Қоғамда отбасы – ошақ қасы мен қызметін қатар алып жүрген арулар аз емес. Бірі – жеке кәсіппен айналысып жатса, екіншісі – мемлекеттік істерге араласып, саясат сахнасынан орын алды. Міне, сондай жанның бірі – Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Фарида Жүнісова. Өмір жолында талай қиындықты еңсеріп, еңбектің тайқазанында шыңдалған Фарида Жүнісова 2018 жылы «Nur Otan» партиясының кадрлық резервіне өтеді. Өжет те, алғыр, батыл да өз ісіне берік маманды партия 2021 жылы ерекше бағалап, қаңтар айында партиялық тізіммен облыстық мәслихаттың депутаты ретінде сайлады. Бүгінде ол облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясы жетекшісінің орынбасары. Сонымен қатар облыстық мәслихат жанындағы агроөнеркәсіпті дамыту және экология, табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы мен партияның облыстық филиалы жанындағы Экологиялық кеңестің төрағасы. Бұдан бөлек, облыстық Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің мүшесі. Құс өсірушілер одағының облыстық филиалы төрағасы сияқты қоғамдық қызметтерді абыроймен атқарып келеді. Фарида Амансарықызы ешқашан елден алшақтаған емес. Бұқара үшін барын бөліп беріп, қиналғанға қол ұшын созып келеді. Мәселен, 2018 жылы халық қалаулысы Байзақ ауданындағы Байзақ датқа кесенесінің маңын көгалдандыру-абаттандыру жұмыстарына 1,5 миллион теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетті. Арыс қаласындағы жарылыс кезінде «Сенім Байзақ» қайырымдылық қоры арқылы зардап шеккендерге қаржылай және азық-түлік түрінде көмек қолын созды. Әлемдік пандемияға байланысты карантин шектеуі шаралары кезінде Байзақ ауданындағы Жетібай ауылында тұратын аз қамтылған отбасыларды қамқорлығына алды. Сондай-ақ өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып алуға демеушілік етіп, Тараз, Павлодар, Шымкент қалаларындағы медреселердің құрылысын қаржыландырды. Тараз қаласындағы орталық мешітке жыл сайын қаржылай және азық-түлік түрінде көмек көрсетіп келеді. Фарида Жүнісованың мәслихат мінберінде де беделі биік. Сөзі өтімді. Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде партияның облыстық филиалы жанындағы Экологиялық кеңестің жұмысына жетекшілік жасайды. Бұл қызметте партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында түзілген облыстық Жол картасының индикаторлық көрсеткіштеріне сай қоқыс төгетін полигондарын экологиялық талаптарға сәйкестендіруге баса назар аударып отыр. Кеңес жұмысының нәтижесінде «Қазфосфат» ЖШС тарапынан өңір экологиясына зиян келтіру факторын азайтуға мүмкіндік туған. Қазір кәсіпорын өкілдері өндіріс нысаны аумағындағы 13,7 миллион тоннадан астам фосфогипсті қайта пайдаланудың ғылыми негіздемесін жасап отыр. Фарида Амансарықызы мәслихаттың депутаты ретінде «AMANAT» партиясының облыстық, Байзақ аудандық филиалындағы қоғамдық қабылдау бөлмесі арқылы азаматтарды жеке мәселелерімен де тұрақты түрде қабылдайды. Және қабылдауларында түйінді түйткілдердің түйінін бірден тарқатуға күш салады. Мәселен, депутаттың қабылдауына жұмыс сұрай келген сарыкемерлік төрт азаматты өзі басқаратын «Әулие-Ата Феникс» ЖШС-на жұмысқа алған. Ал партияның облыстық филиалындағы қабылдау кезінде Тараз қаласы тұрғынының Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына міндетті төлемақысының 2 жылдық қарызын өтеп берген. Жоғарыда айтқанымыздай, Фарида Жүнісова депутаттықтан бөлек, кәсіпкерліктің де көкжиегін кеңейтуде. Ол 2010 жылы құс фабрикасының жұмысын қолға алып, алғашқы жылдың өзінде 5 мың тонна өнім өндіреді. Қазір серіктестік 8 мың тонна құс етін шығаруда. Сою цехында тәулігіне 20 мың тауық сойылады. Фарида Амансарықызы Жаңа Қазақстан құрудағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың батыл, баянды қадамдарын айрықша қолдап отыр. – Қаңтар оқиғасынан кейін халықтың партияға сенімін нығайту, партияны билік пен бұқараның арасында байланыс орнатудың конструктивті диалог алаңына айналдыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізу қажет болды. Өз кезегінде бұл жұмыстардың бағыт-бағдары, іске асырудың алгоритмін «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХІІ съезінде Президенттің өзі ұсынды. Әрине, бұл съездің басты жаңалығы партия атауын өзгерту болды. Мұнан бөлек, партияны жаңғыртуды орталық аппаратынан бастап, бастауыш партия ұйымдарына дейінгі аралықты қамтитын партияішілік реформалардың бірнеше пакеті жарияланды. Президент айтқандай, партияның ребрендингі тек маңдайшадағы партия атауын өзгертумен шектеліп қалмайды. Мұнда бірінші кезекте барлық партиялық жұмысты қайта қарау қажет. Әсіресе, партия аппаратының тиімділігін арттыру кезек күттірмейді. Жергілікті филиалдар мен бастауыш партия ұйымдарының жұмысы ең әуелі сайлаушылармен жұмысқа ден қоюынан көрінбек, – дейді депутат. Халық қалаулысы 16 наурыздағы Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында айтқан «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын өзінің саяси ұстанымы еткен. Сондай-ақ Мемлекет басшысы ұсынған саяси реформалар қоғам өміріне серпін әкелетініне бек сенімді. Аталған өзгерістердің жемісін әрбір азамат өзінің тұрмыс сапасының жақсаруынан көретініне депутат үміт артып отыр. Әрине, бір қолымен бесікті тербеген әйел, екінші қолымен әлемді тербейтіні бабадан балаға жеткен тағылым. Фарида Жүнісова сияқты іскер аруларды көргенде осы өсиетке кәміл сенесің. Ләйім, үйде де, түзде де тірлігін тіктеп, бұқараның базынасына құлақ түріп, халықтың жоғын жоқтап жүрген Фаридадай депутаттар көп болсын деп тілейміз.
Жамбыл облысы