«Шипагерлік баяны»: ХV ғасырға тиесілі құнды қолжазба ма, жоқ па?
«Шипагерлік баяны»: ХV ғасырға тиесілі құнды қолжазба ма, жоқ па?
1,050
оқылды
«Шипагерлік баяны» – Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының ең құнды дүниесі. Бұл кітаптың қазақша аудармасы алғаш рет 1996 жылы «Жалын» баспасынан шыққан. 30 мың таралым болыпты. Төте жазудан қазақшаға тәржімалаған – ғалым Дүкен Мәсімханұлы мен ақын Құл-Керім Елемес. «Менен ұрпақ қалмаса да, күндердің күнінде мені әлемге әйгілейтін «Шипагерлік баяным» артымда қалмақ, бұл – соңғылықтар қадірін біліп ұстана білсе – қанғысыз бұлақ, қадірін білмесе – отбасы аяқпен тозатын тулақ» дейтін қымбат қазына бұл.   Құнды еңбектің жазылғанына – 5 ғасыр Шипагерлік баяны Таңғажайып еңбектің жазылғанына 5 ғасыр өтті. Атадан балаға мирас болған құнды дүниені бір әулетте жеті рет қағаздан қағазға көшіріліп, өте құпия сақталып келген. Бұл кітап ең алғаш 1992 жылы ҚХР-ға қарасты Іле Қазақ автономиялы облысында қазақ жұртымен қауышқан екен. Содан бері де 30 жыл өте шығыпты. Хош делік. «Шипагерлік баяны» кітабының «Жалын» баспасынан жарық көргеніне де 26 жыл болыпты. Қазір бұл кітаптың ХV ғасырға тиесілі құнды қолжазба ма, жоқ па деп күмән келтіретіндер де бар. Мәселен, 2002 жылы «Алтын Орда» газетінде шыққан Серікбол Қондыбайдың «Жалғаншының табиғаты» деп аталатын мақаласында мынадай жолдар бар. Онда: «Шипагерлік баянның» авторы – Тілеуқабылдың Өтейбойдағы емес, XX ғасырдың қазағы. Дәлірек айтсақ, Нұртай Түменбайұлы деген дәрігер, қазақ көнелігінің энтузиасы. Осылай деп айтуға сеп болған бірнеше белгілері бар. Біріншісі – автордың адам анатомиясына қатысты, емдік, дәрілік ұғымдарға байланысты аталымдарды (терминология) қолдану жолы. Кітапта келтірілген қазақы терминдер бізге 1990-95 жылдарда қазақ баспасөзінде, ең алдымен, «Ана тілі» газетінде жарияланып тұрған орыс-шетел сөздеріне қазақша баламалар ойлап табу науқаны кезіндегі ұсынылған тарихи және ойдан шығарылған қазақ сөздерін еске түсіреді. Сол кезде әртүрлі мамандық иелері арасынан шыққан ұлт мүддесін ұстанған ниеті дұрыс қазақтар талай сөзді жаңа термин ретінде ұсынған болатын. Олардың ішінде қабылданғаны да, тек сол газет бетінде қалғаны да бар, бірақ қандай да бір мөлшерде осындай энтузиастар еңбегінің қазақ тілінің терминологиялық кешенінің қалыптасуына ықпал еткені айқын. Міне, «Шипагерлік баянның» шын авторы да осындай тіл энтузиасы. Өйткені 1473 жылға дейін жазылған еңбек болса, оның авторына жаппай сауаттанбаған көшпелі қоғамда мұндай терминологияны ойлап табу туралы ой да келмес еді. Кез келген адам кітап жазғанда, оның түсінікті болғанын қалайды. Яғни қарапайым қисын бойынша жазылған дүниені оқитын сауатты ортаның (оқушы аудиторияның) болуы шарт. Сондықтан автор өз еңбегін сол ортадағы қалыптасқан жазу тілі мен үрдісіне сай жазады. Мысалы, 1601 жылы жазылған Жалайыр Қадырғалидың, оның алдындағы Дулат Мұхаммед Хайдардың, одан кейінгі түрікпен Әбілғазының, Бабырдың еңбектері сол заманғы жазу тіліне сай жазылған, олардың еңбектері XIX ғасырға дейінгі ортаазиялық-қазақстандық түрік, парсы тілінде жазған барлық авторлардың жазу үрдісі ауқымында жатыр, сондықтан осы тұлғадардың еңбектерінің ақиқаттығы ешқашан дау туғызып көрген емес. Ал «Шипагерлік баян» өзінің қазақы терминологиясы арқылы ерекшеленіп, «бүйректен сирақ шығарып» отыр» деген пікір келтіреді. «Шипагерлік баянын» қазақ тіліне аударған Дүкен Мәсімханұлы да әлеуметтік желіде: «Шипагерлік баянды» дұрыстап зерттеу керек. Содан кітапты шұқшиып қайта-қайта оқып, қыр-сырына шындап үңіле бастадым. Үңілген сайын «жәдігердің» шикілігіне көз жеткіздім де, оны әрі қарай зерттеуге де, насихаттауға да көңілім шаппай қалды» деп жазады. Шын мәнінде, «Шипагерлік баяны» ХV ғасырға тиесілі құнды қолжазба ма? Бұл сауалымызды Дүкен Мәсімханұлына қойған едік. Ол кісі бұл тақырыпты қысқа қайыруға болмайтынын, осы мәселе төңірегінде көлемді мақала әзірлеп отырғанын жеткізді.   «Шипагерлік баян» шын кітап Төте жазудан аударған екінші аудармашы ақын Құл-Керім Елемес бұл мәселеге не дейді? Кітап қалай дайындалды? – «Шипагерлік баян». Кітап иегері – Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы. 1388 жылы туылып, 1478 жылы өмірден озған, қараүзген (ғұлама) шипагер. Ол аталмыш кітабын 1472 жылы Әз-Жәнібек ханның бұйрығымен жазған. Кітабын жазып болып, енді әне-міне тапсырайын дегенше хан ордасына жау шауып, бере алмай, өзінде сақтайды. Кітап баспа көргенге дейін 7 рет көшірілген. 6-шы нұсқасын 1952 жылы Түменбай Станбайұлы қазіргі бізге жеткен нұсқаға көшірген әрі аударған. Содан бұл кітап 1968 жылы Қытайдағы «мәдениет төңкерісінде» өртелген. Сол өрттен аман қалған бөлігін (төрттен үш бөлігі жанып кеткен) Нұртай Түменбайұлы 1991 жылы 7-ші рет көшірген. Осы нұсқа 1994 жылы «Шыңжаң ғылым-техника, денсаулық» баспасынан жарық көрген. 1993 жылы алғаш болып бұл кітапты әлі баспадан шықпай тұрып, ҚХР-да әртүрлі газет-журналдарда жарияланған мақалалар мен хабарларды Дәулетбек Байтұрсынның жинап беруімен алып келіп, алақайлап, осында жариялаған, кейін кітапты «Жалын» баспасына тапсырған жазушы Нұрқасым Қазыбек ағамыз. Сол кезден бастап кітап дайындала бастады. – Сіздің қолыңызға қалай тиді? – Мен 1994 жылы Қазақстанға келіп, «Егемен Қазақстан» газетіне жұмысқа тұрдым. Содан 1995 жылдың басында, жаңылмасам «Түркістан» газетінде аталмыш кітап жайында және оның басылатыны туралы мақала жарияланды. Сонда Өтейбойдақ бабамыздың Шыңжаң нұсқасындағы суретін алмай, жаңадан сурет сыздырылғаны туралы айтылды әрі сол сурет нұсқасы жарияланды. Ол қазіргі суреттен мүлде басқа сурет болатын. Осыған қатысты пікірімді білдірейін деп, «Жалын» баспасына бардым. Баспа директоры Бексұлтан Нұржеке ағаға жолықтым. Жаңа салынған суретті беруге болмайтыны туралы өз ойымды айттым. Әңгіме барысында «Егемен Қазақстан» газетінде аға тілші болып істейтінімді, керек болса, аталмыш кітапты көшіріп бергім келетінін де айттым. Ағамыз бірден келісті. Сөйтіп мен бұл жұмысқа кірістім. Жұмысымда жүріп, әр күні жұмыс соңында қалып, көшіруді бастап кеттім. (Содан аз күннен соң, кітаптың алдын бастап көшіріп, біраз жеріне бастағанымда маған Дүкен Мәсімхан телефон шалып: «Шипагерлік баянды» көшіретін болыпсың ғой. Жартысын маған бер, екеуміз бірге көшірейік» деді. Мен келістім. Сөйтіп соңғы жартысын сол көшірді). Апта сайын көшірілген беттерді апарып, арасында Бексұлтан ағамен әңгімелесіп жүрдім. Ақырында ағам мені «Жалынға» жұмысқа шақырды. Әрі бұл кітапқа редактор болуымды өтінді. «Егемен Қазақстан» газетіндегі жұмысымды қимасам да, келістім. Сол кездегі бас редактор Нұрлан Оразалин ағам (ол ағама Аллаһ разы болсын) әуелі үлкен газеттен кетпегенім жөн екенін ескертті. Соңынан: «барсаң бар!» деді. Бұл кітап сөйтіп осында «ШҒТД» баспасының бас редакторы Хәкім Әкімжанұлының