Үйгентастықтар еншісін сұрайды
Үйгентастықтар еншісін сұрайды
498
оқылды
1997 жылы Үкімет шешімімен Алматы облысы Алакөл ауданына біріктірілген бұрынғы Үйгентас ауданының тұр­­ғындары өздерінің әлеуметтік-экономикалық жағ­дайының күннен-күнге нашарлап бара жатқанын ай­тады. Қытаймен қоңсылас мекендегі әлеуметтік мәсе­ле­лер де ушыға түскен. Тұрғындардың арыз-шағым­да­рын арқа­лап, бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Алайда үй­ген­тастықтардың көңілін күпті еткен мәсе­лелердің ше­шілер түрі көрінбейді.

Жетісудың «Жерұйығы» жетімсіреп қалды

Бір кездері ел аузында Жетісудың «Жерұйығы» атанған өңір­ден халықтың үдере көшуі жұрт­та қалған тұрғындардың жанына батады. Ресми статистикада олардың жанайқайының бе­кер еме­сін аңғартады. Мәселен, жеке аудан болып тұрған шақта Үй­гентастағы халық саны 47 мың болса, ширек ғасырдың ішінде олардың саны 2 есе азайыпты. Кезінде аудан орталығы болған Қабанбай ауылындағы тұрғындар саны да осы аралықта 14 мыңнан 6 мыңға дейін кеміген. Халық санының азаюы өңірдегі әлеуметтік ны­сандардың да кемуіне әсер еткен. Үйгентас өз алдына жеке отау болған шақ­тарда ауданда 31 мектеп болса, қазір мұнда 21 білім беру нысаны бар. Сәй­кесінше, онда­ғы оқушылар саны да 25 жыл ішінде 4 есеге азайған екен. Сол се­кілді бір кездері сәбилердің шат күлкісі кернеген 18 балабақ­ша­ның 13-нің есігіне қара құлып салынған. Мектепке дейін тәр­биелеумен қамтылған бүл­діршіндердің саны ширек ғасыр бұрын 4 мыңнан асса, қазір Үйгентастағы 5 балабақшада 380 ға­на бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Тұрғындар шекаралас аумаққа жататын Үйгентастағы халық санының азаюын аймақтағы әлеуметтік мәселелердің шиелінісе түсуімен байланыстырады. «Шекара шебіндегі ауыл тұрғындарының атақонысын тастап кетуіне басты себеп – жұмыссыздық. Өйткені өңірде жаңа өндіріс орындары ашылмады. Орта және шағын бизнес нысандарының да саны айтарлықтай көп емес», – дейді ауыл жанашырларының бірі Болат Қошқаров.

«Барсакелмеске» айналады

Шалғайда орналасқан өңірде күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлардың бағасы да қымбатқа шығады. Мұның өзі де «шықпа жаным, шықпамен» күнелтіп отырған үйгентастықтар үшін жығылған үстіне жұдырық болып отыр. «Қазіргі аудан орталығы Үшарал қаласына бару үшін кемінде 250-300 шақырым жол жүру керек. Табиғат тосын мінез танытқанда, орталықпен байланыс мүлде тоқтайды. Сол кезде шекара маңындағы шалғай ауылдар «Барсакелмес» аралына айналады. Осы орайда Президентіміздің соңғы Жолдауында айтылғандай Жетісу облысы құрылған тұста біз Алакөл ауданынан бөлініп, бұрынғыдай жеке аудан болып құрылсақ дейміз. Сол кезде тұрғындардың орталыққа қатынауы секілді бірқатар қиындық өз-өзінен шешілер еді»,– дейді тұрғындар.

Мәселені шешудің жолы қандай?

