Адам құқы – басты құндылық
Адам құқы – басты құндылық
565
оқылды
Президент таяуда Адам құқықтары туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Осылайша, Мемлекет басшысы еліміздегі адам құқын одан әрі нығайта түсуге шешім қабылдады. Онда әйелдерге қатысты дискриминацияны жою, мүмкіндігі шектеулі жандарға, азаптау мен қинаудың алдын алуға, адам саудасы құрбандарына, азаматтығы жоқ мигранттарға және босқындарға қатысты адам құқықтары жөнінде нақты шаралар қарастырылған. Марат Сәрсембаев Марат СӘРСЕМБАЕВ, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның Эксперттік кеңесінің мүшесі, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры: – Кеңауқымды шаралар ке­шені қамтылатындықтан, бұл Жар­лықтың маңызы өте зор. Он­дағы қозғалатын мәселелердің өзім анағұрлым өзекті деп са­най­тын бірқатарына ғана тоқталып өтейін. Мәселен, әйелдерге қа­тыс­ты дискриминацияны жою жайына келер болсақ, елімізде таяуда Конституцияға өзгерістер енгізу қарастырылып жатыр. Міне, дәл осы кезде менің ойым­ша, Ата Заңымыздың адам мен азаматтардың құқықтары туралы бөліміне әйелдер мен ер адам­дардың құқық теңдігі деген нор­маны енгізіп жіберу қажет деп санаймын. Сол кезде консти­ту­циялық норманың негізінде басқа да заңдарды батыл қабылдай беруге болады. Бұл ер адам мен әйел адамның құқын теңестіруде нақты жетілдірілген нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Азаптау мәселесіне келер бол­сақ, қаңтар оқиғалары бұл проб­лемалардың өзекті еке­нін көрсетті. Ақпарат құрал­да­рында жарияланған мәліметтер бойынша, мұндай 300-ге жуық дерек тіркелген. Олардың жарты­сы бойынша қылмыстық істер қоз­ғалды. Ендігі кезекте бұл ба­ғыт­та соттар қандай шешім қа­был­дайтынын аңдап көру керек. Біздің елімізде азаптау деректеріне тыйым салатын құқықтық қаты­настар бар. Адам тергеу орында­рына түскен кезде ешқандай да азаптау мен қинау әрекеттері қол­данылмауы тиіс. Бұл туралы түбегейлі мәлімдеме жасалып, үзілді-кесілді жол берілмеуі керек деп санаймын. Азаптау әрекеттері еліміздің Қылмыстық кодексімен жазаланады. Одан бөлек, Қазақ­станда азаптауға қарсы күрестің Ұлттық превентивті шаралары қолданыста бар. Бізге бұл бағытта әлі де болса кең көлемде жұмыс істеу қажет. Өзім заңгер маман ретінде қылмыс жасаған адамның кінәсін азаптау және қинау әдіс­терін қолданбай-ақ дәлелдеуге болады деп санаймын. Айталық, өтірікті анықтау детекторы ар­қылы білуге болады. Егер оны бі­ліктілігі өте жоғары полигра­фолог жүргізетін болса, мұнда үлкен жетістікке жетуге болады. Одан бөлек, криминалистиканың бүгін­де қол жеткізген жетістіктері мен көптеген заманауи әдісі бар. Мұн­да барлығы да біліктілігі жоғары тергеушілерге байла­ныс­ты. Қалай болғанда да, заңсыз жұмыс әдіс­теріне жол бермеуге болады. Тағы бір ұсынысым, полиция ғимаратындағы камераларды қадағалау Ішкі істер министрлігіне емес, Бас прокуратураға жүктелуі керек. Оған арнайы прокурор жа­уап беруі тиіс. Ондағы бейнежа­з­баларды алу оның келісімімен жүруі тиіс. Сондай-ақ тергеу ба­ры­сында азаптауға ұшыраған адамдар шағымдануы үшін оны жасаған сол полицияның өзіне жүгінбеуі қажет. Тіпті, басқа да құқық қорғау органдарына да хабарласпауы керек. Тікелей сот орындарына хабарлауы тиіс. Мұн­да полиция­ның немесе өзге­дей де құқық қорғау органдары тарапынан ал­дын ала тергеу жүр­гізілмеуі қажет. Ал сотта мұндай істерді алқа билер қарағаны жөн. Бұл институтты дамытуды Прези­денттің өзі де айтып отыр. Оның өзінде де, мұндай істер анго-саксондық жүйе деп аталатын әдісте қаралуы керек. Мұндай ағылшын құқы біздің елімізде Астана қаржы орталы­ғында жү­реді, ал ендеше оны неге азаптау бойынша сот төрелігі жүйесінде де қолданбасқа? Мигранттар туралы да осыны айтар едім. Елімізге жылына 20 мың­ға жуық еңбек мигранты ке­ле­ді екен. Ал туризм, білім алу, ем­делу, қызметтік іссапар, тұрақ­ты тұруға емес, транзит сияқты тағы да басқа мақсаттармен жылына 2 миллионға жуық адам келіп, кетеді. Бұл – пандемиялық немесе дағдарысты жылдарды есепке алмағандағы көрсеткіш. Елімізде «Көші-қон туралы», «Бос­қындар туралы» заңдар бар. ТМД арасындағы Еңбек мигрант­тарының құқын қорғау туралы конвенциясын ратификация­ла­ған. Бірақ мен Қазақстан 1990 жылғы жылғы 18 желтоқсанда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 45/158 қарарымен қабылданған Барлық еңбеккер-мигранттар мен олардың отбасыларының құқын қорғау туралы халықаралық кон­венцияға қосылып, ратифика­ция­лар болса, өте жақсы болар еді. Бұл құжатты 56 мемлекет қол қо­йып, ратификациялаған. Өйт­кені Украинадағы жағдай осыны аңғартып отыр. Оны қабылдаған жағдайда Қазақстан өзінің адам құқы жөніндегі міндеттемелерін кеңейтіп қана қоймай, халық­ара­лық қауымдастық алдындағы беделін де нығайта түсер еді.