Көгілдір отынға қол жетпей жүр
Көгілдір отынға қол жетпей жүр
© коллаж: Елдар Қаба
404
оқылды
Елімізде газбен қамту мәселесі көптен бері өзекті күйде тұр. Ауыл былай тұрсын, әлі күнге дейін көгілдір отынға жетпеген аудан орталықтары бар екені жа­сы­рын емес. Осыған орай жақында Парламент Сена­тын­да Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру ая­сында «Қазақстан Республикасының өңірлерін газ­дандыру: Қазіргі жағдайы, проблемалары және олар­ды шешу жолдары» тақырыбы бойынша Үкімет са­ғаты өтті. Енді онда не айтылғанын бір шолып, жауап­тылар мәселені шешу үшін не істеп жатқанына ба­ғамдап көрсек. Әуелі жиынды ашқан Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина газ өнеркәсібі әлеуметтік-экономикалық дамуда маңызды, мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі екенін ескертті. «Үкімет алдында еліміздің газ саласын тиімді дамытуды қамтамасыз ету бойынша стратегиялық міндеттер тұр. Бірінші кезектегі мәселелер бойынша қысқа мерзімде нақты шаралар қабылдау қажет», – деді ол. Бұдан соң сенатор Ерік Сұлтанов аталған саланы зерделеу барысында шешуді қажет ете­тін негізгі 4 бөліктен тұратын проблема шық­қанын айтты. Біріншіден, ресурс базасы жет­пейді. Екіншіден, газ тасымалдау жүйе­ле­рі әбден ескіріп-тозған. Үшіншіден, елі­міз­де газбен қамтамасыз ету деңгейі өте на­шар. Соңғысы, тариф белгілеу жүйесі тиім­сіз. Осыларды атаған сенатор проблемаларды жедел шешу үшін бірқатар шараны ұсынды. «Саланы басқару жүйесінде құрылымдық өзгерістер жүргізу қажет. Ресурстық базаны толықтыру мақсатында жер қойнауын пай­да­ланушылардың жаңа газ жобаларын іске асыруы үшін қосымша ынталандыру шара­ла­рын әзірлеу ұсынылады. Газға баға белгілеу­дің жаңа үлгісін қалыптастыру маңызды», – деді Сұлтанов. Депутат «Сарыарқа» магистралдық газ құбыры құрылысының баяу жүріп жатқанына көңілі толмайтынын да айтты. Соның кесі­рі­нен солтүстік және шығыс өңірлерді газ­данд­ыруды 2025 жылға дейін аяқтау мүмкін емес.

Дефицитке дәйек бар ма?

Ал салаға жауапты Энергетика министрі Болат Ақшолақов өңірлерді газбен қамта­масыз етуді дамыту жөнінде біраз деректі келтірді. Ведомство басшысы 2021 жылдың қорытындысы бойынша елді газдандырудың жалпы деңгейі 57,7 пайызды құрағанын ха­бар­лады. Көрсеткіш аз екені айтпаса да бел­гілі. Министр келтірген деректерге сүйенсек, ішкі нарықта газ тұтыну мөлшері тұрақты өсіп келеді екен. Мәселен, соңғы төрт жылда ішкі қажеттілік 4,8 млрд текше метрге өсіп, 18,6 млрд текше метрге жеткен. «Тұтынудың өсуіне байланысты 2025 жылға қарай газ тапшылығына кезіге бастай­мыз деп болжадық. Егер тау-кен металлургия кәсіпорындары көмірден газға белсенді көш­се, онда тапшылықтың көлемі айтарлықтай ұлғаяды. Осындай жағдайда еліміздің ре­сурс­тық базасын толықтыру мәселесі туындайды. Бұл мақсатта газды барлау, өндіру және өңдеу секілді бүкіл кезеңде газ жобалары үшін пре­ференциялар қажет», – деді Ақшолақов. Бір қызығы, Қазақстан газ қоры бойынша әлемде 22-орында тұр. ТМД елдерінде ал­ғашқы үштікті қорытындылайды. Сөйте тұра, 20 миллионға жетпейтін халықты газбен қам­тамасыз етуде тапшылық жайлы айту сәл қи­сынсыз көрінді. Ал Ақшолақов айтқандай, ал­дағы уақытта тау-кен, металлургия кәсіп­орындары ғана емес, жылу электр стансалары да газға көшер болса, жағдай қиындайды. Шамасы, қор жеткілікті болғанымен, оны өн­діру жағы ілгері баспай тұрса керек. Немесе бұрынғы әдетімізге салып, экспорттау мәсе­лесіне басымдық береміз. Ведомство бас­шысының деректеріне сенсек, Қазақстандағы газдың 80 пайыздан астамы «Қарашығанақ», «Қашаған» және «Теңіз» кеніштеріне тиесілі. 2021 жылы өндірілген шикі газ көлемі 53,8 млрд текше метрді құраған. Оның 20 пайызы жер қойнауын пайдаланушылардың өз қажеттілігіне, электр энергиясын өндіруге және басқа да мақсатқа кеткен. Жартысына жуығы тауарлық газ ретінде қайта өңделген. «Болжап қарасақ, 2030 жылға қарай шикі газ өндіру 87,1 млрд текше метрді құрайды. Соның ішінде үш ірі жобаның өндіру үлесі 83 пайызға жетпек. Өндірілген газдың 42 млрд текше метрі тауарлық газ ретінде қайта өңделмек. Жер астына айдалатын газ көлемі 47 пайызға, өндірушілер мұқтаждықтарына пайдаланатын газ 15 пайызға теңеседі», – дейді министр.

