Ресей мен Беларусь азаматтары Қазақстаннан шот ашқан
Ресей мен Беларусь азаматтары Қазақстаннан шот ашқан
269
оқылды
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкіл­дері Ресей мен Беларусь азаматтары қазақстандық банктерде көптеген шот аш­қанын мәлімдеді. Ведомство дерегі әлеуметтік желілердегі Ресей мен Беларусь азаматтарының елімізге келіп, жаппай шот ашып жатқаны туралы әңгімелерді растайтындай. «2022 жылы 24 ақпаннан бері Қазақстан банктерінде Ресей мен Беларусь резидент-жеке тұлғалары үшін 11 940 шот ашылған. Оның ішінде 10 725 шотты өтініш берушінің немесе сенім білдірілген адамның Қазақстан банкінде жеке болуы арқылы, 1 215 шот қашықтан ашылған. Нәтижесінде, осы мемлекеттердің Қазақстан Республикасы банктерінде шоттары бар азаматтарының жалпы саны 162 мыңға жетті», – делінген хабарламада. Ведомство мәліметіне сенсек, Ресей Федерациясының резидент-заңды тұлғаларының жаңа шоттарының саны жыл басынан бері аздап өскен. Биыл ақпанның аяғынан бері банк шоттары Ресейдің 7 компаниясына ашылған, Қазақстан банктерінде шоттары бар Ресей ұйымдарының жалпы саны 805-ке жеткен. Банктер шетелдік өтініш берушіге КЖТҚҚ туралы заңда белгіленген KYC (Know Your Customer) стандарттары бойынша тексеру жүргізуге міндетті екенін ұмытпаған жөн.