Тұтынушы құқығы неге жиі бұзылады?
Тұтынушы құқығы неге жиі бұзылады?
© коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов
1,149
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында тұтынушылар құқығын бұзу деректері жылдан-жылға көбейіп бара жатыр. Мәселен, 2020 жылғымен салыстырғанда былтыр тұтынушылардан келіп түскен шағымдардың саны үш есе артқан. Олардың жартысынан астамы қанағаттандырылып, сатып алушыларға 4,5 миллион теңге қайтарылыпты. Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ләзім Мияшеваның айтуынша, 2020 жылы жеке және заңды тұлғалардан 216 ауызша және жазбаша өтініш келіп түссе, 2021 жылы бұл көрсеткіш 3 есеге артқан, яғни 641 өтініш түсіпті! «Соның ішінде өтініштердің 58 пайызы қанағаттандырылды және департамент қызметкерлерінің көмегімен тұтынушыларға шамамен 4,5 миллион теңге қайтарылды. Келіп түскен өтініштің басым бөлігі – 74,6 пайызы бөлшек және электронды сауда саласына қатысты. Талдау көрсеткендей, көбінесе сатушылар сапасыз тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тартады», – дейді Ләзім Исмағұлқызы. Ал Солтүстік Қазақстан «Тұтынушылар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау қауымдастығы» қоғамдық бірлестігіне келіп түскен 322 шағымның 299-ы оң шешімін тауыпты. Қоғамдық бірлестік төрайымы Надежда Дубоваяның айтуынша, мұнда да цифрлық және тұрмыстық техникаға қатысты даулар көп: барлық шағымдардың – 40 пайызы. Одан кейінгі орында – мердігерлік қызметтер (30 пайыз), шағымдардың 15 пайызы – киім мен аяқкиім саудасына, 10 пайызы – банкеттерді өткізу сапасына, 5 пайызы – массаж жамылғыларына қатысты. Дәл осы соңғы тауарды сатушылар Петропавлда көптеген қартты тақырға отырғыз­ды. Саудагерлер бірнеше жыл бойы елді аралап, әртүрлі ғимараттарда тауар таныстырып өткізіп жүр. Надежда Владимировнаның айтуынша, олардың деректер базасында зейнеткерлердің телефон нөмірлері бар. Презентацияға сол кісілерді шақырып, дастарқан басында «талай дертке дауа болатын» жапон құрылғысы туралы әңгімелейді, соны сатып алғандарға сыйлық беруге уәде етеді. Сиқырға ұшырағандай қариялар 700 мың теңгенің несиесін қалай ресімдегенін өздері де түсінбей қалыпты. Кейін үйіне жеткізілген тауар жапондық құрылғы емес, құр жамылғы болып шыққандықтан, 15 шақты тұтынушы лек-легімен Надежда Дубоваяға ағылыпты. «Бұл тауардың құны креслоға қарағанда әлдеқайда арзан болуы тиіс. Сатып алушылар келісімшартты оқымастан қол қоя салған. Фирма қызметкерлері оларды қолдарынан жетектеп банкке алып барған. Мәселен, петропавлдық Галина Карелина 720 600 теңгенің құрылғысын сатып алу үшін, 300 мың теңгесін бірден шығындап, қалған сомаға несие ресімдепті. Бұл саудасы үшін оған шаңсорғыш, көрпе-жастық сыйға тартылады дегенге мәз болған қария бастапқыда қуан­ғанымен, сатып алған тауарының орнына құр жамылғы келгенде қуанышы су сепкендей басылды. Тауарды қайтарғысы келгендердің өтінішін сатушылар құлақтарына да қыстырмаған. Көз жасы көл болған сатып алушылар ақырында бізге жүгінді», – дейді Надежда Дубовая. Полицияға жүгінгендер «Бұл – азаматтық-құқықтық қарым-қатынасқа жатады» деген жауап алған. Сөйтіп, қоғамдық бірлестік пен тұтынушылар сатушыны өздері іздеп тауып, хабарласқан. Алайда «сатушылар» телефон қоңырауына ұзақ уақыт бойы жауап бермепті. Күндердің күнінде Сандуғаш деген қыз жауап бергенімен, бірнеше күннен соң ол да жұмыстан кетіп тынған. Жәбірленуші сатушыны сотқа беруге мәжбүр болды. Жауапкер өз кінәсін мойындамағанымен, сот сату-сатып алу келісімшартын бұзып, тауар құнын қайтартқызды. Сонымен қатар 35 мың теңге көлемінде айып төлемі мен моральдық шығындарын да өтеді. Надежда Владимировна қоңырау шалған түрлі алаяқтарға мүлдем жауап бермеуге, ұсынған тауарын сатып алмауға кеңес береді.