Құбырлардың 75 пайызы тозған

Ақшолақовтың айтуынша, қазір «Қаша­ғанның» газ ресурстарын монетизациялау үшін газ өңдеу зауытын үш кезеңмен салу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. 2021 жылғы маусымнан бастап қуаты 1 млрд текше метрлік бірінші кезең құрылыс-мон­таждау жұмыстары басталып кеткен. Бірінші кезең 2024 жылдың басында пайдалануға беріледі деп жоспарланған екен. Энергетика ми­нистрлігі мен QazaqGaz Ұлттық компа­ния­сының тағы бір міндеті – магистралдық газ құбырларын жаңғырту болып тұр. Ми­нистр де шындықты айтып отыр, бізде газ тасы­малдау инфрақұрылымы негізінен кеңес заманында салынған. Енді қауіпсіздікті қам­тамасыз ету мол инвестицияға мұқтаж. Қазір бірқатар газ құбыры толық қуатында жұмыс істеп тұр. Аймақтарға тұрақты газ жеткізуді жалғастыру үшін қуатты құбырлар салу қажет. Тұтынушыларға газды үздіксіз және қауіпсіз жет­кізу мақсатында инвестициялық жоба­лар­ды іске асыру көзделген. Жобалардың жал­пы құны 603,9 млрд теңгені құрайды. «Биыл еліміздің газдандырылуын да­мытуға министрліктің бюджеттік бағдарла­масы бойынша республикалық бюджеттен 45,8 млрд теңге бөлінді. 2022 жылға рес­публикалық бюджетті нақтылау шеңберінде 50,1 млрд теңге алдын ала қолдау тапты. Бұл 147 мың адамды немесе 95 елді мекенді газбен қамтуға мүмкіндік береді», – дейді Болат Ақшолақов. Бұдан кейін министр тауарлық газға баға белгілеудің қазіргі схемасына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, еліміздің ішкі на­рығын газбен тұрақты қамтамасыз ету мақ­сатында 2014 жылы мұнай кен орындарында өндірілетін газды сатып алуға мемлекеттің артықшылықты құқығы берілген ұлттық оператор институты енгізілген. «Ұлттық оператор – QazaqGaz ҰК АҚ газдың сатып алу бағасы мен магистралдық тасымалдау тарифтерін негізге алып, тауар­лық газды көтерме саудада өткізуді және газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі бо­йынша газ таратуды бірыңғай диспетчерлеуді жүзеге асырады. Бұл схема мемлекетке газ бағасын ұстап тұруға мүмкіндік бермек. Бұл ретте көтерме сауда ұлттық оператор үшін шығыны көп, ол субсидияланады және экс­порттық түсімдерге тікелей тәуелді. 2015-2021 жылдар аралығындағы ұлттық оператордың шығыны 587 млрд теңгені құрады», – деді ол. Жиында өңірлердің де жай-күй сөз бол­ды. Теріскейдегі аймақ басшылары газды Ре­сейден тасымалдау тиімді екеніне тоқталса, салаға жауапты министрлік ел аумағынан жаңа газ өңдейтін кен орындарын ашуға мүд­делі екенін аңғартқандай болды. Басқосудың қорытындысы бойынша Үкіметке газ са­ласын жақсарту жөнінде ұсыныстар жібе­ріл­мек. Онда газ ресурсының базасын, қайта өңдеу көлемін ұлғайту, солтүстік өңірлер мен Шығыс Қазақстан облысына газ жеткізу, сондай-ақ еліміздің осы саладағы заңнамалық базасын жетілдіру жөніндегі ұсыныстар болады.