Жер кезегі қашан жылжиды?
Жер кезегі қашан жылжиды?
1
597
оқылды

Қазақстанның әрбір азаматы еліміздің кез келген ай­мағынан тұрғын үй салу мақсатында мемлекет тарапынан бір рет тегін жер телімін алуға құқылы. Бірақ Жер кодексінің 50-бабында көрсетілген заңдағы бұл норма өз дәрежесінде орындалмай жатыр. Тізім 2000 жыл­дардан басталады. Содан бері бұл кезек өте баяу жыл­жып келеді. Тіпті, мардымсыз. 15 жыл ішінде бұл мәселе сан рет манипуляцияға ұшырады. Соның бірі – инженерлік ин­фрақұрылымдарды (тоқ, су, газ) жүргізіп алмай жер те­­лімдерін беруге салынған тыйым болса, тағы бірі – сег­ментация жасаудың күрделігі. Мұндағы қай өзгеріс те ха­лыққа жер беруден гөрі, бермеу үшін жасалып жатқан секілді.

Бір үй толы жансың...

Баймұқановтар отбасы мем­лекеттен жер телімін алуға болады деген хабарды естіген 2007 жылы Ақтау қаласы әкімдігіне кезекке тіркелген болатын. Ол кезде әжесі де, басқасы да тірі еді. Көлемі 43 шаршы метр екі бөлмелі пәтерге әрең сыйып отырған бір отба­сыдан алты адам арыз беріп, та­лондарын қолына алғанда қатты қуанғандары есінде. Сол кезде олар 63 мыңыншы болып тұрған. Бірақ уақыт зулап өтіп жатты. «Бала-шағаны қоспағанда, екі үлкен қария бар, тоғызыншы қабаттағы бір пәтерде 12 адам бо­лып тұрып жаттық. Лифт істе­мейді, үлкен кісілерге қиын. Төменге түссек деген арманымыз бар еді. Сол кезде мемлекет осындай үміт сыйлағандай болды. Егер жер беріп жатса, бір жерді сатып, ақшасына екінші жерге үй салып алармыз деп жоспарлап жүрдік. Бірақ бәрі бекер болып шықты. Сол алпыс мыңның арғы жағында әлі тұрмыз», – дейді қала тұрғыны Алма Жолбо­сын­қызы. Өмірден ең бірінші болып 2010 жылы ата мен әже өтті. Одан көп ұзамай, жеке өміріндегі қиын­ды­ғына шыдамай үлкен қызы қайтты. Бір қызы Алматыға тұрмысқа кетті. Ал 2019 жылы кенже баласы да жаман аурудан көз жұмған. Осы­лайша, кезектегі алты адамнан жал­ғыз қалған Алма мемлекеттің тегін жер береміз де­гені құр ал­дарқату болғанын ай­тады. АШМ Жер ресурстарын басқару коми­тетінің мәліметіне сәйкес, бүгінде республика бойын­ша жер кезегінде 1 560 429 адам тұр екен. Ал 2015 жылдың басынан 2020 жылдың 1 қазанына дейін 99 144 тер телімі беріліпті. Бұл әрине, теңізге тамған там­шыдай ғана. «Бүгінде Маңғыстау облысы бойынша 172 962 адам кезекте тұр. Бірақ Ақтау және Жаңаөзен қала­­ларында жеке тұрғын үй құрылысы үшін алаңдар қа­рас­тырылмаған. Ал басқа ау­дан­дардың бас жоспар­ларына сәй­кес, 26 820 учаске қа­рас­­тырылған. Олардың 2 055-і қазіргі кезде инфрақұрылыммен қам­тамасыз етілген. Нақтылай айт­қанда, 779 учаскеге газ, 1 003 учаскеге газ бен электр желісі, 45 учаскеге электр желісі мен су, 228 учаскеге тек электр желісі тар­­тылған. Қалған 24 765 учаске ин­­­фра­құ­­­рылыммен қам­­тылмады», – дейді Маңғыстау облыстық Жер қаты­­нас­тары бас­қармасының бас­­­шысы Есенмұрат Дүзма­ғам­бетов.

