Жер кезегі неге жылжымайды?
Жер кезегі неге жылжымайды?
© коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов
811
оқылды
Биыл наурыздан бастап мемлекеттен тегін 10 сотық жер алу үшін кезекке тұру электронды үкімет порталы (eGov) арқылы онлайн іске асатын болды. Негізі бұрыннан кезекке тұрып, ақысыз жер алуға болатын. Бірақ бәрі әкімдіктер арқылы жүзеге асты, шикілігі көп шықты. Енді тізімге қосылу жеңілдегелі бері кезекке тұрғандардың саны еселеп артып жатыр. Тіпті, eGov порталы осыған байланысты тұралап қалған сәттер кездесті. Әйтеуір мүмкіндікті құр жібергісі келмейтін жұрт көп. Бірақ бұдан кейін «жер кезегі жылдам жылжиды» деп дәмеленуге болмайтын секілді. Сол баяғыдай азаматтар 15-20 жылдап күтуі мүмкін. Неге? 18 жастан асқан кез келген қазақстандық жеке тұрғын үй салу үшін 10 сотық жерді алуға онлайн өтінім беруге хақы бар. Бұрынғыдай сабылмайды. Елге ерекше мүмкіндік болғаны рас, себебі жер алғысы келетін адамның жылжымайтын мүлкі, пәтері, үйі болса да өтініш қалдыра алады. Бұған қоса жерді елдің кез келген өңірінен алуға болады. Тұрақты мекенжайы маңызды емес, құжат жинап әуре болмайды. Алайда «бөркімізді аспанға атып» қуанудың қажеті жоқ.

Жолсыз, сусыз, жарықсыз жер кімге керек?

Кез келген азамат ақысыз жер телімін алуға асығары түсінікті жайт. Бірақ жер кезегі оңай шешілетін мәселе болмай тұр. Бұны Сенат спикері Мәулен Әшімбаев та айтты. Иә, жеріміз кең, аймақ жеткілікті, еш қиналмай үлестіре беруге болар еді. Дегенмен байланыс пен интернет тартпайтын, жолсыз, электр жүйесі мен су бармаған, кәріз жүйесі жоқ жерлерді азаматтар не деп алады? Осындай жерді алған соң адамға бейнет болмаса, ол жерден аса қайыр болмасы анық. Міне, Әшімбаев осы жайттарды ескеріп, әуелі инфрақұрылымдық мәселелерді шешіп алмай, қадам жасай беруге болмайтынын айтты. Заң талабы да соны көздейді. Әлеуметтік ауытқуларға ұласпас үшін «Жер кодексінің» 44-бабында берілетін жерлер инженерлік алқаптардан болу керек екені көрсетілген. Яғни, кемі алатын жеріңіз су және электр жүйесімен қамтылуы қажет. Бірақ барлық жерді қысқа мерзімде «гүлдендіре» салуға жетерлік ақша мемлекет қорында жоқ. Саладағы мамандар бұған дейін осы проблеманы орнықтыру үшін мемлекеттің жартылай кеткен шығындарын жеке бизнес инвестициясы арқылы толтыруды ұсынған. Сонда ғана тізімді жылдамдата жүргізуге талпыныс болуы мүмкін. Қазір елімізде 10 сотық жер теліміне 1 млн 312 мыңнан астам азамат кезекте тұр. 2015 жылдан бері, яғни соңғы 7 жылға жуық уақыт ішінде 112 мыңнан астам адам жер алған. Шамамен әр жылда 16 мың адам жер иеленіп отырады. Жер беру бойынша Ақтөбе облысы көш бастап тұр. Аймақта 7 жылда 52 мыңнан астам адам жер алған. Ал ең төмен көрсеткіш Қостанай облысында, бар болғаны 2 жарым мыңнан сәл асады. Өткен жылы республикада 18 625 адам 10 сотық жер алған екен. Енді қараңыз, жыл сайын орта есеппен 16 мың адамға жер беріп отырсақ, 1,3 млн азаматты қашан қамтып үлгереміз? Оның үстіне кезекке тұру электронды түрде жүргізіле бастаған 1 айдың ішінде тізімге қосылғандар 100 мыңдап саналады. Демек, мәселе бүгін шешіле қоймасы анық. Елдің бәрі мегаполистерге асығады. Бірақ үлкен қалалар маңында бос жер жоқ. Мысалы, астана маңындағы аумақтарда 170 мыңнан аса адам кезекте тұр. Ал Алматының бас жоспарына сай 2003 жылдан жер берілмейді. Тек Алматыға іргелес Іле, Қарасай, Талғар ауданынан ғана жер алуға болады. Облыстың Жер қатынастары басқармасының мәліметінше, 2021 жылы өңір бойынша тек 616 жер учаскесі берілген. Кезекте тұрғандардың саны 70 мыңға жақындап қалған. Жағдайды бағамдай беріңіз. 2022 жылғы сәуірдегі дерек бойынша Шымкентте де бос учаскелер жоқ. Мегаполистер жанын қоя тұрайық, қазір аймақтардың өзінде жер алып жатқандар 2005-2006 жылдары кезекке тұрған. Сонда 17 жылдай күткен екен. Кезектің жылжымауына қатысты мәселе көп. Тізімге тұру тәртібі бұрыннан бері барын білеміз. Тек бұған дейін адамдар жазбаша түрде, әкімдіктің тізіміне тұратын. Алайда ол істің былығы көп болды, оған төменде жеке тоқталамыз. Заңгер Марғұлан Шыныбаев негізі кезек екі түрлі себеппен жылжымай қалуы мүмкін екенін айтады. – Біріншіден, дайын тұрған жер жоқ болса. Екіншіден, жер бар болғанымен, ол жерге су, тоқ, газ, жол сияқты инфра­құрылым тартылмаған болса. Осы негізбен жер беруді тоқтата тұра алады, – дейді ол. Сонымен, жер беру үшін де мемлекетке біраз ресурс пен қаржы керек. Негізі көп жағдайда билік инфрақұрылым жүргізіп, жерді бере салғаннан гөрі көпқабатты үй салғанды жөн көреді. Бір жағынан дұрыс. Өйткені көпқабатты үй шағын аумақты алғанымен біраз отбасыны сыйғыза алады.

