәйкес, мүгедектік науқас адамның денсаулығына тұрақты түрде функционалды ауытқулар мен кемшіліктер байқалған жағ­дайда ғана белгіленеді. Мүгедектік және еңбек қабілетінен айырылу дәрежесі 6 айға және 1 немесе 2 жыл­ға, анатомиялық кемістіктер бол­ған жағдайда мерзімсіз уақытқа белгіленеді. Ал 16 жасқа дейінгі жас­өспірімдерге «мүгедек бала» са­наты бойынша мүгедектік 6 айға, 1, 2, 5 жылға және 16 жасқа толғанға дейін деп белгіленеді. Мерзімсіз мүгедектік деген бар. Яғни, өмірлік мүгедектікке шығу. Өмірлік мүге­дектік – ағза функцияларының тұрақты, қалпына келмейтін өзге­рістері мен бұзылулары болған кез­де, емдеу-оңалту іс-шаралары тиім­сіз болғанда, ал 1-топтағы мүге­дектік – кемінде 4 жыл, 2 және 3-топтағы мүгедектік – кемінде 6 жыл динамикалық қадағалаудан кейін ғана белгіленеді. Дәрігер Зульфия Мажитованың айтуынша, мүгедектігі бар азаматтардың саны жыл сайын артып келеді. Әсіресе, жүрек-қан тамырлары, жарақаттар, қатерлі ісік аурулары бойынша мү­гедектікке шығу жағдайы көп. Балалар арасында да түрлі туа бітті кемістік, психикалық аурулар жиілеп кеткен. – Медициналық сараптама жүр­гізуде кадр тапшылығы байқа­лып отыр. 2000 жылдардың басын­да қысқартулар болған еді. Сарап­тамадан өтушілер тым көп. Әр облыс бойынша орта есеппен 15 МӘС бөлімі бар. Ол бөлімдерде 60 дәрігер қызмет көрсетеді. Өңірде 100 мың мүмкіндігі шектеулі аза­маттың бар екенін ескерсек, 60 дә­рігердің жұмыс ережесі, әрине ауырлай түседі. Ереже бойынша күніне 10-12 адам қабылдауымыз керек болса, қазір бір күнде 18-20 адам қабылдаймыз, – дейді Зуль­фия Мажитова. Айта кетсек, елімізде І топтағы мүгедектер 65 860 теңге, II топ­тағылар – 52 483 теңге, III топтағы азаматтар 35 675 теңге алады. Бұл қаржы дамыған елдермен салыс­тырғанда әлдеқайда төмен болса, посткеңестік мемлекеттердің ­жәр­­демақы мөлшерімен шамалас. Мә­селен, АҚШ халқының 19 па­йызы – мүмкіндігі шектеулі азамат­тар. Олар айына орта есеппен 1 258 доллар, яғни 588 мың теңге алады. Ресейде І топтағы мүгедектер – 76 мың теңге, II топтағылар – 63 мың теңге, III топтағы азаматтар 31 690 теңге алады.