Үкіметке  ауылдан қала қымбат

Жылдан-жылға артып келе жат­қан жер кезегін азайтуға ты­рысқан мемлекет бұған дейін бірнеше іс-шара жасауға ты­рысқан болатын. Соның бірі «Нұрлы жер» бағдарламасы еді. Әйтсе де, бұл құжат та мәселені шешіп отырған жоқ. Өйткені мемлекет ол бағдар­ламада жер беруді емес, коттедж үйлер салу­ды ғана көздейді. Себебі «қала орта­сын ауылға айнал­­дыр­майық» де­ген ұстанымда. Осы­­дан-ақ мем­лекеттің жер телім­дерін те­гін беру туралы норманы орын­дауға деген ықыласын кө­руге бо­­лады. Жер­гілікті әкім­дікке үлкен алап­ты жеке секторға бергеннен көп қа­­батты үйлер салған тиімді. Сонда ин­фра­құрылым тарту жұ­мысы да азай­мақ, бұл бір жағы урбани­зация үшін де тиімді. «Бұл негізі екі мыңыншы жыл­­дары баспана кезегін шешу үшін қабылданған шешім деп ой­лаймын. Бәлкім, ол кезде эко­номика нашар болған соң адам­дардың өздері үй салып алсын деп қабылданған ше­шім болуы мүм­кін. Бірақ берілген жерлерге инфра­­құрылым тарту мәселесі шықты да бұл әлеуметтік ши­рығуға алып келді. Сондықтан басында жерлерді жақсы беріп бас­тағанымен, оны тоқтатып тастады. Алматыдағы Шаңырақ, Ұлжан, Шапағат сияқты тұрғын үй алап­тары кезінде осыдан пайда болған. Енді, қала кеңіген сайын осындай үйлердің бірқатарын бұзып, жол салуға тура келіп жа­тыр. Сондықтан да мемлекет бұл мәселені басқаша шешуі тиіс», – дейді экономист Нұрлыбек Әлімұлы. Расында да, бұл урбанизация мәселесі екені рас. Әйтсе де, қара халықтың бәрін бірдей биік үйге қамау мүмкін емес қой. Олардың ауылдық жерге көшіп барып отыр­ғысы келетіндері көп. Сон­дай жан­ның бірі – Серік Алдан. «Шымкентте жер кезегінде бармын. Бар болғанымды қай­тейін, жиырма жылдан асқан шығар, уақыттан да жаңылыстық. Егер сұраған сегіз сотық жерімізді берсе тыныш отырмаймын ба? Неге өзіме тиесілі алақандай қара жерді он-жиырма миллион тең­геге қолдан сатып алуым керек? Ұлым­ның үйіне Астанаға кеттім. Өйткені пәтерден үміт­тенетіндей мем­­лекеттік қызметкер емеспін, үміт сол баяғы қара жерде еді. Кетер алдында қалалық жер қаты­нас­тарына барып сұра­сам, «Қала­­­дан жер сұрау­шылар аудан­дардан да көбейіп кетті, кезектің өсіп кеткені содан, жер бөліп беретін аумақ ашылған жоқ. Же­ріңіздің кезегі келсе, хабар­ласады» деп жауап бер­ді», – дейді ол. Осылайша, 15 жыл бұрын бас­­талған жер кезегінің жыры әлі жал­ғасып келеді. Көпшілік оның жемқорлық нысанына айналып кеткенін де жоққа шы­­­ғармайды. Өйткені беріліп жат­­­қан жерді иелері кезекпен алды дегенге сен­бейді. Сондық­тан да бұл мәселеге көңіл бөлетін уақыт келген сияқты.

