«Мырс-мырс» күлкі оқырманға жол тартты
«Мырс-мырс» күлкі оқырманға жол тартты
605
оқылды
«Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім» демекші, (Сейіт Кенжеахметов), әдебиеттің жүзі қылпылдап тұрған осы өткір жанрына батылы барып, ат шалдыратындар некен-саяқ. Бүгінде сатира сарбаздарының қатарында біздің әріптесіміз Әдебиет Белгібайұлы да бар. Жақында Қарағанды қаласында сықақшының «Мырс-мырс» атты әзіл-сықақ әңгімелер жинағының тұсауы кесіліп, оқыр­манға жол тартты. Кітап «Мағауия Сембай атындағы журналистерді қолдау қоры» қоғамдық қорының демеушілігімен «Ortalyq Qazaqstan кітапханасы» сериясы аясында жарық көрді. Алғашқылардың бірі болып сөз алған күлкі корифейі, сатираның сардары Көпен Әмірбек ақжарма тілегімен, келісті әзілімен кештің көркін аша түсті. – Қош, шабындықтай шабылып, пішендей үйілген, көдедей көп күлкінің ішіндегі Әде­биет­тің күлкісі қандай күлкі? «Мырс-мырс» күлкі. Кімге күле­ді? Нені келеке етіп, неменені келемеждейді? Тақырып аясы кең. Бүгінгі бүтін қоғамның жегі құр­тына айналған жемқорлық пен парақорлық, аярлық пен аш­көздік, ұйымдасқан қылмыс пен ұйыққа батырған сыбайластық. Кей пенденің керенаулығын да кез­дікпен тілгендей «арам безде­рін» алып тастайды. Арамдықтан арыл­тады. Күледі. Мырс-мырс кү­леді, – деп сөзін бір қайырды са­тирик. Осыдан кейін Көпен ағамыз шәкіртінің адами қырына қарай ауысты. «Біреуге бүйрегін берген азаматқа бүйрегің қалай бұрмайды» деп Әдебиеттің туған жиеніне донор болып, бір бүйрегін бергенін тілге тиек етті. – Тұсауы жаңа кесілген «Мырс-мырс» кітабы – Арқа оқыр­маны үшін үлкен олжа. Мен Мағауия ағамыздың о дүниеде бауырларына осындай шапағатын тигізіп жатқанына толқып, тебір­еніп тұрмын. Қор әрі қарай да жұмыс істей береді. Жоспарлағанымыздай, жылда бір ардагердің, бір қызметкердің кітабын шығарып отырамыз, – деді кітаптың жарық көруіне тікелей себепкер болған қор төрағасы Ерсін Кәрібайұлы. Сонымен қатар «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бекзат Алтынбек, шығарма­шылық ортада жүрген аға буын өкіл­дері мен жерлестері кеш ие­сіне жылы лебізін білдіріп, сыйлықтарын табыстады. Кеш барысында Сәкен Сейфуллин театры әртістері автордың «Икасай» әңгімесін әдемі сахналап берді. Сондай-ақ қазақтың аяулы әншісі Сейіл Аяған, дәстүрлі әннің дүлдүлі Бекжан Әкей әнмен әр берді.