Биені түйе дейді
Биені түйе дейді
292
оқылды
Күнделікті кәсібімен нәсібін тауып, күнін көрген кәсіпкерлерді ел экономикасының негізгі драйвері деп атайтындар көп. Дегенмен онсыз да қылша мойнын талша етіп, мемлекеттік бюрократиялық кедергілерден арқасы жауыр болғандардың қатары азаймай тұр. Сондай-ақ кәсіпкерлердің көпшілігі мемлекеттік органдардың жөнсіз тірліктерінен зардап шегетінін жиі айтады. Әсіресе, шағын кәсіпкерліктен орта кәсіпкерлік санатына тиісті мемлекеттік органдардың кәсіпкерлерді еш хабарламастан енгізіп жіберу оқиғалары тым көбейе түскенге ұқсайды. Еліміздің барлық аймағындағы кәсіпкерлердің аталған түйткіл бойынша ащы жанайқайы жиі шығады... Ақмола облысында да бұл проблеманың ушыққаны соншалық, «Атамекен» ҰКП өңірлік кәсіпкерлер палатасының кезекті жиынында бірнеше кәсіпкер мен іргелі шаруашылықтардың шымбайына батқан жағдай қызу талқыға түсті. Кәсіпкерлердің айтуынша, онсыз да тексерістен көз ашпайтын кәсіпкерлер еш хабарсыз орта буын кәсіпкерлеріне айналып, бұл олардың дамуына едәуір кері ықпалын тигізе бастаған.

Мәлімет неге әртүрлі?

Мәселен, «Инсект» ЖШС-на Ақмола облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің тарапынан салық міндеттемелерін орындамау мәселелеріне қатысты тексеріс басталған. Департаменттің қолындағы деректер бойынша, аталған серіктестік орта кәсіпкерлік санатына жатады. Алайда кәсіпкердің мұнымен еш келіскісі жоқ. Өйткені https://stat.gov.kz/ сайты бойынша «Инсект» – шағын кәсіпкерлік субъектісі. Серіктестік заңгерінің айтуынша, Мемлекеттік кірістер департаменті оларды орта кәсіпкерлік санатына жатқызған кезде ешқандай хабарлама да бермеген. Ал жылдың басында серіктестікке департамент тексеріс бастап, оның арты мемлекеттік органмен соттасуға ұласыпты. «Ақмола облысының Мемлекеттік кірістер департаментімен тексерістер өткен жылы-ақ басталған. Басшымыз іссапарда болғандықтан, тексеріс кейінге қалдырылды. Сөйтіп, осы жылдың 10 қаңтарында тексеріс қайта басталды. Мемлекеттік орган бізді шағын кәсіпкерліктен бізге хабарламастан орта санатқа кіргізіп жіберген. Ал одан кейін тексерісті тоқтатып қойып, өздерінің құзыретіне кірмесе де, ЖШС қызметкерлеріне келіп, еш негізсіз сұрақ қойып, С-1 бухгалтерлік бағдарламаларын заңсыз жүктеп, тіпті қызметкерлерден 2018 жылғы алған іссапар мен жалақылары бойынша сұрақ қойыпты. Қазір ол қызметкерлер прокуратураға арызданды. Бізде қызметкерлер саны 50-ге де жетпейді. Ал орта санатқа жатқызу үшін кемінде жұмысшылардың саны 100 адамнан асқан болуы керек. Статистикалық департамент, ХҚКО-ның деректерінде біз әлі шағын кәсіпкерлік субъектісінің қатарындамыз. Ал қолында біздегі ақша айналымының дерегі бар Мемлекеттік кірістер департаменті дереу бізді орта санатқа қосуға асыққанға ұқсайды», – дейді «Инсект» ЖШС-ның заңгері Ғани Ғабдыжамалов. Серіктестік заңгерінің айтуынша, осыдан кейін мемлекеттік органмен арада сот басталған. Тағы бір дерек, «Сарытомар» шаруа қожалығы 2018-2020 жылдары орта кәсіпкерлік субъектісіне жатқызылып, кірісі 1 млрд теңгеден асып жығылған. Алайда өткен 2021 жылы компанияның жағдайы күрт төмендеп, жылдық кірісі 200 млн теңгенің айналасында болған. Статистикалық есеп тапсырғанда, шаруа қожалығы шағын кәсіпкерлік санатына ауыстырылады. Алайда 2021 жылғы қазанда Төтенше жағдайлар бөлімі тексеріс жүргізіп, Е-лицензиялау анықтамасына сүйеніп, орта кәсіпкерлік субъектісі ретінде айыппұл салады. Кәсіпкер дереу Ұлттық экономика министрлігіне жазбаша хат жолдап, мәселе көтереді. Ал министрлік қолдағы реестр дерегінің тек жылына бір рет 15 желтоқсанға дейін ғана автоматтандырылған түрде жаңартылатынын айтып жауап берген.

Департамент жоғарыға сілтейді

Аталған мәселенің кәсіпкерлерді тығырыққа тіреп, аса ауыр қиындықтарға душар етіп отырғанын Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының да басшылығы жеткізді. «Бізге бір түсініксіз жайт, шағын кәсіпкерлік субъектісін орта кәсіпкерлік санатына еш қиындықсыз айналдыра салады. Әрі ол бизнес иесі орта кәсіпкерлікке жататыны туралы хабарланбайды. Ал орта кәсіпкерлік санатынан шағын кәсіпкерлікке өту үшін қағазбастылық көп. Өтініш, басқа да дәлел құжаттары жетерлік. Ал кәсіпкерлер https://stat.gov.kz/ деректеріне сүйенеді. Біз аталған мәселе бойынша Кәсіпкерлік кодексінің 24-бабы 5-тармағына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынамыз. Өйткені аталған бапта тек шағын және ірі кәсіпкерлік анықтамасы ғана бар. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар еліміздің барлық аймағында аса күрделі болып тұр», – дейді Ақмола облысы кәсіпкерлік палатасы директорының орынбасары Расул Ермекұлы. Мәселе жөнінде Ақмола облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің де түсініктеме беруін сұрадық. Ведомство өкілі бәрі заңға сәйкес жүргізілетінін айтып, аумақтық орган ешқандай мәселе шеше алмайтынын алға тартты. «Кәсіпкерлердің шағын кәсіпкерліктен орта санатқа өтуін және орта кәсіпкерліктен шағынға ауысуын жоғарыдағы комитет, министрлік реттейді. Ал оның бәрі заңға сәйкес жүзеге асады. Хабарландыру берілмесе де әрбір кәсіпкер өз деректерін өзі қарап көріп отыруы тиіс. Олар қарап көрмегендіктен, осындай қиындықтарға душар болады. Барлығы заң аясында жүргізіледі», – дейді Ақмола облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз хатшысы Нұрлан Ысқақов.

P.S.

Сонымен, даулы мәселе бүгінге дейін сол күйі қалып келеді. Ал басына бұлт үйіріліп, ірі айыппұлдар мен тексерістерден көз ашпай қиналған кәсіпкерлер шығынға белшесінен батып жатыр. Осы орайда мәселені тиісті органдар шешіп, Парламентте қажет заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жағы қаралса деген ой келеді.

Ақмола облысы