ҚОСЫМША ҚЫЗМЕТТЕРДІ МӘЖБҮРЛЕП ТАҢУ – ЗАҢСЫЗ

Тағы бір мысал, тұтынушы тұрмыстық техника дүкенінен сатып алған тоңазытқыштың компрессоры көп ұзамай істен шыққан. Ол тауарды дүкенге қайтадан тапсырып, төлеген ақшасын қайтарып алғысы келгенімен, сатушы бұдан бас тартқан. Сервис орталығы берген тексеру және техникалық қорытынды актісінде тұтынушы тоңазытқышты пайдалану шарттарын бұзбағаны және жөндеуден, яғни компрессорды ауыстырудан бас тартқаны тайға таңба басқандай жазылған. Компрессордың о баста ақаулығы болғаны да дәлелденген. Тексеріс барысында сатушы тұтынушының құқығын бұзғанын мойындап, сату-сатып алу шартын бұзуға келісті. Тұтынушының 136 мың теңгесі қайтарылды. Ләзім Мияшева түсіндіргеніндей, тауардағы ақаулықтар тек сатып алушының келісімімен ғана жойыл­уы тиіс. Ал тауарды айырбастағысы немесе ақшасын қайтарып алғысы келсе, сатушыға жазбаша наразылықпен жүгінуге құқылы. Егер сатушы оның өтінішіне он күн ішінде жауап бермесе немесе тұтынушының талаптарын орындауды қажет деп таппаса, тұтынушы аталмыш департаментке немесе сотқа жүгіне алады. Ләзім Мияшева осындай құқықбұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын да атап өтті. Мұндай айыппұл төлегендер де баршылық. Мысалы, 2021 жылы ірі кәсіпкерлік субъектілерінің біріне жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша тұтынушының талабына уақытылы жауап бермегені үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 190-бабы 6-тармағы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 145 850 теңге айыппұл салынды. Соған қарамастан сатушылар тұтынушы құқығын таптауды неге азайтпай отырғаны белгісіз. Бұл аздай, саудагерлер соңғы кезде тұтынушы құқығын бұзудың тағы бір амалын ойлап тауыпты. Мәселен, тұрмыстық техника не гаджет сатып алушылар қосымша шартқа қол қоюға мәжбүрленетін көрінеді. Мәселен, смартфон сатып алушыға әртүрлі қосымшаларды немесе кепілдік көрсету қызметін қосымша ақыға сатып алу зорлап міндеттеледі. Сөйтіп, тұтынушы смартфон бағасына қоса басқа да шығындарға ұшырайды. Бұл да болса, құқықбұзушылық. Өйткені тұтынушының еркін шарт жасасуға құқығы бар. «Сауда орталықтарының қызметкерлері смартфон сатып алушыларға акция бойынша тегін қосымша жүктеп беру туралы қызмет ұсынады. Тегін дегенге көпшілік бірден келісіп, келісімшартты оқымастан қол қоя салады. Шын мәнісінде, бұл қызмет ақылы болып шығады. Бұл – айласын асырғысы келген сатушылардың қулығы, сатып алушыларды алдау деп санаймын. Қазір осындай шағымдар бойынша да сот жүріп жатыр. Сондықтан келісімшартқа қол қоймас бұрын, оны мұқият оқуға кеңес беремін», – дейді Надежда Дубовая. Заңда бір тауарларды сатып алуды өзге де тауарларды міндетті түрде сатып алумен байланыстыруға, сондай-ақ тауар сатып алуды кепілдік міндеттемені орындау шарты ретінде тануға тыйым салынған.

