Тұрардан алып, Шерханға берді
Тұрардан алып, Шерханға берді
941
оқылды
Бір жеті бұрын бес министрліктің қарауы­нан өтіп, Үкімет отырысында қолдау тапқан Жамбыл облысындағы білім нысандарына тарихи тұлғалардың есімін беру туралы шешім шыққан. 43 мектеп пен бір мәдениет үйі атауының өзгергеніне жалпы бұқара қар­сы емес. Алайда «Бұған дейін Алаш ардақ­тысының атымен аталған мектептен тарихи тұлғаның есімін алып, оның орнына басқасын беру қаншалықты дұрыс?» деген сауал халықтың санасына салмақ салып, ойларын сан саққа жүгіртіп қойды. Ең әуелі Үкімет қаулысына келсек, Әулиеатадағы 43 мектепке Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Оралхан Бөкей, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Ораз Жандосов, Қаныш Сәтпаев, Мұхтар Әуезов, Дінмұхамед Қонаев, Асанбай Асқаров, Шерхан Мұртаза сияқты Алаш және қоғам қайраткер­лері,ғалымдар,жазушылар және басқа да тарихи тұлғалардың есімдері берілген. Ал Жамбыл ауданын­дағы мәдениет үйі енді Шәмші Қалдаяқовтың есімімен аталады. Мұндағы жұрттың айтуынша, мәдениет үйі орналасқан Жалпақтөбе ауылында вальс королі Шәмші Қалдаяқов 18 жылдай өмірін өткізген екен. Сондықтан мәдениет ошағына аңыз адамның есімі берілгеніне көпшілік дән риза. Бұдан бөлек, жамбылдықтарды шындықтың шырақшысы Шерхан Мұртазаның есімімен төрт бірдей мектеп аталатыны қуантты. Оның бірі Жуалы ауданында №1 мектеп-гимназия болса, екіншісі – Қордай ауданындағы №6 мектеп. Сондай-ақ Тараз қаласындағы №30 мектеп-гимназия мен Шу ауданын­дағы бұрынғы Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп Шерағаның атымен аталатын болды. Әрине, бұл – бас бармақпен бағалайтын шешім. Алайда халық арасында «Шу ауданындағы мектепті Тұрардан алып, Шерханға беру дұрыс па еді? Шерхандай тұлғаға беремін десе, басқа мектеп құрып қалып па? Екі бірдей тарихи тұлғаны бір мектепке таластырып қойғаны несі?» деп көңіл толмаушылық білдіргендер болды. Мәселен, қоғам белсендісі Жеңіс Сариевтің айтуынша, ұлылар­ды ұлықтау бұлай жүргізілмеуі керек екен. «Облыстағы бірқатар білім ошақтарына қазақтың ұлы тұлғаларының есімдері берілгені туралы жазған хабарға қуандық. Толық танысу үшін Үкіметтің қаулы­сына көз жүгіртіп едім, тиісті мекемелердің түсіндіруі қажет ететін сұрақтар шыға келді. Сарысуда бір мектептен С.Сейфуллиннің атын алып тастап, Д.Қонаевтың есімін беріпті. Шу ауданы бойынша тіпті қызық. Жамбылдың атын алып тастап, А.Байтұрсыновтың атын берсе, Төле бидің орнына Д.Қонаев, Ы.Алтынсариннің орнына К.Әзірбаев, Т.Рысқұловтың атын Ш.Мұртазаға, М.Әуе­зовты М.Дулатовқа ауыстырған. Бұл не сонда? Қандай себеп болды екен? Төле би, Жамбыл, Алтынсарин, Рысқұлов, Әуезов, Сейфуллин аудан әкіміне, ономастика комиссиясына, Үкіметке несімен ұнамады екен? Ұлыларды жерге таптады дейін десем, сол қаулыда Рысқұлов, Әуезов, Сейфуллин есімдері басқа аудан мектептеріне берілген. Осының алдында мектептердің ескі атауларын өзгертіп, «1,2,3» деп нөмірлеп еді. Енді қайта өзгертілді. Алаш ардақтылары мен ұлт зиялыларын құрмет­тегісі келсе, облыс көлемінде Кеңес Одағынан қалған, «1,2,3» нөмірлі атауы бар мектептер жетеді ғой. Мыса­лы, өзім тұратын Аса ауылында нөмірі 1 және Гагарин мектебі бар. Білім басқармасы ондайларды неге қал­дыр­ды? Білім ұйымдарының атауларын жылда ауыс­тырмай, бір қаулымен неге реттемеді?», – дейді Ж.Сариев. Жалпы, әлеуметтік желі қолданушыларының жазбаларының дені осы пікірге сайып тұр. Сондықтан біз бұл мәселеге жауапты мекемелер қалай жауап беретініне зер салған едік. «Үкіметтің шешімімен облыста 44 нысанға тарихи тұлғалардың есімі беріліп, кейбірлері қайта аталғаны туралы хабарлама берілген еді. Нысан саны көп болған соң биыл мерейтойлары аталып өтіп жатқан тұлғаларды жекелеп көрсеткен болатынбыз. Алайда сұрақтар туын­дауда. Сарысу және Шу аудандарындағы Төле би, Т.Рыс­құлов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Жамбыл, Ы.Алтын­сарин атындағы мектептердің қайта аталуы бойынша. Кезінде Сарысу ауданы мен Жаңатас қаласы, Шу ауданы мен Шу қаласы қосылғандықтан кейбір мек­тептердің атауы қосарланып кеткен. Олар бір аумақтық бірлікте орналасқан соң қиындықтар туғызуда, осыған орай ауыстыру туралы өтініштер бірнеше рет түсті. Осыған орай қолданыстағы заңнамаларға сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілді. Ата- аналар, мектеп ұжым­дарынан қолдау тапты. Осыны ескере отырып ауыс­ты­рылды. Бірақ өзге тарихи тұлғалар атындағы мек­теп­­тер сол аудандарда бір-бірден сақталып қалды», – дейді облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова. Әрине, байыбына бармай жатып, байбалам салу­дан аулақпыз. Алайда Тілдерді дамыту басқарма­сының жауабы бұқара тарапынан туған түсінбеушіліктерге нүкте қойды дей алмаймыз. Шынтуайтына келгенде, Та­раз қаласында маңдайына таңбаланған нөмірден, ал аудан­дарда Ломоносов, Горький, Гагарин, Пушкин, Трубицын, Савва, Гродекова, Чкалов сынды атаулардан арыла алмай келе жатқан мектептер аз емес. Егер осы нысандарға тарихи тұлғаларды бір-бірімен та­ластырмай, бірінің есімін берсе, ешкім қой демес еді. Әттең, ұлыларды ұлықтауда да солақай саясаттың солқылы сезіліп тұрғаны іш қынжылтады. Бұдан біз­дегі билік ертең емес, бүгін бір сабақ шығарады деп сенеміз.

Жамбыл облысы