Жұртты ығыр қылған шошқа фермасы
Жұртты ығыр қылған шошқа фермасы
654
оқылды
Өскеменнің іргесіндегі Лесхоз, Шмелев Лог және Степное ауылдарының тұрғындары сол аумаққа жақын орналасқан шошқа фермасының басқа жаққа көшірілуін талап етті. Олардың айтуынша, кәсіпкер Борис Митин иелік ететін шошқа фермасынан шығып жатқан лай су ауыл арқылы өтетін бұлаққа құйылып жатыр. Тұрғындар бау-бақша егуді қойып, кәдімгі суды іше алмай отыр. Тіпті, белгісіз инфекциялық аурулармен ауруханадан бір-ақ шыққандары да бар. «Мыңдаған шошқа өсірілетін фермамен көрші болғанымызға 15 жылға жуықтады. Ферма қоршаған ортаны ғана емес, тұрмысқа, шаруашылыққа қажетті суымызды әбден ластап бітті. Қазір суды қаладан тасуға мәжбүрміз. Өйткені су пайдалануға мүлде жарамсыз. Ішпек түгілі кір де жумаймыз. Шошқаның иісі аңқиды. Бау-бақшаны суғарып едік, кейбір көкөністер солып қалды», – дейді Степное ауылының тұрғыны Кербез Жылқашева. Ал Лесхоз ауылының тұрғыны Елена Сотникова соңғы кездері елді мекеннің балалары арасында улану жағдайлары жиілеп кеткеніне алаңдайды. «Республикалық жолдың бойында шашылып жатқан мына үйінді шошқаның жапасы. Ауылдан небәрі 20-30 метр жерде. Жыл сайын осылай жайрап, иістеніп жатады. Көктемде қар ерігенде ауылдың ішімен аққан су Үлбі өзеніне құйылады», – дейді Степное ауылының тағы бір тұрғыны Қабизолда Қоңырбаев. Ауыл тұрғындары шошқа фермасының жырын айта-айта, жаза-жаза шаршағанын айтады. Үш ауылдың тұрғындары жуықта тағы да жиналды. Бұл жолы олардың мұң-мұқтажын тыңдауға Өскемен қалалық әкімдігі мен облыстық Экология департаменті өкілдері келді. Департамент қызметкері Ольга Ельчинскаяның сөзіне сенсек, 2018 жылы шаруа қожалығына тексеру жүргізілген. «Сол кезде біздің мамандар шығарындылардың тазартылмағанын, лас су жерасты суларына қосылып жатқанын анықтаған болатын. Алайда талаптың неге орындалмай жүргенін білейік десек, шаруа қожалығының басшысы инспекторлардан қашып, кедергі келтіріп жатыр. Тағы бір мәселе, екі жылдан бері шағын бизнеске қатысты тексерулерге мораторий енгізілген. Соны кәсіпкер ұтымды пайдаланып жүр. Бізге жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін Экология министрлігінің бұйрығы керек. Мораторий бойынша 2023 жылдан бастап қана тексере аламыз», – дейді ол. Осы департаменттің тағы бір өкілі Елжас Қайдаровтың айтуынша, шошқа фермасының экологиялық рұқсаттамасы да жоқ. «Тұрғындар шағымы негізінде жоспардан тыс тексеру жүргіземіз. Сол кезде барлық мәселе шешімін табады деп ойлаймын», – деді. Қалалық әкімдік өкілдері аталған мәселе бойынша жұмыс тобы құрылатынын жеткізді. «Дегенмен де тұрғындардың ең әуелі сотқа жүгінгені дұрыс. Шошқа фермасының қоршаған ортаға қаншалықты зиян келтіргенін, шығын көлемін сот анықтауы тиіс», – дейді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит.

Шығыс Қазақстан облысы