Жыл сайын бітпейтін тексеріс

Медициналық әлеуметтік са­рап­таманың негізгі міндеттеріне мүгедектікті және еңбек қабілетін жоғалту дәрежесін, олардың себеп­терін анықтау, мүгедектерді оңал­тудың жеке бағдарламасын әзірлеп, олардың орындалуына бақылау жасау жатады. Дегенмен сарап­тамаға көңілі толмайтын азаматтар да жетерлік. Солардың бірі – оты­рып ойнау волейболынан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Бауыржан Тахауов. Оның ай­туынша, бірдей диагноз қойылған жігіттердің мүгедектік дәрежесі әртүрлі. Ал бір аяғы келесі аяғынан қысқа жандар өмір бойына мүгедек­тік алып алған. – Паралимпиадаға қатысатын спортшыларымыздың көбінің мү­гедектігі –аяғынан. Олар жыл са­йын медициналық сараптамадан өту үшін көп уақытын жоғалтады. 25-30 жастағы қалыптасқан жігіт­тердің аяғы қалпына келмейді ғой. Ал комиссия мүшелеріне бәрібір. Жеті жыл бойы жыл сайын тек­середі. Екінші топтағыларды үшке, үшінші топтағыларды екіге ауыс­тырады, – дейді Бауыржан Тахауов. Онсыз да өмірден баз кешкен жандарды жылына екі рет тексеріс­тен өткізу – артық жұмыс. Олардың халін қиындатпай, топты рәсімдеу мен оны күшейту кезіндегі талап­тарды неге барынша жеңілдетпеске? Мүгедектігі бар Олег Шарапатюк­тың пікірінше, үшінші топта жеті жыл үздіксіз тұрған азаматтарды автоматты түрде екінші топқа ауыс­тыру немесе үшінші топты екінші топпен теңестіру қажет. – Маған өмір бойына үшінші топ мүгедегі деген санат берді. Бізде неге екені белгісіз, Үкімет үшінші топты мүгедек деп есептемейді. Бар­лық жерде көмек пен жеңіл­діктің бәрі бірінші және екінші топ мүгедектеріне беріледі, – дейді Олег Шарапатюк. Ал мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған ана Жаңагүл Жаппарованың айтуынша, мүге­дектікті рәсімдеу үшін емханадағы талаптарды жеңілдету керек. Өйт­кені ұзақ уақытқа созылатын про­цесс адамды материалдық шығынға батырады әрі шаршатады. – Мүгедектікті алу үшін табаны­мыздан тоздық. Жыл сайын меди­ци­налық сараптамадан өтеміз. Ба­сында ПМПК-да кезек күтіп 1,5 ай, «Асыл мираста» тағы 4 ай жүрдік. Кейін ол жақ қайтып ПМПК-ға жіберді. Кезегіміз келгенше тағы 5 айдай өтті. Біз сияқты сараптамадан өтуге келген адам көп. Біраз дауы­сыңызды көтеріп сөйлеп, пысық болмасаңыз, қарамай қоюы да мүм­кін, – дейді Жаңагүл Жаппарова.

Ақша сұраудан ұялмай ма?

Осындай бітпейтін кезек пен қым-қуыт тірліктен қажыған аза­маттар мүгедектікке шығу үшін амал­дың жоғынан саладағы жем­қорлыққа дем береді. Кейбір ко­мис­сия мүшелерімен келісіп, мү­гедек­тікті рәсімдеп алуға тырысады. Өз кезегінде бір жапырақ қағазға ақша үшін қол қойып беруді ар са­намаған комиссия мүшелері са­раптаманы бизнеске айналдырып үлгерген. Сол себепті ел ішінде «Мү­гедектікке шығаруда осы ме­кеме ақшасыз өткізбейді» деген әңгіме де басым. Салдарынан мар­дымсыз жәрдем­ақысын жырып бер­ген талай жан жылап жүр. «Мү­гедек жастар» қо­ғамдық қорының төрайымы Айгерім Дәулетбаеваның пікірінше, көп жағдайда азаматтар өздерінің құ­қығын қорғай алмайды. Саладағы жемқорлықты әшкерелеу үшін соңына дейін күрескілері келмейді. – Медициналық сараптама жүр­гізетін комиссияның ақша та­лап ететін жағдайлары жиі кез­де­седі. Мысалы, туғанынан сөйлей алмай­тын, жүре алмайтын баладан ко­мис­сия мүшелерінің жыл сайын 100 мың теңге алып отырған кездері болды. Сараптама мүшелері бұл істе әккіге айналған. Кімнен ақша сұ­райтын­дарын біледі. Сондықтан мен азамат­тарға: «Медициналық сараптамадан өтерде қолдары­ңыз­дағы алтын­дар­дың бәрін шешіп, қарапайым киім­мен барыңыздар» деп ашық айта­мын, – дейді Айгерім Дәулетбаева. Оның айтуынша, комиссия мүгедектік бермей, ақша талап етсе, кез келген азамат ең бірінші об­лыс­тық прокуратураға арыздануы ке­рек. «Аңқау елге арамза молда» де­гендей, мүмкіндігі шектеулі жан­дардың шарасыздығын пайда­ла­нып, «мүгедектікке шығарып бе­ремін» деп алдап, ақша алатын алаяқтар да көбейген. Осылайша, жәрдемақы тағайындау жүйесінің олқылығы талай жанның обалына қалып отыр.