NASA-ның ғарыш мектебіне шақырту алған павлодарлық оқушы жайында не білеміз?
NASA-ның ғарыш мектебіне шақырту алған павлодарлық оқушы жайында не білеміз?
814
оқылды
Павлодардағы мектептердің бірінде оқитын 8-сынып оқушысы Ярослава Кравчук АҚШ-тың Хьюстон қаласында орналасқан NASA-ның халықаралық ғарыш мектебіне шақырту алған. Ол ойлап тапқан ғарыштық құрылғы NASA-ның дарынды балаларға арналған грантын иеленді. Құйрықты жұлдыздар мен астероидтар топырағынан сутегі отын өндіретін шағын ғарыш аппаратының үлгісін жас ғалым Сәтбаевтың есімімен Kanysh деп атаған.
– Геология мен химияға еңбегі сіңген үлкен ғалым Қаныш Имантайұлының есімімен Kanysh деп атадым. Бүкіл әлемге туған өлкемді ғана емес, Қаныш Сәтбаевтың есімін танытқым келді. Екеуміз жерлеспіз, Павлодар облысы Баянауыл ауданының тумасымыз. Сондықтан туған жеріме, марқұмға құрметім еді. Оның үстіне ғұлама ғалым секілді бұл құрылғымның да елге тигізер еңбегі зор болар, – дейді Ярослава Кравчук.
Оның айтуынша, құрылғыны жасауға жарты жыл уақыт кеткен. Физика-математика сыныбында оқып жүргенде химия бойынша олимпиадаға қатысқан. Сол кезде экологиялық таза отын шығарғысы келген. Сөйтіп құрылғы арқылы жерүсті көздерден алынған суды пайдаланған.
– Бүге-шүгесіне дейін ойластырып, макетін 3d моделінде түсірудің өзі көп уақытты алды. Тіпті, жаңажылдық мерекеде түнімен жұмыс істедік. Бәрі ойдағыдай шықты. Іріктеуден өтіп, халықаралық білім бағдарламасына ілігіп, еліміздің атын асқақтатқанға қуаныштымын. Енді елімізде ғарыш іліміне деген қызығушылық арта түседі. Осының бәрі Алматыдағы «Spacecraft» техникалық мектебінде ракетақұрылымын үйрететін ұстазым Евгения Бовсуновскийдің арқасы. Маған сеніп, ойға алған дүниені жүзеге асыруға көмектесті, – деді жас ғалым.
United Space School мектебіне түсу – Ярославаның бала арманы. Кез келгенді қабылдай бермейтін білім ордасы талапкерінің ғарыштық ілімінен бөлек, жасына да қарайды. Мысалы, онда тек 15-18 жас аралығындағы оқушыларды қабылдайды.
– Өзім наурызда ғана 15-ке толдым. Оның үстіне өзгелердің менен гөрі тәжірибесі көбірек. Өтпей қаламын ба деген қорқыныш болды. «Үмітсіз шайтан» дегендей, басқа балалар секілді мен де осы мектептің тәжірибесінен өткім келді. Арманым орындалды, – деген Ярослава ғарыш ғылымына деген қызығушылығы 6 жасынан басталғанын айтты.
Анасы алғаш Мәскеудегі планетарияға апарғаннан бастап, ол ғарыш әлемінен ажырамаған. «Ғарыш әлемі, жұлдыздардың тарихы, күн жүйесі, өзге планеталар – ғажап әлем. Ол жайында сағаттап тамашалап, тыңдаудан жалыққан емеспін. Теледидар мен Youtube-тағы танымды бағдарламалардың бірін жібермей көрдім. Қазір қай жаққа барсам да әуелі планетарияны аралайтын әдетім бар. Ендігі арманым – Байқоңырдағы зымыранның ұшу сәтін көрсем деймін. Жалпы, адамзат ғылымды пайдалана отырып, ғарыш әлемінде жаңалық ашып, болашақ ұрпақ үшін планетамызды сақтағанын қалаймын», – дейді Ярослава Кравчук. Жас ғалым NASA-ның халықаралық ғарыш мектебіне шілде айында барып, тәжірибеден өтпек. «Қазірдің өзінде сабағымнан қол үзбей, олардың берген тапсырмаларын орындап, арасында мамыр айында өтетін жасөспірімдер олимпиадасына дайындалып жатырмын» деген жас дарын В.Черчилльдің «табысқа жетер жол – ынта-жігеріңді жоғалтпай, сәтсіздіктен сәтсіздікке жүрер жол» деген  қанатты сөзін ұстанады.