Инсулин қайда, инсулин?
Қазақстанда қант диабетіне шалдыққандар әбігерге түсті. Дәріханаларда ауадай қажет инсулин таппай жүр. Негізі, елде оның «оригинал емес» түрі кепілдендірілген медициналық көмек аясында тегін беріледі. Алайда тек түпнұсқасын қажет ететіндер арзан баламасына көшпей, дәріханалардан «лантус» алып жүрген. Қазір осы медициналық препарат қат дүниеге айналды.
Қазақстанда қант диабеті диагнозы қойылған 380 мың адам бар. Өкініштісі, шын мәнінде ауыр дертке шалдыққандар саны одан да көп болуы мүмкін. Себебі науқастардың көбі асқынған кезде ғана дәрігерге жүгінетін көрінеді. Тағы бір мәселе, қант диабетімен сырқаттанғандар 7 жылда 62 пайызға өскен. Ресми деректерге сүйенсек, 2006 жылы елде 151 мың науқас болса, 2013 жылы 225 мың адам тіркелген. 2021 жылы бұл көрсеткіш 380 мыңнан асты. Сусамыр елімізде тегін емделетін ауру түріне жатады. Елде қант диабетіне шалдыққандар инсулинді кепілдендірілген медициналық көмек аясында тегін алады.
2019 жылы осы емханаларда берілетін оригинал препараттар биосимилярларға алмастырылды. Қант диабетімен ауыратындарға «лантус» түпнұсқа препаратының орнына Үндістаннан шығатын «басалог» деп аталатын арзан баламаны (биосимиляр) бере бастаған. Кей науқастарда теріс әсері байқалып, кейін олар инсулинді өз қаражатына сатып алуға көшкен. Жыл басында инсулинді 19 мың теңгеге сатып алып жүргендер қазір соның өзін таппай отыр. 58 жастағы елорда тұрғыны Марал Орынбасарова 3 жылдан бері қант диабетімен күресіп келеді. Қазір қолында 1 аптаға жетерлік дәрісі бар. Бір дәрі негізінен 2 аптаға есептеледі. Сондықтан қара нарықтан іздеуге көшіпті.
«10-нан аса дәріханаға хабарласып шықтым. Ешбірінде лантус жоқ. Қара нарықтан табуға болады екен. Бірақ осыған дейін 19-20 мың теңгеге алып келсек, бір жерде 32 мың теңге дейді. Жағдайымыз қиын», – дейді Марал Орынбасарова.
Ізбасар Тұрғынбайұлы да алып шаһардағы инсулин тапшылығы шымбайына қатты батқан жанның бірі. Себебі тоғыз жылдан бері қант диабетінің зардабын тартып келеді. «Ендігі жағдайымыз не болады?» деп алаңдап отыр зейнеткер.
«Дәріханаларда болмаса, қайдан аламыз? Сәуірдің ортасында болып қалады дейді. Бірақ менің дәрілерім таусылды. Көптеп сатып алып қойғандар бар екен. Олардан сұрасақ, 25-30 мың теңгені айтып отыр. Зейнетақымның бәрі дәріге кете ме енді?» деп налыды ол.
Жалпы, отандық фармацевтика нарығында дженериктер мен биосимилярлар (түпнұсқа препараттардың баламасы) жетіп-артылады. Ресми дерек бойынша, жергілікті кәсіпорындар өндіретін 935 дәрілік препарат тіркелген. Олардың 865-і – дженерик, 9-ы – биосимиляр және 70-і – түпнұсқа препарат. Түпнұсқа препарат пен дженерик құрамындағы негізгі әсер етуші зат бір болғанымен, екеуінде екі түрлі қосымша заттар қолданылады. Осыған байланысты препараттардың әсері де әртүрлі болады. Диабеттік қауымдастық өкілдері оригинал дәрілерді арзан биосимилярға ауыстыруға бірнеше жыл бұрын қарсы шыққан еді. Бірақ одан нәтиже болмады. Дәріхана сөрелерінен лантустың жоғалып кетуіне Ресейдегі дәрі тапшылығы себеп болуы мүмкін. Себебі көрші елде қазірдің өзінде 80-ге жуық дәрілік препарат тапшы. Оның ішінде инсулин де бар. Ол елде де барлығы бірдей лантустың балама түрін қолданбайды. Бас тартқандар 2 жылдан бері дәріханалардан сатып алып келген. Сондықтан бұл елдің дәріханаларынан да аталмыш препарат қат дүниеге айналды. Алайда Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәселені жоққа шығарып, дәріханалардан ешкім инсулин сатып алмайтынын айтты. «Қант диабетімен ауыратын барлық пациент тек бюджет есебінен дәрімен қамтамасыз етіледі. Себебі барлық пациенттер диспансерлік есепте тұр және олар бюджет есебінен, емханалар арқылы инсулин алады», деді министр.
