Терезеден екі бала құлады
Терезеден екі бала құлады
© inform.kz
375
оқылды
Соңғы үш күнде Қарағандыда көпқабатты тұрғын үйлердің терезесінен екі бала құлап кеткен. Бірінші жағдайда үш жасар қыз бала зардап шексе, екінші оқыс оқиғада төрт жасар ұл бала ауыр жарақат алды. Кеше Қарағанды қаласы Құрылысшылар даңғылындағы көп қабатты үйдің екінші қабатынан төрт жасар бала құлап кетті. Алдын ала мәліметтер бойынша, бала ересектердің қарауынсыз қалған. Зардап шеккен бүлдіршін жағдайы орташа ауыр, ол балалар жарақаты бөлімінде жатыр. Жедел түрде жіліншік сүйектерінің ашық сынығына операция жасалған. Дәл осыған ұқсас жағдай 16 сәуірде де тіркелді. Гоголь көшесіндегі 5 қабатты тұрғын үйдің 5-қабатының терезесінен 2019 жылы туған қыз бала құлап кеткен болатын. Қыз баланың жағдайы тұрақты ауыр. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр.
– Күн жылынып, көпшілік терезе аша бастайды. Баланың терезеден құлау жағдайлары да осы кезеңде көбейеді. Неге құлайды? Жауабы қарапайым – терезедегі шыбын-шіркейге арналған тор. Торға сүйенемін немесе содан ұстаймын деген балалар жерге құлайды. Оның алдын алу шешімі де оңай, терезе ашылмау үшін арнайы блок қою немесе құлып орнату. Қазір құлыптар 5 мың теңге шамасында. Сіздің балаңыздың өмірі мен денсаулығының құны үшін 5 мың теңге көп емес, – дейді Қарағанды облыстық травматологиялық қызмет бойынша ситуациялық орталықтың басшысы Ерік Шонбаев.
Ал ТЖД қызметкерлері мұндай жағдайдың көпшілігі ата-аналар балаларын қараусыз қалдырған кезде болатынын еске салды.