Отандық ғалымдар терең күйікті емдейтін таңғыш ойлап тапты
Отандық ғалымдар терең күйікті емдейтін таңғыш ойлап тапты
434
оқылды
Отандық ғалымдар сиыр көкетінің шандырынан күйік пен ауыр жараны емдейтін таңғыш ойлап тапты. Ғалымдар бұл жаңалықтарын Ұлттық биотехнология орталығында өткен баспасөз мәжілісінде таныстырды. Идея авторларының мәліметіне қарағанда, «X-Graft» деген атауға ие биологиялық жабын ауыр күйік шалған, қант диабетіне, онкологияға шалдыққан науқастардағы терең жараны емдейді. Сиырдың париеталды қабырға көкетінің шандырынан жасалған таңғыш емдік қасиеті бойынша шетелдік баламаларынан кем түспейді. Биотехнолог ғалым Вячеслав Огайдың айтуынша, бұл таңғыш коллаген мен эластиннің табиғи талшықтарынан жасалған. Оның үстіне адам терісіне ұқсас биомеханикалық қасиетке ие. Сонымен қатар оны стоматологияда қызыл иектің көлемін ұлғайтуға және тіс имплантының айналасындағы жұмсақ тіндердің көлемін өсіру үшін қолдануға жарамды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жылына 180 000 адамның өліміне түрлі күйіктер себеп болады. Қазіргі уақытта әлемде Аlloderm, Хe-Derma, Integra және Dermagraft сияқты аллогендік және ксеногендік биологиялық жараларды таңу арқылы күйіктерді емдеудің заманауи әдістері қолданылады. «Бұл жабындар сауығу процесін тездетуге, жара инфекциясының алдын алуға көмектеседі. Сондай-ақ таңғышты ауыстыру кезінде науқастың ауырсыну деңгейін жеңілдете алады. Бірақ бағасы қымбат болғаны үшін қиындықтар бар», - дейді Огай. Бүгінгі таңда биологиялық жабын Қарағанды қаласындағы профессор Х.Мақажанов атындағы көп салалы ауруханада және Алматы қаласындағы №4 клиникалық ауруханасында клиникалық зерттеулерден өткен.