[caption id="attachment_191309" align="alignleft" width="1200"] © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption]
Біз де 10 шақты дәріханаға қоңырау шалып, сұрастырып едік. Бәрінің айтатыны бір. Ешқайсында диабетке шалдыққандарға ауадай қажет бұл препарат жоқ. Ал Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының мәлімдемесіне сүйенсек, дәріханаларға қат препарат сәуірдің екінші жартысында ғана жетуі мүмкін.
«Қазір мемлекет қант диабеті бар амбулаториялық пациенттерді Қарағанды фармацевтикалық кешені өндіретін сауда атауы «Ринглар» инсулин препаратымен қамтамасыз етеді. Дегенмен бөлшек саудада оригинал инсулин «лантус» препаратына сұраныс бар екенін көріп отырмыз. Аталмыш тауар тапшылығы сақтандыру қорларын қолдау және жоспарлаудағы қиындықтармен байланысты. Бірақ өндіруші «лантус» препаратының дәріханаларда биыл сәуір айының екінші жартысында пайда болатынын растады. Дәріханалардағы пациенттерді тауармен үздіксіз қамтамасыз ету үшін біз 2023 жылдан бастап біріңғай төлем жүйесі енгізілгенін күтеміз. Бұл өндірушілер мен дистрибьюторларға дәрі-дәрмектерді жеткізуді алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді» деген еді Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Марина Дурманова.
Ал зейнеткер Мұхамед Құсайынов 1 жылдан бері «лантустың» орнына «апидра» препаратын қабылдап жүргенін айтты. Сонымен қатар диабетке шалдыққандардың мәселесі бұл ғана емес екен. Дәріханалардан қандағы қантты өлшеуге арналған құрылғыларды да табу қиын дейді ол.
«Қант диабетімен ауыратын кісі көз жұмып, соның аспабын сұрап алдым. 3 ай болды құрылғы таппай жатырмын. Емханадан тегін дәрі-дәрмек аламын. Дегенмен кейбірін сатып алуға тура келеді. Солар дәріханалардан жоғалып кетпесе екен. Қант диабеті – қиын ауру. Диета ұстамасаң, дәріңді дер кезінде қабылдамасаң, арты қиынға соғады. Сондықтан дәрі-дәрмек тапшылығы болмаса екен», – дейді М.Құсайынов.
Сонымен жауаптылар жағдай оңалады деп сендіруде. Ал ауру оған көне қойсын ба? Асқынып кетпес үшін ақшасы барлар алыпсатарлардан алады. Оның өзінде сұраныстың артуынан оның да бағасы аспандап кеткен. 19 мың теңгенің дәрісі 32 мың теңгеге бір-ақ шыққанын айтып отыр диабеттер. Наурыздың соңында Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек экспортына жарты жылға уақытша шектеу енгізді. Ал дертіне дауа іздегендер болса, «тапшылықтың кесірінен дәріханалардағы баға шарықтап кете ме?» деп алаңдап жатыр.
Жалпы, әлемдік экономикалық ахуал отандық дәрі-дәрмек нарығына әсер етпей қоймады. Отандық фармөндіріс кейбір құрамдық бөлшектер мен логистика бойынша да импортқа тәуелді екенін ескерсек, препараттардың бағасы қымбаттап, тапшылық болуы мүмкін дейді сарапшылар. Қорытындысында дәрі-дәрмек мәселесі бос уәде мен кейінге қалдыруға көнбейді. Себебі оның артында қаншама адамның өмірі тұр. Ал енді неге мемлекеттен дәрінің түпнұсқасы берілмейді десеңіз, жыл сайын әлем бойынша қант диабетіне шалдыққандар саны артып келеді. Дәрі тапшылығы болмас үшін, бәріне бірдей жету үшін біздің ел де оның балама түріне көшуді ұйғарған. Бір инсулинді екіншісіне ауыстыру үшін ауруханаға бір ай жатып шығу керек. Ол тек стационарлық жағдайда жасалады. Диабетке шалдыққандар күрделі процесс болғандықтан тәуекелге барудан бас тартады. Дегенмен олардың да жанайқайы ескерілуі тиіс. Тегін берілетін дәрі науқастың организміне сай келмесе, онда өз қотырын өзі қасысын дегенді білдіре ме?