Бекет Тұрғараев: Өз-өзіме мола тұрғызған емеспін
Бекет Тұрғараев: Өз-өзіме мола тұрғызған емеспін
©Aikyn.kz
1,520
оқылды
Кешелі бері әлеуметтік желіде бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы сотының төрағасы Бекет Тұрғараев әйелі екеуіне дайындап қойған хан сарайындай моласы сөз болып жатыр. Кейбірі «мына кісі өмір бойғы жалақысын сарай-мола соғуға жинаған ба, әлде бұл мола бейшаралардың нақақ көз жасына салынған ба?» деп сынап-мінеп жатыр. Осының анық-қанығын білу үшін Бекет Тұрғараевтың өзіне хабарласқан едік. Айтуынша, ол өз-өзіне мола тұрғызбаған. Заң ғылымдарының докторы, руханият жанашыры Бекет Тұрғараевтың бастамасымен бой көтерген «Бабалар рухына тағзым» кешені Шымкенттен Сарыағашқа қарай шыққанда Қазығұрт аумағындағы Сарапхана елді мекенінен басталады. Екі гектар жерді алып жатқан кешен Жалаңтөс баһадүр мен Салқам Жәңгір ханның ат үстіндегі айбарлы көрінісінен басталған. Үш бидің ой үстіндегі отырысы, Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына арналған «Бабалар рухына тағзым» кесенесі, «Аналарға тағзым» монументі, этно ауыл саябаққа ұласып, жанынан «Бекет ата киелілер кесенесімен» толыққан. – Кесененің маңдайында жазылғандай кесене Бекет ата Мырзағұлұлының 270 жылдығына арнайы тұрғызылған. Орталық музейден Қазақстанның барлық облысындағы қасиетті әулиелер жатқан кесенелердің суреті жинақталған кітап шыққан. Содан біз Түркістан облысына қатысты 20 шақты әулиелерді орналастырдық. Онда да олардың жатқан жерінен топырағын алып, капсулаға салып, жәшікке қойдық. Осының бәрін өзім ұйымдастырып, жобасын астанада жасатқанмын. Жергілікті әкімдіктен рұқсаты алып, жері сатып алынған. Бар мақсатымыз – туризмді дамытып, еліміздің жан-жағында орналасқан қасиетті нысандарды бір жерден тауып, тарихты білуіне жағдай жасау. Міне, осының бәрі дайын болған соң соның ішіне әкемнің, шешемнің бюстін қойғанмын. Алайда бәзбіреулер әке-шешем ескерткіші туралы айтпай, тек әйелімдікін көрсеткен. Тіпті «кейін әйелі, өзі сол жерге жатады» деп те жатыр. Кімнің алдынан, кімнің артынан өлетінін бір құдай біледі. Ол жерге жатамын деп істеген емеспін. Оны халықтың ықыласы көрсетер. Жасыратыны жоқ, ауылыма, халқыма еңбегім сіңді, оның бағасын өздері берер. Бірақ осыны фейсбукке салып, елдің бәрін шулатып жүрген ниеті түзу еместердің ісі, – дейді Бекет Тұрғараев. Оның айтуынша, экс-судья зейнетке осыдан 12 жыл бұрын шыққан. Қазір бүкіл уақытын руханиятты жаңғыртуға арнап жүр. – Кесене бір ғана өз қалтамның ақшасына тұрғызылған жоқ. Інілерімнің көмегі бар. Олардың шаруашылықтары бар, су шығарады, мал ұстайды. Тапқан-таянғанды игі іске жұмсаймыз. «Судья қатынына анандай ескерткіш қойыпты» дегені пара жеді деп меңзегені ғой. Зейнеткерлікке шыққанда 2 жылдық ақшаны беретіні бар. Сол 50 мың долларды жаратып, 2010 жылы Бекет атаның 260 жылдығына  Шымкентте үлкен халықаралық конференция өткіздім. Сол кезде Қойшығара Талғарин, марқұм Әзілхан Нұршайықов бастаған бір топ зиялылар қатысқан. Ел-жұрт менің не істеп жүргенімді біледі, – дейді Бекет Тұрғараев. https://www.youtube.com/watch?v=yEF9S8E3mX4