30 жылдан бері сусыз: Ақмолада ғасырлық тарихы бар ауыл шөлдеп отыр
30 жылдан бері сусыз: Ақмолада ғасырлық тарихы бар ауыл шөлдеп отыр
441
оқылды
Судан таршылық көрген ауылдардың бірі – Біржан сал ауылындағы Баймырза ауылы. Бес жүзден астам адам түтін түтеткен ауыл отыз жылдан бері ауызсудан таршылық көріп келеді. Ау­­­дан­ға келген әр әкім «қатырамыз» деп уәде бергенімен күні бүгінге дейін баймырзалықтар та­за суға зәру. Көлігі барлар қырық шақырымдағы Макинка ауылынан күнбе-күн су тасыса, қара­­жаяулар ауылдағы бірен-саран ескі құдықтан қауға тартып ішеді. Сап-сары ішуге жарамсыз техни­калық мақсаттағы су екі-үш флягтен кейін таусылып та қалады екен. Жергілікті биліктің қаржыға әкеліп тіреген түйінді мәселенің қашан толықтай тарқатылатыны әлі беймәлім болып тұр...

Су айдауыш мұнарадан әкім қора салған...

Жастайынан осы ауылда туып-өскен ауыл ақсақалы Ерік Шаймерденовтің айтуынша, ауызсу тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдардан бері жоқ. Ал Кеңестер за­манында «Яблонов су құбыры» Көкшетау магистрал­ды су құбырларын пайдалану басқармасы арқылы ке­ліп тұрған. Бірақ тоқсаныншы жылдардағы «Байтал түгі бас қайғы» болып кеткен тұста ауылдағы ауызсудан әбден береке кетіпті. «Ауызсудан таршылық көргенімізге міне 30 жылға жетіп жығылды. Сол кездегі ауыл әкімі су айдау мұ­нара­сын жекешелендіріп алды ма әлде басқалай ама­лын тапты ма, бұзып алып өзіне қора салып алған. Осы­дан кейін ауызсуымыздың мүлде берекесі кетті. Тір­шілік нәрінен тарыққан жұрт күні бүгінге дейін ит ішпейтін сары суды тұндырып ішіп отыр. Басқа амалы жоқ. Ал ауылымыз – Біржан сал ауылындағы ең көне ауыл. Ал көлігі барлар сонау қырық шақырым жердегі Макинка ауылынан тасып ішеді. Міне, ауданда осымен алтыншы әкім ауысты. Бірақ құрғақ қасық әлі де ауыз жыртып тұр. Уәдені үйіп-төккенімен біздің ауыл үшін бі­тірген түгі жоқ. Жыл сайын әкімдердің есептік кез­де­су­лерінде судың жайын айтып зар илейміз. Бірақ әкім­діктің сылдыр сөзді сертінен әбден жалықтық. Соңғы болған әкім Нұғыманов зейнеткерлікке шығар алдында екі жыл бойы әзірленген жобалық-сметалық құжаттамасын жасап кетіпті. Оған да шүкіршілік еттік. Сөнуге айналған үміт оты қайта тұтанғандай болды», – дейді ауыл ақсақалы Ерік Шаймерденов. Ақсақалдың айтуынша, Баймырза жалғыз емес. Ауылмен іргелес қоныстанған Шошқалы, Қара­тал ауылдары да Баймырзамен тағдырлас. Бұл ауыл­дарда да ауызсудың жағдайы мәз емес. Ауыл белсен­ділері өткен жылы осы ауданнан шыққан Парламент депутаты Мұрат Теміржановқа арыз-шағымын жет­кіз­ген. Бірақ халық қалаулысынан күні бүгінге дейін жауап жетпеген... Тұрғындар аудан әкіміне де жағдайды тезірек шешуін сұрап хат жолдаған. Алайда әкім мәселенің қаржыға келіп тірелетінін, ал ол қаржының әзірге қолда жоқ екендігі жөніндегі жауаппен құтылыпты. Күні кеше Баймырза ауылындағы ауызсу мәселесі «AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабыл­дауында тағы бір мәрте көтерілді. Ақмола облыстық мәс­ли­хатының депутаты Жұмабай Теміржанов баста­ған топта облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­­лық басқармасының, облыстық «AMANAT» пар­тия­сының өкілдері қатысқан. Партияның жиынға қа­тысқан қоғамдық қабылдау бөлімі өкілдерінің ай­туын­ша, қаржы мәселесінің шешілуі де біршама ұзақ уақыт­ты қажет етеді. Дегенмен осы жылы ауылда су құбы­рын түбегейлі тартып, ауылды ауызсумен қамта­масыз ету жоспарға енгізіліпті. «Баймырза ауылындағы ауызсу мәселесін Біржан сал ауданында өткен «AMANAT» партиясының қоғам­дық қабылдауына келген Баймырза ауылының тұр­ғыны Ерік Шаймерденов ақсақал көтерді. Бұл ауылда 400-ден астам адам тұрады екен. Ауыл халқы жеке­меншік бірен-саран құдықтан су тартып күнелтеді. Атал­ған мәселе облыстық мәслихат депутаты Жұмабай Әмір­жановтың бақылауына алынды. Аталған жоба бойын­ша мемлекеттік сараптаманың оң қорытын­дысымен жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Конкурстық рәсімдер өткізіліп, мердігер компания болып «Монолит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бекітілді. Қаржы мәселесі Қаржы министрлігінен қол­дау тауып, 320,8 миллион теңге қаражат бөлінетін бол­ды», – дейді «AMANAT» партиясы Ақмола облыс­тық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің мең­герушісі Ақманат Әлімбетова. Партияның мәліметінше, жоба мақұлданғанымен оның жүзеге асырылуына да біршама уақыт кетеді. Егер барлығы уақытында жүзеге асырылса, мамыр айында қаржы бөлініп, баймырзалықтар үшін жаңа су құбырының құрылысы басталмақ. «Индустрия және даму, сондай-ақ қаржы министр­ліктерімен жобаға қаржы бөлу мақұлданғанымен қазір ол Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр. Мә­жілісте қаралып, одан кейін Сенаттан өтіп Президент қол қойғаннан кейін ғана қаржы бөлінбек. Ал бұл рәсімдер бәрі дұрыс болғанның өзінде ма­мыр айына дейін созылуы тиіс. Қысқасы, баймыр­за­лықтар үшін сүйінші жаңалық! Алдағы мамыр айында қаражат бөлініп, құрылыс басталады. Қайткенмен де осы жылы яғни құрылыс жұмыстарының жобасы 3 ай­дан 6 айға дейін екенін ескерсек, осы жылдың соңына дейін Баймырза ауылы ауызсумен қамтылуы тиіс деп ойлаймын», – деп толықтырды Ақманат Әлімбетова.

P.S.

Өкінішке қарай, ауызсудан тарығып, билікке алақан жайып көмек күтіп отырған ауылдардың есебі жоқ. Ондаған жылдар бойы қарапайым суға зар болған ауылдар әлі де баршылық. Мәселен, тек Ақмола облысында ғана 16 ауыл күні бүгінге дейін тасымал суды талғажау етіп отыр...

Ақмола облысы