Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан ауданында белгісіз дерттен жылқы малы қырылуда. Малдың аузы мен тұмсығынан жасыл түсті жалғақ ағып, танауы мен кеңірдегі ісіп, сеспей қатып жатыр.
Белгісіз індет Зайсан ауданына қарасты Жарсу ауылында тараған. Тұрғындар наурыз айының 28-29-нан бастап дабыл қағуда. Бірақ малшылардың мәселесі жергілікті биліктің құлағына сәуір айының басында жеткен. Тіпті бұл жайында жарсулықтардың жанайқайын аудан тұрғыны Еркебұлан Зағыппаров әлеуметтік желіде көтерді.
“Батыста төрт түліктен індет шығып жылқы қырылды деп едік. Кеше-бүгін ШҚО Зайсан ауданы Жарсу ауылында жылқыдан белгісіз індет пайда болып жатыр деп мал иелері дабыл қағуда. Жылқының аузы мен тұмсығынан жасыл түсті жалғақ ағып, тұмсығы мен кеңірдегі ісіп, сеспей қатып, өліп жатыр. Жергілікті мал дәрігерлері сынама алып кеткен. Әлі белгісіз. Мал иелері бұл жұқпалы індет болып, жаппай ауданға тарап кете ме деп уайымдайды”, – дейді Еркебұлан Зағыппаров.
Аудандық ветеринария бөлімінің мәліметіне сүйенсек, індеттен бес жылқы өлген. Алайда жарсулықтар өлген жылқы саны одан да көп екенін айтуда. Тіпті қастандық болуы мүмкін деген де жорамалдар бар. Осы орайда мал дәрігерлерінің жалақы мәселесі де көтерілді.