Кезек сатқандар кезекті алаяқтар ма?

Биыл «жер беріледі екен» деген сыбыс шықты. Бұл қаңқу, әсіресе Атырау қаласында гу-гу есіп тұр. «2006 жылы кезекке тұрғандарға Талқайраңнан жер беріліп жатыр екен. Енді жыл аяғында 2007 жылы жер кезегіне тұрғандарға Ақжар-2 немесе Ал­малыдан беріледі екен-мыс». Осы жоқ жер телімінің ке­зегін са­­­­тып жатқандар да бар. Facebook-те осындай хабарландыру көп. Баға диапазоны – 600-800 мың теңге аралығы. Сондай хабар­­­лан­­дырулардың біріне хабарласып көргенбіз. «Кез келген нотариус біледі. Бар­сақ, рәсімдеп береді. Жердің кезегін алу үшін ақша бердім деп толтырылады. Шыққаннан кейін атыңызға аударып беремін. Баға­сы – 700 мың теңге. Ондай арзан жерді таппайсыз. Туған апам 2006 жылғы жерін миллионға сатамын деп тұрды да, жер беріп жатқан соң сатпай қалды. Одан да алып алып, үш миллионға сатайын деп отыр. Дос қызым екі-үш жыл бұрын ал­ған осындай жеріне үй салып, кіріп алды биыл. Менікі – 2007 жылғы кезек. Бәрі ақша керек болған соң сатып жатыр. Үй салатын жағ­дайым жоқ. Ал жақындаған сайын қым­баттай береді», – дейді Алма­гүл есімді келіншек. Кезек сатушылардың айтып отырған бағасы арзан. Қазір Аты­рау, Ал­маты жақта жер телімі ең төмен дегенде 3 миллион теңге тұ­­рады. Бірақ мемлекет жерді қай елді мекеннен және қашан бе­ретіні белгісіз. 15 жыл бойы өте баяу қозғалып жатқан кезектің тоқтап қалмасына да кепіл жоқ. Әрі бұл мәмілелердің қаншалықты заңды екені де күмәнді. Ертең қандай да бір кедергі шықса ше? Соны білмекке бірнеше но­тариусқа ха­бар­­ластық. Көп­шілігі оны тек келіп қана білуге бола­тынын, теле­фон­мен қандай да бір түсі­ніктеме бере ал­майтынын айтып бас тартты. Тек біреуі ғана аты-жөнін атамауды өтініп, тұ­шымды жауап берді. «Мұндай мәмілелерді жасап көрген емеспін. Бірақ бұл жерде бәрі соншалықты заңды деп айта алмаймын. Өйткені жердің құ­жаты, кадастр нөмірі жоқ. Тек қа­рыз алу туралы ғана мәміле жасалуы мүм­кін. Бірақ тәуекелі өте жоғары. Ертең мемлекеттік органдар жер кезегін сатқан адам­­дардың тізімін жинап, олар­ды ке­зектен шығарып та тастауы мүм­кін ғой. Сондықтан да заң бойын­ша бұған тыйым салынуы қа­­жет деп ойлаймын», – дейді аты­­­­­раулық нота­риустардың бірі. Ендеше, өзіне тиесілі кезекті сату алаяқтыққа жата ма? Оны сатуға кім рұқсат берді? Оған ақша салған адамның жерді алатынына кепілдік қандай? Жер кезегін сат­­­қан адам қайтыс болып кетсе, ер­тең ақша да жоқ, жер де жоқ, далада қалмас па? Мемлекет тара­пынан қандай шара қолданылуы мүмкін? Болмаса, мұндай қи­тұрқылықтарды біліп қойған жер ресурстарын басқарушы органдар жер беруді тоқтатып тастаса қалай болмақ? Ал жер кезегі қашан жылжиды? Сұрақ көп! Жауапты тиісті органдардың еншісіне қал­дырдық.

Нұрлан ҚОСАЙ