Ұлттық құрылтай – қоғамдық талқылаудың жаңа деңгейі
Ұлттық құрылтай – қоғамдық талқылаудың жаңа деңгейі
519
оқылды
Президент ұсынған Ұлттық құрылтай елдегі демократияны дамытудың жаңа форматына ай­нала алатынына сенім мол. Осылайша, мемлекет пен халықтың арасында қалыптасқан сенімді диалог алаңы жаңа сапалық деңгейге шықпақ. Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі жаңа ұйымды ұлтты ұйыстыру үдесінде бағалап отыр. «Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады. Құрылтай қоғамдық диалогтің біртұтас институционалдық моделін қалыптастыруға тиіс. Сөйтіп, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналатын болады», – деді Президент. Асхат Асхат САДЫРБАЙ, тележурналист, ҰҚСК мүшесі: – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің табысты жұмысын ерекше атап өтіп, Ұлттық кеңес сарапшыларының бірнеше заңды өзгертуде, жаңа нормаларды енгізуде, жалпы көптеген қоғамдық мәселені көтеріп, оның шешілуіне ықпал етуде зор үлес қосқанын жоғары бағалаған болатын. Осы кезеңге дейін бұл ұйымның көмегімен 100-ден астам нормативтік-құқықтық акт қабылданып, оннан астам заң жобасы орталық мемлекеттік органдарға және Парламент қарауына ұсынылған. Енді алдағы уақытта кеңестің орнына Ұлттық құрылтай құрылатыны жария болды. Яғ­ни, Ұлттық кеңестің ауқымы кеңейіп, оның қызметі жалпыхалықтық деңгейде жал­ғас­пақ. Ұлттық құрылтайдың бұрынғы кеңестен айырмашылығы қандай болады дегенге келсек, оның құрамында барлық өңірдің белсенділері, Ұлттық сенім кеңесінің бұрынғы өкілдері, депутаттар, сарапшылар, саясаттанушылар болмақ. Әрине, атқарылатын жұмыс өте ауқымды. Құрылтайдың алдында үлкен міндет тұр. Бұрынғы кеңесте бірнеше аймақтардан сарапшылар болған болса, бұл жолы Ұлттық құрылтай барлық өңірлерді толық қамтиды деген үміттемін. Әрі алдағы атқарылатын жұмыстардың маңызына және нәтижелеріне үлкен сенім артамын. Өйткені көтеретін проблемалар көп. Әсіресе, аймақтарда қордаланып қалған мәселелер бар. Оларды сол аймақтардан қосылған қоғам белсенділері көтеріп, осының барлығына біркісідей атсалысады деп ойлаймын. Максим Максим СПОТКАЙ, ҚХА кеңесінің мүшесі: – Ұлттық құрылтай – аса маңызды бастама. Ол жалпыұлттық диалогті жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді. Оған белсенді азаматтар, түрлі саланың сарапшылары, өңірлердің өкілдері кіреді деп жоспарланып отыр. Бұл еліміздің ең маңызды әрі өзекті мәселелерді талқылайтын жалпыұлттық өкілетті алаңға айналады. Құрылтай – бұл біздің елімізде тарихи түрде қалыптасқан институт. Жалпы, мем­лекеттің күн тәртібіндегі негізгі мәселелер көне заманда осы қоғамдық жиналыстар арқылы шешілді. Ұлы дала тарихының бағытын түбегейлі өзгерткен мәселелер мен шешімдер құрылтайда айтылып, бітім жасалды. Құрылтай ендігі жерде де проблемалар талқыланатын және сонымен қатар сол немесе өзге мәселелердің нақты шешімі ұсынылатын алаңға айналады деп сенемін. Оның Парламенттен айырмашылығы неде? Қазақстандағы Парламент – кәсіби түрде заң шығарушы орган. Яғни, мұнда депутаттар тұрақты негізде күн сайын жұмыс істеп, заң жобалары әзірленеді. Ұлттық құрылтайда әр жастағы алуан мамандықтағы және түрлі этностағы адамдар өздерінің негізгі жұмысымен тұрақты негізде бірлесе еңбек етеді. Олар өз бастамалары мен ұсыныстарын ел басшылығына ұсыну үшін әр кезеңде бас қосатын болады. Осындай адамдар өз салаларындағы мә,селелерді жақсы біледі әрі әлеуметтік әр топтың атынан сөз алады. Олардың жеткізетін пікірі де ескерусіз қалмайды. Құрылтай ұлттық парламентаризм жүйесін толықтыра түседі, демек жоққа шығармайды. Сонымен қатар егер аймақтардағы қоғамдық кеңестерді құрылтай аясында біріктіруге болатын болса, онда осы институттардың жаңа тынысы ашылады деген сөз. Бұл қоғамдық кеңестерді дамытудың жаңа кезеңі басталғанын білдіреді. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылтай жұмысындағы маңызды рөлдің бірін атқаруы керек деп ойлаймын. Ассамблея еліміздің барлық этностарын білдіреді. Түрлі этникалық топтарды Қазақстанның қоғамдық саяси өміріне, жалпы мемлекеттік жобаларды іске асыруға барынша тарту маңызды болып отыр. ҚХА елімізде жүргізіліп жатқан реформалардан бөлек қалмауы керек. Қазақстан халқы Ассамблеясы этностар арасында құрылтай арқылы Президент реформаларының жетекшісі бола алады. Бұл жалпыұлттық диалогтің мүлдем жаңа алаңы болады. Президент пен халық арасындағы жаңа сипаттағы ті­келей диалогтің бір түрі екені ақиқат. Ол – Президент реформаларын жүзеге асыру тұрғысынан аса маңызды инс­титут. Ашық болмайынша, қоғамдық диалогсіз реформа жүргізу мүмкін емес. Сондықтан реформаларды толыққанды, тиімді іске асыруға құрылтай жұмыла кірісетін болады.