рұхсатымен 30 мың данамен басылып шықты. Кітапты сапалы шығаруға тырыстық. Бексұлтан ағам солай етуді тапсырды. Әрі ерек қадағалады. Кітап жақсы шықты. Кітап сол жылдың үздік кітабы болып тағайындалып, мен сол жылдың үздік редакторы болып, Ақпарат министрлігі тарапынан сыйлыққа ие болдым. Сөйтіп Өтейбойдақ бабам «Шипагерлік баянын» құшақтаған күйі 1996 жылдың соңында, қара орман халқымен қауышты... Бұл кітаптың елде басылуына Бексұлтан ағамыздың еңбегі ерен, ықыласы ұшан. 30 мың дана дегеннен шығады. Осыған қатысты мына бір жайтты айта кетейін: кітап басылуға әбден дайын болып, тиражы белгіленді. 10 мың дана. Сосын мен араға екі күн салып, ағамызға кіріп, белгіленген тираждың жеткіліксіз екенін айттым. Ағамыз: «20 мың болсын» деді. Сосын бір аптадан кейін тағы кірдім. Неге келгенімді сұрады. Мен бұл кітаптың енді қашан басылатынын бір Құдайдың өзі білетінін айтып, бұл асыл қазынаның халыққа жетуіне белгіленген таралым әлі де аз екенін айттым. Бексұлтан Нұржекеұлы сәл ойланып отырды да: «30 мың болсын» деді. Жалпы бұл кітапты кітап болып шыққанға дейін өзім оқығаным, көшіріп оқығаным, редактор ретінде оқығаным, түп нұсқаны корректермен салыстырып оқығаным бар, жиыны бес рет оқыдым... «Ғасырлар қойнауынан келген абыз» атты мақала да жазып, «Жетісу» газетіне жарияладым сол жылдары... – Бұл кітапқа қатысты күмән келтіргендерге не дейсіз? – Бұл кітап – ғылымнама. Олай болатыны кітап медициналық дүние болғанына қарамастан онда әдебиет те, филоссофия да, астрономия да, өнер де, салт-дәстүр де, ұлт өмірі мен ұстанымына, дағдысына тән үкім де, тиым да тұнып тұр. Ал тіл мәселесіне келсек, ол бұл кітаптың басты құндылықтарының діңі. Мысалы, бірді – мұрын, екіні – көз деген секілді сөзді тергеп сөйлеу кітаптың тіл қорына, қолданысына тән қасиет. Сосын мұнда бір ғана шипалық қасиеті бар емдік дәрілер шұбыртқысының (тізімінің) өзі 1384 түрден асады. Оның ішінде металл түрі – 70, өсімдік түрі – 859, жан-жануар (мүшелері) түрлі – 455. Осының бәрі қазақша атаумен берілген. Сосын қазіргі медицина адам ағзасын «іш пен сырт» деп екіге бөліп қарастырса, бұнда бабамыз бұл мәселені алты негізге бөліп қарастырады... Мұндай ғылыми қорытындылар, көзқарастар, пайымдар дәлелдеулермен ұсынылады. Тіпті кітап бастан-аяқ солай... Кітап алғаш шыққан кезде оған ғылым-техника жетістігіне берілетін мемлекеттік сыйлық берілді. Осының өзінен кітаптың қандай құнды дүние екенін байқауға болады. ҚХР-да кітапты зерттеу орталықтары, емдеу орталықтары көптеп ашылған. Жиырмаға жуық авторлардың ғылыми зерттеу кітаптары жарық көрген. Ал бізде бұл мәселе дұрыс қолға алынбай келеді. Оның себебі, біріншіден, тілі ауыр. Екіншіден, мазмұны терең. Мен деген ғалымның оны түсініп оқуының өзі үлкен мәселе. Үшіншіден, басқалардың ғасыр бойы біздің халқымызда «ғылым болмаған» деген жат кемсітуі «шындық» деп білініп қалыптасқан буынға дөп келді... Соған қарамастан бұл кітапты зерттеп, түрлі терең сырларын ашып, ғұлама ортаға қойған тәсілмен адам емдеп, сақтап, дәлелін ғылыми айналымға енгізіп жатқан ғалым, маман дәрігерлеріміз ортамызда бар. Және жүйелі зерттеушілер, зерттеп кітап шығарушылар да бар. Бұл кітапты дұрыстап аудару мәселесі де күнтәртібінде тұр. Оны мемлекет қолға алып, жүйелі зерттеу жүргізуі керек. Бұл кітап бізге ғана емес, күллі адамзат баласына, денсаулығына, емі жоқ аурулардың жазылуына пайдалы болары сөзсіз.

Айна Хасан