Алматыда аттестациядан өтуге келген мұғалім тест тапсырып отырғанда қайтыс болды
Алматыда аттестациядан өтуге келген мұғалім тест тапсырып отырғанда қайтыс болды
Фото: eximware.com
731
оқылды
Алматыда мұғалімдердің біліктілігін анықтау тестін тапсырып жатқанда мұғалім қайтыс болды, – деп хабарлайды КТК. Кенеттен денсаулығы нашарлаған 49 жастағы ер адамға әріптестері алғашқы көмек көрсеткенімен, жедел жәрдем жеткенше көз жұмды. Мұғалімдердің айтуынша, сынақ ұйымдастырылған ғимаратта медициналық көмек көрсететін маман тұрмақ, дәрі-дәрмек қобдишасы болмаған. Сынақ кезінде өзін нашар сезінген ер адамға әріптестері алғашқы көмек көрсетуге тырысыпты. Жедел жәрдемнің жылдам жете қоймаған. Халы нашарлаған педагог жерде жарты сағатқа жуық тірі жатқан.
Куәгер Эльмира Иманбаева: «Көзілдірік таққан арықтау кісі қарама-қарсы келіп отырды. Қарасам, қобалжып отырды. Жан-жақтан көмектесіп, бір ағай жүрегіне, орыс қыз дем берді. Мен қолын уқалап, массаж жасадым. Алдын ала көмек беретін не мүсәтір де, не тонометр де жоқ. 25 минут жерде жатты. Неге бір медбике, дәрігер тағайындап қоймайды. Міне, қолымда жатып қайтыс болып кетті», – дейді.
Оқиғаға қатысты қалалық полиция департаменті сот-медициналық сараптама тағайындаған. Тексеру жүргізіліп жатыр. Ал Ұлттық тестілеу орталығының өкілі аттестациядан өте алмай қалған педагогтар біліктілік тестін басқа күні тапсыруына болатынын айтты. ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры Руслан Емелбаев: «Негізінде Ұлттық біліктілік тестілеуді тапсыру – ерікті. Оған еш мәжбүрлік жоқ. Бұны тапсырудағы негізгі мақсат – категориясы мен жалақысына 50 пайыз үстемақы төленіп отырады. Бұл оқиғаға байланысты, ол Алматы қаласындағы жекеменшік мектептің мұғалімі болған. Тоғыз жылдық жұмыс өтілі бар. Ол кісі тарих пәні мұғалімі болған», – деді. Министрлік аттестацияда медицина қызметкерлері болмағанын растады. Ұлттық біліктілік тестін педагогтер 2018 жылдан бері тапсырып жүр.