Әскерде жүріп жоғалған сарбаз 36 күннен бері табылмай жатыр
Әскерде жүріп жоғалған сарбаз 36 күннен бері табылмай жатыр
444
оқылды

Жамбыл облысында Отан алдындағы борышын өтеп жүріп жоғалған сарбаз 36 күннен бері табылмай жатыр. Қатардағы жауынгердің жақындары Ұлықбек Бердішевті не шекара қызметі, не әскерилер, не полицейлер іздеп жатқан жоқ деп шағымданды. Айтуларынша, әскерилердің іздеу жұмыстары бар-жоғы екі-үш күнге созылыпты. Сөйтіп, сарбаздың өз еркімен қашып кеткенін айтқан. Ал содан бері ізім-ғайым жоғалып кеткен жігіттің туыстары ұлымыз командирлерінен қысым көрген болуы мүмкін деп болжап отыр. Бұл туралы 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасы хабарлады.

Орынкүл Мерекова әскердегі ұлымен соңғы рет 28 ақпан күні сөйлескен. Содан бері ұлынан хабар жоқ. Екінші наурыз күні «Андас батыр» шекара қызметінен әлдекім хабарласып, Ұлықбектің жоғалып кеткенін айтқан. Мұны естіген келіншек туған-туыстарын жиып, бірден Қызылордадан Жамбылға тартқан. Сөйтіп, келе сала әскерилерден мән-жайды сұрап, ақыры өздері тау-тасты кезіп, жоғалған жақындарын іздеуге кірісіпті. Тіпті шекара асқан. Бірақ таба алмапты.
"Көрдім, білдім деген адам жоқ. Сыртына келсек, камера тұр екен. Мына камера қайда деп сұрап едік, бізде камера жоқ деді. Енді мына сурет не үшін ілулі тұр деп едік «екі солдат, камерамыз осы» деп айтты", - деді Ұлықбек Бердішевтің анасы Орынкүл Мерекова.
Міне, содан бері тұп-тура 36 күн өтіпті. «Ұлым табылмай, кетпеймін» деген келіншек жақын маңдағы ауылдан пәтер жалдаған. Себебі әскерилердің «іздеп жатырмыз» деген сөзіне сенбейді. Әрі, Ұлықбектің келісімшарт арқылы жұмыс істейтін жігіттерден қысым көргенін естіпті. Бірақ құзырлы органдар істі тергеудің орнына кешірім беруге мәжбүрлеген дейді.
"Барлық суретті жан-жаққа, Жамбыл облысының барлық жеріне тараттық, ілулі тұр деп еді. Ешқандай баланың суреті жоқ. Соған жаман іштен күйіндім кеше келіп. Ешқандай баламның суреті жоқ, бұл қалай деп звондап едім телефонды тастай салды", - деді Ұлықбек Бердішевтің анасы Орынкүл Мерекова.
Орынкүлдің "жауап бермей, телефонды тастай салды" деген адамы шекара қызметі департаменті басшысының орынбасары - Қайрат Тұяқов. Ол келісімшартпен жұмыс істейтін қызметкердің Ұлықбек Бердішевке күш қолданғанын растады. Бірақ тергеу кезінде сарбаз бен әскери ортақ мәмілеге келіп, іске нүкте қойылыпты. Ал жоғалған жігітті іздеу жұмыстары бір сәтте тоқтатылған жоқ дейді. Сөзінше, бірінші күннен бастап Ұлықбекті табуға 100-ге жуық сарбаз бен ерікті жұмылдырылған. Одан бөлек бүкіл ел аумағында жауынгер туралы деректер жазылған парақшалар таратылыпты.
"Бізбен бірге талай мәрте ата-аналары да іздеуге шықты. Көптеген елдімекендерді араладық. Еріктілер, ауыл тұрғындары, атты патруль, тіпті 7 рет тікұшақ та ұшырдық. Сондай-ақ, Алматы және Қызылорда облыстарындағы әріптестері де атсалысып жатыр. Жоғалған сарбаз туралы деректер жарияланған. Бірақ әзірге нәтиже жоқ. Іздеу тоқтатылды деген бекер сөз", - деді ЖОБ Шекара қызметі департаменті басшысының орынбасары Қайрат Тұяқов.
Шендінің айтуынша, қазір бұл дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалған. Бірақ әзірге Ұлықбек табылған жағдайда оған қандай жаза қолданылары белгісіз екен.