Шекара маңындағы елді мекендер стратегиялық мәнге ие. Елдің шетінде, желдің өтінде өмір сүріп жүріп жатқандар да белгілі бір деңгейде шекарашылармен бірге ұлттық қауіпсіздікке атсалысады. Сәйкесінше, үйгентастықтар да шекара шебінде орналасқан аудандарды дамытудың арнайы мемлекеттік бағдарламасы қабылданғанын қолдайды. Қазір өңірдегі жеке және заңды тұлғалар электр энергиясының бір киловаты үшін 16-18 теңге төлеуге мәжбүр. Әлеуметтік мәселесі жыл санап күрделене түскен өңір тұрғындары үшін мұның өзі қалтаға салмақ. Электр қуаты бағасының қымбаттауын тежеу үшін Алматы облысының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму бағдарламасы шеңберінде 89 су электр стансасын салу қарастырыл­ған. Солардың қатарында осы ауданға жақын маңнан Тентек, Ырғайты, Ағыны­қатты, Лепсі су электр стансалары салынбақ. Алайда әзірге бұл жобалардың қашан жүзеге асары белгісіз. «Жаңа электр стансаларына дейін көршілес Шығыс Қазақстан облысының «Бұқтырма» су электр стансасынан құны қазіргі бағаға қарағанда екі есе арзан электр энергиясын алуға мүмкіндік бар. Ол үшін аталған электр стансасын Алакөл ауданының электр жүйесіне қосу үшін небәрі 30-40 шақырым жерге жоғары кернеулі электр желісін тартса жеткілікті. Бұл тұрғындарға кәдімгідей көмек болар еді. Сонымен қатар Жоңғар қақпасына жел электр стансасын орнатуды да қолға алған жөн», – дейді Алакөл ауданының Құрметті азаматы Болат Қошқаров.

Таза су – табыс көзі

Ауыл белсенділері қордаланған мәселені шешудің бірнеше жолын ұсынып отыр. Соның бірі – аймаққа инвестор тарту. Сол арқылы түрлі кәсіпорындар ашып, жұмыссыздықты азайтуға болады. «Мәселен, біз тұрған жерден Алатаудың мұздықтарынан бастау алып, тектен-текке ағып жатқан тау өзендерінің және басқа да суы тұзсыз өзендер, қайнар бұлақтар мен жылғалардың таза суы жеткілікті. Соларды арнайы құтыларға құйып, сатылымға шығаратын өндіріс орнын ашуға болады. Бұл өнімдер еліміздің батыс өңірлері мен Біріккен Араб Әмірлігі сияқты таза суға мұқтаж шетелдерге экспортқа шығарса, табысқа кенелер едік. Бұл жобаның арқасында жергілікті тұрғындарға қосымша жұмыс орындары ашылар еді»,– дейді тұрғындар.

Депутаттар да хабардар

Тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, бірнеше рет тиісті орындарға хат та жолдаған. Жақында осы аймаққа іссапармен келген Парламент Мәжілісінің депутаты Әлия Әбсеметованы да жағдайдан хабардар етіпті. Өз тарапынан үйгентастықтардың мәселелерімен жіті танысқан Әлия Әбсеметова олардың өтінішін тиісті орындарға жеткізуге барын салып жатқанын айтады. «Мен үйгентастықтардың мәселесін көтеріп, Ұлттық экономика минист­рлігі мен Алматы облысының әкіміне депутаттық сауал жолдадым. Сонымен қатар жақында Парламенттегі «AMANAT» фракциясының мүшелері аймақтардағы сапарлары кезінде айтылған ой-пікірлерді Үкіметке жолдағанбыз. Соның ішінде де осы бұрынғы Үйгентас ауданына қатысты мәселелер де қамтылды. Әзірге Үкімет немесе Ұлттық экономика министрлігі тарапынан нақты жауап келген жоқ. Сонымен қатар кездесу кезінде жергілікті халық менен өңірді қазіргі Алакөл ауданынан бөліп, қайтадан Үйгентас ауданы етіп құрылуына ықпал етуімді сұраған болатын. Бұл мәселені сол сапарды қорытындылаған жиында облыс әкіміне жеткіздім», – дейді Әлия Әбсеметова. Үйгентас – шекаралық аймақ. Оған қоса, кезінде түрлі себептерге байланысты жеке аудан мәртебесінен айырылып қалған өңірде шешімін күткен мәселе көп. Оларды таяуда Алакөл ауданына жұмыс сапарымен келетін облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың назарына жеткізуден үмітті. Одан бөлек, үйгентастықтар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ашық хат жазған. Қазірдің өзінде елдің жайы, ауылдың ахуалы сөз болған бұл үшбу хатқа ел ағалары мен белгілі азаматтардан тұратын 58 адам қол қойыпты.

Алматы облысы