Қоғамдық кеңес кімнің «қолшоқпары»?
Қоғамдық кеңес кімнің «қолшоқпары»?
576
оқылды
Елдің экономикалық дамуында қоғамдық бақылаудың маңы­зы зор. Өйткені жергілікті жердегі мемлекеттік бағдарла­ма­лар­дың орындалуына, әкімдіктің, салалық ведомствоның жұмысына объективті баға беруде тәуелсіз құрылымдар ауадай қажет-ақ. Бүгінде дәл осындай мақсатпен 3 жыл бұрын құрылған қоғамдық кеңестердің мүшелері жаңарып жатыр. Әйтсе де, жергілікті әкімдіктер тәуелсіз бақылаушыларды уысы­нан шығарғысы келмейтіндей. Осыдан барып қоғамдық кеңес мүшелігіне іріктеу мәселесі кей өңірлерде дауға айналды.

Әкімдіктер әмірін жүргізгісі келеді

Қоғамдық кеңестер кезекті транс­фор­мациядан өтіп жатқанын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Аза­маттық қоғам істері комитеті де рас­та­ды. Ве­домство мәліметінше, жыл ба­сы­нан бері 200-ден астам қоғамдық кеңес өз құрамын жаңартқан. Комитет төра­ға­с­ы Мадияр Қожахметов әкім­дік­тер­дің өкілдері түрлі тәсілмен ара­ласып, кеңестердің жұмы­сына қала­уын­ша «түзету» енгізгісі келе­тінін айтады. «Мәселен, Қостанай, Батыс Қа­зақстан облыстарындағы қоғамдық кеңестердің құрамында мемлекеттік орган өкілдерінің саны көп. Оларда аудандық деңгейде аза­маттық қоғам өкілдері ретінде ведом­ство­лық бағы­нышты ұйымдардың қызмет­кер­лері мүшелікке өткен. Біздің ойымызша, олар азаматтық қоғамның ұстанымын то­лық көлемде жеткізе алмайды. Бұл ретте атал­ған өңірлермен белсенді жұмыс жүргіземіз. Керісінше, Павлодар, Солтүстік Қа­зақ­стан облыстарында, Нұр-Сұлтан мен Екібастұз қаласында қоғамдық кеңестерді қалыптастырудың жаңа форматтарын негізге алып, жаңар­ға­нын көріп отырмыз. Онда кеңес құра­мы толықтай азаматтық қоғам өкіл­дерінен жасақталған. Әрине, мұндай құраммен кеңес жергілікті атқа­рушы органдардың қызметін қатаң ба­қы­лайды», – дейді комитет төрағасы. Жалпы, елімізде «Қоғамдық ке­ңестер туралы» заң 2016 жылы қабыл­­дан­ды. Атал­ған заңға былтыр өзгер­тулер ен­гізілді. Осылайша, қоғамдық инс­ти­туттың рөлі артты. Алайда қо­ғам­дық кеңестерді жаңа форматта жасақтау ісінің соңы кей өңірлерде дауға ұласты. Мұның себебі жо­ғарыда Азаматтық қоғам істері ко­митетінің төрағасы айт­қандай, жергілікті билік­тің азаматтық институттың қатаң бақылауынан бой тасалаудың амалы болса керек.

Депутаттар неге дау шығарды?