Жер беруде жемқорлық жайлаған ба?

Жер алуға кезекке тұруды электронды түрде жүргізудің артықшылығы көп екенін ескермей кетуге болмас. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, бұрын кезекке тұру жергілікті әкімдіктер арқылы жүзеге асып, екі ортада заңсыз делдалдар жүрді. Жұрт сол кезде әкімдік жерге кезекке тұрғызбағанын, кезекке тұрса да тізім жылжымайтынын айтып жиі шағымданды. Саладағы мамандар жемқорлықтың барын талай ескерткен болатын. Мәселен, жер мәселелері бойынша заңгер Бақытжан Базарбек «ақысыз жер тізімі әкімдік ішінде жүргендер үшін заңсыз ақшаның көзі» болғанын талай айтқан. Тіпті, тізімнің алдыңғы қатарында қайтыс болғандар, жеке бас куәлігін жоғалтып алғандар, Қазақстаннан басқа жерге қоныс аударған жандар жүрген екен. – Бұрын қарапайым халық әкімдікке барса ондағы қызметкерлер оларды «жер жоқ» деп қайтарып жібереді немесе «бірнеше айдан кейін келіңіз, сол уақытта болады» деп өтірік айта салатын. Күйбең тірліктен босай алмай жүрген тұрғынның әкімдікке қайтып келуі екіталай. Ал қызметкерлерге әкім сондай тапсырма береді. Сөйтіп бұйрықты орындаған қызметкер «Жер кодексінің» нормаларын бұзады. Кейде әкімдіктегі қызметкерлер азаматтардың қағаздарын алып, тіркемей қойған. Біраз уақыттан кейін ол құжаттар жоғалып кеткен, – дейді Базарбек. Ал көп жағдайда кезек неге жылжымаған? Әкімдік тізімнің алдыңғы жағына жалған есімдерді тіркейді, есесіне жылдап кезекке тұрғысы келмейтін қалталы адам­дар мәселені ақшамен шешкісі келеді. Елордада 20 жыл бойы тізімде тұрса да, кезегі жылжымаған адамдар кездескен. Аудандарда ақысыз жер телімін алу үшін кезекте кемінде 7 жыл тұру керек. – Кей әкімдіктегілер ақысыз жер теліміне қатысты белгілі бір баға қойып келген. Мәселен, 15 мыңыншы орында тұрған адам 4-5 мың доллар берсе, 350-інші орынға бір-ақ жылжиды. Ал оның алдында тізімде 350-інші тұрған азамат бірнеше жыл бұрын қайтыс болып кеткен болуы мүмкін. Көп өңірде ақысыз жер телімі үшін жасалатын арнайы тізімді бизнеске айналдырып жібергенін бұрыннан білдік, – деді заңгер. Айтпақшы, осыдан 1-2 жыл бұрын шамасында сарапшылар елімізде жер кезегіне тұрғандардың саны 1,5 млн адамға жеткенін айтатын. Биыл ресми дерек 1,3 млн адам бар деп хабарлады. Екі ортадағы 200 мыңдай адам қайда кетеді? Әрине, олар жерін алған соң тізім азаюы мүмкін, бірақ осынша адамға аз уақытта жер үлестіре салғанына сену қиын. Біздің болжауымызша, жер кезегі электронды порталға ауысқаннан кейін тізімдегі жалған есімдер жойылған. Сайып келгенде, осыған дейінгі мәселелерді шешудің оңтайлы жолы – тізімді электронды түрде құру еді. Ақыры бұған да жеттік. Әйткенмен енді кезек жылдам жылжиды деп дәмеленуге де болмас. Себебі берілетін жерге кемі су мен электр жүйесі барып тұруы тиіс. Ал оның бәрі тегін тұрмайды, мемлекет шығындалады. Сондықтан кезектің жылжу қарқыны қатты бола қоймас.