Ақмолада қаңғыбас иттер көбейді
Ақмолада қаңғыбас иттер көбейді
836
оқылды
Соңғы уақытта елдің қай өңірінде болмасын қаңғыбас иттердің көбейіп кеткені жиі айтылады. Көше кезген иесіз бұралқы иттердің тіпті адамға шауып жатқандары да баршылық. Жуырда Атбасар қаласында «Алабай» ит талап, аяғынан айырылып жарымжан болған әйел – мұның бір көрінісі. Күн санап күрделеніп бара жатқан мәселе жергілікті атқарушы органдар мен ветеринария саласы мамандарын да алаңдатып отыр. Дегенмен қоғам арасындағы пікір екіге жарылған. Бірі қаңғыбас иттерді барынша қолдап-қорғаштап, оларды арнайы асырайтын орындарда бағып-қағып жатса, енді бірі қаңғыбас иттерден жапа шеккендердің көбейіп, елге қауіп туғызып жатқанын айтып дабыл қағып отыр.

 Қаңғыбас иттердің де қорғаушысы бар

Өкінішке қарай, елдің әр аймағында итке әлімжеттік жасап, онысын бейнероликке түсіріп, әлеуметтік желіге жария­лаған оқиғалар жиілеп кетті. Атырауда, Павлодарда итті көлікке байлап сүйреген, Атырауда тоңазытқышта басын қысқан оқиғалар жануарларды қорғайтын үкіметтік емес ұйымдардың наразылығын тудырған. Әрі бұл оқиғалар тұтас қоғам арасында үлкен резонанс тудырғаны мәлім. Ал дәл осы оқиғалардан кейін шетелдік, әсіресе Еуропа елдерінің жануарларды қорғау ұйымдарынан қарша бораған толассыз хаттар да көбейіп кетті. Бұл елде қаңғыбас иттердің құқықтарын қорғайтын жаңа заңның дереу қабылданып кетуіне ықпалын тигізгенге ұқсайды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің тегеурінімен жуырда, яғни 2 нау­рызда Президент қол қойған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң күшіне енген. Жаңа заң соңғы жылдары ел ішінде көбейіп кеткен жануарларға қатыгездік әрекеттер мен садизмге қарсы бағытталған. Алайда елдің бірқатар аймағында көбейіп, тіпті адамға қарсы шаба бастаған жануарлардың одан сайын ұлғаюына бұл заң оң ықпал еткені байқалады. Ресми деректер бойынша, Алматы, Павлодар, Шымкент, Ақтөбе қалаларында қаңғыбас ит-мысықтардың көбейіп кеткені айтылады. Бұл қатарға Ақмола облысы да кіреді. Мұны жергілікті ветеринар мамандар растап отыр. Ақмола облысының Ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісовтің айтуынша, қабылданып кеткен заң саладағы жағдайды одан әрі күрделендіріп жіберген.

Заң қабылдауға Катрин Деневтің ықпалы тиді ме?

«Өкінішке қарай, соңғы уақытта облыста қаңғыбас иттер мәселесі ушыға бастады. Бұған жақында қабылданып кеткен заң одан сайын кері ықпалын тигізді. Қазір осыған дейін итті аулап, атып жүрген ветеринар мамандар да қатты зардабын тартып отыр. Аулайын десе, 9 мың теңгеден астам айыппұл арқалаймын ба деп қорқады. Батыстың жануарлар ұйымдары мен қорлары елде болған оқиғаларға байланысты хатты қарша боратқан. Әсіресе, француз актрисасы Катрин Деневтен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзіне екі рет хат түсуінен бұл заң қабылданып кетті. Бізден жануарларды атпай тек аулау, жануарларды піштіруді өтінеді. Ал сонда жұмыртқасы алынған қаңғыбас иттердің құтыр­ма ауруын жұқтырмасына, адам­ға шаппасына кім кепілдік береді? Алдағы уақытта тіпті ит аулау бізге емес, коммерциялық құрылымдардың қолына берілмек. Мұның бәрі біздің елімізге әлі ерте деп есептеймін», – дейді Ақмола облысы Ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов. Ведомство басшысы жаңадан қабылданған заң қаңғыбас иттерді атуға және аулауға тыйым салып, бұл көше кезген ит пен мысықтар санының күрт еселене түсуіне, сонымен қатар ерекше қауіпті аурулардың таралуына ықпалын тигізген. Облыстық Ветеринария бас­қармасының мәліметінше, жыл санап иттерді аулауға бөлінетін қаражат та азая бастаған. Заңды және жеке тұлғалардың өтініш­тері бойынша 2020 жылы бюджеттен бөлінген 53 137,5 млн тең­ге сомасындағы қаражатқа Ақ­мола облысында 21 255 ит ауланса, былтыр 48 225 миллион теңгеге 19 920 қаңғыбас иттің көзі жойылған. Ал биыл 10 254 итті атуға 30 млн 762 мың теңге бөлініпті. «Заңға сәйкес иттерді атып тастамай аулап, одан кейін жануарларды ұстау орындарына (питомниктерге) тапсыру керек. Ал көшеде өріп жүретін иттер ветеринарларға қалай ұстатады? Дереу қашып кетпей ме? Тіпті, ветеринарлардың айтуынша, иттер де олардың көліктерін әбден танып алған. Алыстан көре қалса-ақ қашып кетеді. Қазір Целиноград ауданының Талапкер, Қоянды ауылдары мен Қосшы қаласында, Атбасар қаласында, Аршалы ауданының Жібек Жолы ауылында және Көкшетау қаласында қаңғыбас иттер аса көбейіп кетті» деп толықтырды Талғат Жүнісов. Мәселе жөнінде Ақмола облысы Полиция департаментінің де пікірін білмек болдық. Полиция да өңірде қаңғыбас иттердің тым еркінсіп, көше кезіп кеткенін, әлі адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіре бастағанын мойындады. «Ақмола облысында иттерді серуендету және ұстау ережелерін бұзу оқиғалары еселеп артты. Көше кезген қаңғыбас иттер, әсіресе ауылды жерлерде адамға және үй жануарларына шабуыл жасап, талап тастаған оқиғалар жиілеп тұр. Мұндай жағдайда жәбірленушілер медициналық мекемеде емдеуден өткеннен кейін полицияға арызданады. Мәселен, тек осы жылдың үш айында ақмолалық полицейлер Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 407-2-бабымен 1 466 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сондай-ақ жақында Атбасар қаласында «Алабай» ит талап аяғынан айырылған әйелдің арызы бойынша иттің иесіне Қылмыстық кодекстің 119-бабы 1-тармағы «Қауіпке қалдыру» бойынша қылмыстық іс қозғалды», – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі. Мәселе бойынша өңірдегі жануарларды қорғайтын «Переведи взгляд» қоғамдық қорының басшысы Эльмира Әділованың пікірін білмек болғанбыз. Алайда ол аталған мәселе бойынша қандай да бір пікір білдіруден үзілді-кесілді бас тартты.

P.S.

Сонымен, қоғамның пікірін екіге жарған аталған мәселенің шешімі дереу арада реттеуді қажет ететін сияқты. Жаңадан қабылданып кеткен заң мәселені реттеудің орнына, керісінше ушықтырып жібермей ме деген де ой қылаң береді. Бәлкім аталған заң Парламентте қайта қаралып, өзекті мәселені жеті рет өлшеп, бір рет кескен жөн болар...

Ақмола облысы