Еуразия ұлттық университетінде «Oitek» ғылыми-тәжірибелік орталығы ашылды          
Еуразия ұлттық университетінде «Oitek» ғылыми-тәжірибелік орталығы ашылды          
452
оқылды
Бүгін Қазақстан ғылым қызметкерлері күнінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Oitek» ғылыми-тәжірибелік орталығының ашылу рәсімі өтті. Архитектуралық бағыттың негізін қалаушы - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасы авторларының бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ЕҰУ профессоры Жандарбек Мәлібекұлы. Салтанатты іс-шараға мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлер, танымал ғалымдар, оқытушылар және студенттер қатысты. Еуразия «Oitek» ғылыми-тәжірибелік орталығы қазақтың тектілік пен ойлау санасының ерекшеліктеріне негізделген.  Онда дәстүрлі құрылыс мәдениеті зерттеліп, қазіргі ұлттық сәулет өнерін қалыптастыру мәселелері бойынша іргелі зерттеулер мен тәжірибелік жұмыстар жүргізіледі. Оның арқасында заманауи ұлттық сәулетті қалыптастырудың әдістері әзірленіп,  ғылыми нәтижелерді жергілікті жағдайлардың ерекшеліктеріне сәйкес қала құрылысы мен түрлі сәулет нысандарын жобалауда пайдалану жоспарланған. Ғылыми-тәжірибелік орталықты ашқан ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов сәулет өнерін жетілдіруде атқаратын ғылыми-тәжірибелік орталығының маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, болашақ сәулетшілерді ұлттық нақышқа байланысты тәрбиелейтін орталық болатынын атап өтті. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан» идеясын алға тартты.  Оны қалыптастыру экономиканы немесе билік жүйесін өзгертумен ғана шектелмейді. Сананы өзгерту керек. Оны біздің дәстүріміз, тарихымыз және архитектурамыз қалыптастырады. Біздің тарихымызда қала мәдениеті,  тамаша архитектура болған. Жаңа ғимараттарды салуда біздің сәулетімізге ұлттық нақышты қосу жұмыстарын жалғастыру аса маңызды, - деп түйді ректор Ерлан Сыдықов. ЕҰУ профессоры Жандарбек Мәлібекұлынің пікірінше, ғылыми-тәжірибелік орталықтың мақсаты – мыңжылдық тарихы бар қазақ архитектуралық өнерін зерделеу және саралау. «Барлық қазақстандық тарихи ескерткіштердің энциклопедиясын әзірлеу қажет. Өзіміздің сәулет өнеріміздің ұлттық ерекшеліктерін терең білуіміз қажет. Бұл жалпы саланың дамуына өзінің оң әсерін тигізеді», - деп атап өтті профессор. Сонымен бірге Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұжымы бүгінгі Қаныш Сәтбаевтың туған күніне орай ғұлама ғалымға тағзым етіп, оның елордадағы ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.