БАҒА СӘЙКЕССІЗДІГІ

Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысында соңғы кезде түбіртек пен сөреде көрсетілген бағаның сәйкессіздігі тым жиілеп кетті. Мұны сатушылар сөредегі бағаларды ауыстыруға үлгермейтінімен түсіндіріп ақталады. Алайда департамент басшысы Ләзім Мияшева түсіндіргендей, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға сәйкес, сатушы тауардың бағалар зат таңбасымен ресімделген, сауда нысанының витриналарында көрсетілген құнына сәйкес сатуға міндетті, ал тұтынушы сол бағамен сатып алуға құқылы. Бұл ретте ол кассалық чекті әр кез мұқият қарауға, баға сәйкессіздігі анықталса, дереу дүкен әкімшілігіне жүгінуге кеңес береді. Тіпті, құқықбұзушылық дерегін растау үшін тұтынушының фото және бейнетүсірілім жүргізуге де хақысы бар екенін айтады. Алайда іс жүзінде супермаркеттердің әкімшілігі фото-бейне түсірілімге тыйым салып тас­таған. Мұндайға жол берілсе, күзетші тез арада жетіп келіп, түсірілген жазбаны өшіруді талап етеді. «Сатушы бұзушылықты ерікті түрде жоймаса, тұтынушы бұзылған құқықтар мен заңды мүдделерді қорғау үшін уәкілетті мемлекеттік органға және сотқа жүгінуге құқылы», – дейді департамент басшысы. Бірақ мұндайға көпшілік уақытын шығындап, жүйкесін жұқартқысы келмейді. Сондықтан тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығы көптеген дауды медиация­лық жолмен шешкенді жөн көреді. «Арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін» жол табылмаған жағдайда ғана сотқа жүгінуге мәжбүр. Облыс орталығының кейбір дүкендерінде төлем карточкалары арқылы есеп айырысқан кезде тауар бағасына 3-5 пайыз үстемеақы қосу «сәнге айналды». Ал қолма-қол ақшамен есеп айырысушыларға дәл сол тауар арзан бағаға сатылады. Бұл – тұтынушы құқығын бұзу және оларға қысым жасайтын талап. Қалай есеп айырылысқанына қарамастан, тауар бағасы бірдей болуы тиіс.

ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТСЫЗДЫҚ – БАСТЫ СЕБЕП

Сатушы өз тауарлары мен қызметі туралы ақпаратты қазақ және орыс тілдерінде беруге міндетті. Бұл талап былтыр желтоқсан айының соңында енгізілді. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік саясат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қабылданып, соған сәйкес «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға толықтырулар енгізілді. Енді бір ғана тілде не шет тілінде берілген ақпарат берілмегенмен тең болып есептеледі. Бұл ретте де Петропавлда заң талаптарын белден басып жүрген дүкен иелері жетерлік. Осы келеңсіздікті түзету мақсатында департамент «AMANAT» партиясының еріктілерімен бірлесіп, рейдтер жүргізуді қолға алмақшы. Кейбір сауда орындарында тауар туралы ақпараттың қазақша аудармасы мүлде сын көтермейді. Бұған облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы да назар аударады. 30 жылдан астам уақыт бойы тұтынушылар құқығын қорғаумен айналысып келе жатқан Солтүстік Қазақстан «Тұтынушылар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Надежда Дубовая көптеген дүкенде сатушы туралы еш ақпарат жоқ екенін айтады. Сондықтан кейде жауапкерді тауып алу қиынға соғатын көрінеді. «Мұндайда құқық қорғау орындарына жүгінсек, «бұл азаматтық-құқықтық қатынастарға жатады» деген жаттанды жауап аламыз. Егер жауапкерді таба алмасақ, кімді сотқа беруіміз керек? Осы орайда құқық қорғау органдарымен тығыз байланыс орнату қажет. Онсыз мұндай дауларды аяқтау мүмкін емес. Прокуратура да тұтынушылар құқығын қорғау ісін қадағалауы тиіс деп санаймын», – деген тілегін білдірді құқық қорғаушы. Надежда Дубоваяның пікірінше, тұтынушы құқығының жиі бұзылуына, ең алдымен сатып алушылардың құқықтық сауат­сыздығы себеп. Сондай-ақ кейде сатушылардың да заңды білмейтіні немесе біле тұра белден басатыны да бар. Сонымен қатар құқық қорғаушы сот жүйесін жетілдіру керек деп есептейді. Департаментке жеткізілген ұсыныстар негізінде Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитеті заңға өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар жасап, сатушылар мен сатып алушыларға әдістемелер әзірлеп жатқан көрінеді. Сарапшылар бұдан соң тұтынушы құқығын таптау деректері азаяды деген үміт бар екенін айтады.

Солтүстік Қазақстан облысы