"Бір мұғалім 4 пәнді оқытады". Үшаралда ғимараты жоқ колледж жұмыс істеп тұр
"Бір мұғалім 4 пәнді оқытады". Үшаралда ғимараты жоқ колледж жұмыс істеп тұр
457
оқылды
Алматы облысының Үшарал қаласында болашақ тіс дәрігерлері, медбикелер мен фармацевтерді оқытатын колледждің қағаз жүзінде атауы бар, ғимараты жоқ болып шықты. Ал студенттер екі жыл бойы үйде отырып, онлайн білім алған. Өздеріне үш мұғалімнің ғана дәріс оқығанын айтады. Құжат қабылдаған "Талант-К" медициналық колледжінің басшылығы пандемияны сылтауратып, ғимарат мәселесін шеше алмай келеді. Ал тек қашықтан білім алған студенттерді ешбір аурухана мен емхана тәжірибеден өткізуге келіспей отыр, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы.  
"Сабақтар бірінші жылы ғана онлайн, әрі қарай офлайн өтеді. Сіздерге ғимаратты жалға алып береміз. Өйткені, 260 мың теңгенің 50 мың теңгесі жалға алуға кетеді" деді. Ал қалған 210 мың теңгенің білім үшін төленетінін айтқан еді. Үш-ақ мұғалім, бір мұғалім төрт пәннен сабақ береді", – деді "Талант-К" медициналық колледжінің студенті Құралай Кәкімжанова.
Ал колледж құрылтайшысы студенттердің сөзін жоққа шығарды.
"Біздің колледжде 3 мұғалім ғана сабақ береді деген жалған ақпарат. Штатта 18 мұғалім жұмыс істейді", – деді "Талант-К" медициналық колледжінің құрылтайшысы Әсел Омарова.
Құжаты бар, бірақ ғимараты жоқ колледж студенттері алғаш білім ордасына түскенде құжаттарын дүкенге келіп тапсырған. Дүкеннің сыртында "қабылдау комиссиясы" деп жазылған және есігінде "Талант-К" колледжінің қандай мамандықтар бойынша оқытатыны, қандай құжатпен қабылдайтыны жазылған.
"Мен осы дүкеннің иесімін, оны жалға беріп отырмын", – деп растады Үшарал қаласының тұрғыны Ләззат Ермұзанова.
Медициналық колледждің директоры Талант Омаров әкімшіліктен студенттерді жергілікті ауруханаларда тәжірибеден өткізуге көмек сұрады.
"Балалар демалысқа кеткен кезде біз қайтадан келісімшарт жасасып, қыркүйекке дейін ғимарат қарастырып қоямыз", – деді "Талант-К" медициналық колледжінің директоры Талант Омаров.
Алайда аудандық аурухананың бас дәрігері "Талант-К" медициналық колледжінің студенттерін тәжірибеден өтуге қабылдаудан бас тартып отыр.
"Екі жылдан бері "Талант-К" колледжінің студенттері ғимаратта отырып сабақ оқыған емес. Біз қабылдай алмаймыз. Себебі, стандартқа сай келмейді", – деді Алакөл аудандық ауруханасының директоры Асхат Бутабаев.
Алакөл ауданының әкімі колледж басшылығының Үшаралдан ғимарат салуға жер сұрағанын, конкурс жарияланбағандықтан жер әлі берілмегенін айтты. Ал Үшарал бойынша оқитын 118 студент құқық қорғау орындарының кешенді тексеру жүргізгенін қалайды.