Жаңа ғимарат жыры
Жаңа ғимарат жыры
488
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңадан үш об­лыс құру (Абай, Жетісу, Ұлы­тау) туралы бастамасын сол ай­мақтың тұр­ғындары қуана қа­былдады. Қазір Шығыс Қазақ­станда екі облысты бөлуге да­йын­дық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Әрине, екі облыс бөлінген соң бас­қармалар мен департаменттерге, респуб­ликалық мекемелердің филиалдарына ғимарат қажет болатыны айтпаса да түсі­нікті. Семейде жаңадан ашылатын мекемелерге ғимарат іздеу жұмыстары басталып та кеткен секілді. Басталғанда қалай басталды десеңізші?! 12 сәуірде жергілікті әлеуметтік желілерде қаладағы Геодезия және картография колледжінің бір топ студенттерінің жиналып «Біз қарсымыз!» деп айқайлаған видеосы тарап, бұл тақырып сол күні қызу тал­қыланды. Олардың қарсымыз деп шыр-пыр күйге түскені – колледждің оқу кор­пустары жаңадан құрылатын Абай облысының күштік құрылымдарының біріне берілмек болған екен. «Пагон таққан азаматтар ғимаратты қарап, ара­лап, көріп шығыпты. Мұндай идея кім­нің ойына келді екен? Президентіміз «Жаңа Қазақстан құрамыз, жаңа облыс­тар ашамыз» деп жатқанда, бұл Мемлекет басшысының бастамасына немқұрайлы қарау емес пе?», – дейді колледж түлек­терінің бірі Димаш Төлебаев. Сол күні осыған ұқсас пікірлер көп жазылды. Бұл шешімді қолдағаннан гөрі қарсылық танытқандардың қатары көп болды. «Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды» демекші, колледждің басшылығы да осындай сөздің болғанын жоққа шығармады. Колледжге уақытша құрылыс колледжін паналауды ұсынға­нын, бірақ оқу корпустарының нақты қай ведомствоға берілетіні әзірге белгісіз екенін жасырмай айтты. «Қазір жағдай бұлыңғыр. Ешкім ешқандай шешім шы­ғарған жоқ, бұйрық, қаулы қабылдаған жоқ. Бүгін облыстық Білім басқармасы бар­лық колледждермен жиналыс өткізді. Қазір осының бәрін талқылап жатыр­мыз – мүмкін, ғимараттарды жөндеп, қайта жабдықтауды олар тиімсіз деп та­бар», – деді колледж директоры Қаныш Төлеуов республикалық сайттардың біріне берген сұхбатында. 12 сәуірде кешке қарай облыстық Білім басқармасы бұл мәселеге байла­нысты түсініктеме берді. «Қазір Білім басқармасы Абай облысының құрыла­тынына байланысты колледждің мате­риалдық-техникалық базасына сарап­тама жүргізіп жатыр. Сыбыстың тарауы осымен байланысты шығар. Колледжді жабу немесе оны басқа колледжге қосу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Студенттер сәйкес мамандықтары бо­йынша диплом алады. Семейдегі барлық колледж облыс қана емес, республика бойынша маңызды кадрларды дайындап жатыр. Студенттердің ата-аналарына алаңдауға негіз жоқ», – деді басқарма басшысы Сайрангүл Жұмәділова. Сол күні Семейдегі басқа да колледж­дер мен мектеп ғимараттары жаңадан құрылып жатқан Абай облысының әкімдігіне қарайтын құрылымдарға берілуі мүмкін деген ақпарат та тарады. Технология колледжі мен музыка мектебі оқушыларының ата-аналары мен мектеп ұжымы алаңдаушылығын білдіріп: «Қа­ладағы ең ірі, 75 жылдық тарихы бар нысанды қалай ғана бере салмақ? Прези­дентіміз 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады емес пе? Сонда балаларға жасаған сый-құрметіміз осы ма?» деп жазды. Бұған Шығыс Қазақстан облысы­ның әкімі Даниал Ахметов: «Семей қаласындағы мектеп болсын, ол мейлі шығармашылық, музыкалық бағытта болсын, тіпті колледждің кез келген ғимаратын ешкім босатып бермейді және оларды ешкім тартып алмайды. Бізде жаңадан құрылатын мекемелерге орын­дар жеткілікті. Сол себепті алаңдауға еш негіз жоқ», – деп жауап берді. Айта кетейік, Семейде 32 колледж бен 8 жоғары оқу орны бар. Ал 1946 жылы іргетасы қаланған Геодезия және карто­графия колледжі – «геодезия және кар­тография» мамандығы бойынша маман даярлайтын республикадағы жалғыз орта кәсіптік білім беретін оқу орны. Осы уа­қытқа дейін білім ошағы 18 мыңнан ас­там маман даярлапты. Колледж түлек­тері Қазақстанда ғана емес, Ресей, Бан­гл­а­деш, Үндістан, Түркия елдерінде ең­бек етуде. Бүгінде мұнда 440 студент оқиды. Айтпақшы, әлеуметтік желіде ғимарат іздеп, білім нысандарына көз салғандарға ғимарат тізімін ұсынғандар да болды. Семейлік қоғам белсендісі Мұрат Сүлей­меновтің айтуынша, Шәкәрім универ­ситетінің Ә.Тәңірберген көшесіндегі оқу корпусында, бұрынғы Қазынашылық департаментінің ғимаратында, Достаев­ский көшесіндегі әкімшілік ғимаратта, Абай көшесіндегі студенттер үйінде, Абай атындағы кітапханада, бұрынғы «Еңлік-Кебек» кинотеатрында бос орын бар. «Мен мұны неге айтып отырмын? Біріншіден, бұл нысандар мемлекет меншігінде. Демек, сатып алудың қажеті жоқ. Екіншіден, орталық алаңда, әкім­дікке жақын орналасқан», – деп жазды ол Facebook парақшасында.

Шығыс Қазақстан облысы