Сонымен, алғашқы болып Жамбыл облысындағы қоғамдық кеңес мүше­лерін бекітуге жиналған облыстық мәслихат депутаттары ортақ келісімге келе алмады. Тіпті, 6 депутат наразы­лық ретінде жиын өтіп жатқан залдан шығып кетті. Аталған оқиғаға байла­нысты пікір білдірген облыстық мәс­лихаттың хатшысы Мах­мет­ғали Са­рыбеков қоғамдық кеңес мү­ше­лерін іріктеуге қатысты дау жаңа та­лаптан басталғанын айтты. Мәслихат хат­шысының айтуынша, өңірдегі қо­ғам­дық қеңес құрамын жасақтау мақса­тында конкурс өткен жылы жарияла­нып қойған екен. Көп ұзамай жұмыс тобы мәсли­хат­тың сессиясына қоғам­дық кеңестің жаңа құрамын да ұсын­ған. Алайда Қаңтар оқиғасынан кейін қоғамдық кеңеске қатысты көзқарас түбегейлі өзгеріп, Президент Әкім­шілігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұл институт мүше­лерін іріктеуге қойылатын талапты күшейткен. Жаңа талапқа сай кеңестің құрамы 70-80 пайызға жаңаруы керек бол­ған. Осылайша, қоғамдық кеңесті қа­лыптастыру жөніндегі жұмыс тобы әзір­леген жаңа құрам қабылданбай, қайтадан конкурс жарияланған. – Бұл конкурсқа 56 адам құжатын тап­сырған. Жұмыс тобы осындағы 15 адам­ның кандидатурасын қоғамдық кеңес мүшелігіне лайық деп таныды. Қосымша 6 кандидат резервке алынды. Дау жұмыс тобы ұсынған кандидаттарға жеке-жеке дауыс беру рәсімінен бас­талды. Осы рәсім арқылы депутаттар кейбір үміткерлерге қатысты дерек­тер­ді бетпе-бет отырып нақ­тылағысы келген. Үміткерлер тарапы­нан да жұ­мыс тобына наразылық болды. Сон­дықтан кеңес мүшелеріне жеке-жеке дауыс беруді дұрыс деп таныды. Ал мұны жұмыс тобында болған әріп­тестерім өз­деріне сенімсіздік таныту ретінде қабыл­дап, сессия өтіп жатқан залдан шығып кетті, – деді Махметғали Нұрғалиұлы. Бұл орайда мәслихат хатшысы ке­ңес мүшесі болғысы келетіндердің арасында бас пайдасын көздейтін­дер­дің болу мүмкіндігін жоққа шығарма­ды. Кейінірек дәл осы мәселеге байла­нысты өткізілген брифинг кезінде де жергілікті журналистер қоғамдық кеңес мүшелігіне үміткерлердің ара­сында кәсіпкерлердің көптігіне баса назар аударған-ды. Өткен апта басында дәл осындай дау Маңғыстау облысынан шықты. Мұнда да жаңадан іріктелген қоғамдық кеңес қайта жасақталмақ. Себебі об­лыстық мәслихат жұмысшы топ ұсын­ған кеңес мүшелерін бекітпей қойып­ты. Облыстық мәсли­хат­тағылар мұны жұмыс тобының тиісті заң­на­маны көзге ілмегенімен байланыс­тырады. Нақтырақ айтқанда, жұмыс тобы аудан­дық қоғамдық кеңеске мүше үміт­­керді облыстық кеңестің де жұ­мысына тартпақшы болған. Сондай-ақ облыстық мәслихаттың тұрақты ко­мис­сиясының төрағасы жұмыс тобы­ның жетекшісіне 4 кандидатты қосу туралы «өтініш» жаса­ға­ны да белгілі болды. Қазір өңірдегі қо­ғам­дық кеңесті жасақтау бойынша жұмыс тобы қай­тадан құрылған. Облыстық мәслихат­тың хатшысы Нури Тумышев туын­даған мәселені шешу үшін «Қоғам­дық кеңестер туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет екенін айтты. Қазір тиісті орындарға қосым­шалар мен өзгертулер енгізу бойынша ұсынысхат әзірленіп жатқан көрінеді.

Кеңес мүшесіне дербестік қажет

Дәл қазіргі сәтте көпшілік арасын­да азаматтық қоғамның шеттен тыс белсенділігі турасында түрлі әңгіме ай­тылып жүр. Олардың кейбіреуі ке­ңес мүшелігіне құштарлықтың аста­рында әлдекімнің жеке бас пайдасы жатқан болуы мүмкін деп күдіктенеді. Ал енді біреулер мұны жергілікті жер­дегі азаматтардың саяси белсенділігінің ар­туының көрінісі деп бағалайды. Қазақстандық қоғамдық даму инс­титутының басқарма төрағасы, сая­саттанушы Қазыбек Майгельдинов қоғамдық кеңес мүшелеріне қатысты дау қолданыстағы заңға атүсті қараудан шыққанын алға тартады. – Маңғыстау мен Жамбыл облы­сындағы дау-дамайда заңның кейбір нормаларының ескерілмеуі байқалып отыр. Мысалы, Маңғыстаудағы кезек­тен тыс қоғамдық кеңестерді құру жұ­мыс тобының жұмыс нәтижесін те­ріске шығарған мәслихат онда ау­дан­дық қоғамдық кеңес мүшесінің, об­лыстық қоғамдық кеңес мүшелігіне алын­ғанын айтқан. Алайда заңда рес­публикалық қоғамдық кеңес мүшеле­ріне ғана екінші бір қоғамдық кеңес мүшелігінде болуға тыйым салынған. Ал жергілікті жердегі қоғамдық ке­ңестерде ондай шектеу жоқ. Жамбыл обл­ысындағы жағдайдың нақты нүк­тесі қойылмады. Бірақ заңда жұмыс тобы­мен қоғамдық кеңес мүшелерінің кан­дидатуралары қарастырылатын жиынға облыс әкімінің қатысуын шектейтін норма жоқ. Дегенмен тал­қылауға өңір басшысының қатысуы жұмысшы топ мүшелеріне психоло­гия­лық қысым болады, – дейді саясат­танушы. Қоғамдық кеңес құрамына белсен­ді азаматтарды тарту мақсатында олар­дың тиімділігін арттыруды көздейтіні түсінікті. Өйткені арнайы регламент­тердің болмауынан кеңестердің бұған дейінгі құрамында мемлекеттік қыз­меткерлер көптеп тартылғаны белгілі болды. Ал мұндай құраммен тәуелсіз азаматтық бақылау жүргізу ақылға қон­байтын дүние. Әрі-беріден осы фак­тор халықтың қоғамдық кеңеске де­ген сенімін жоғалтуына себеп болады. – Рас, бұған дейін қоғамдық кеңес­терде регламенттердің болмауына бай­ланысты әкімдікке бағынатын мемлекеттік органның қызметкерлерін қоғамдық кеңес мүшелігіне көптеп тарту фактілері тіркелген. Осыдан ба­рып қоғамдық кеңестің тиімділігі ту­ралы мәселе болған. Былтыр 2021 жыл­дың қаңтар айында Мемлекет басшысы «Қоғамдық кеңестер туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы заңға қол қойды. Заңда қо­ғамдық кеңестің құрамындағы аза­маттық қоғам өкілдерінің, мемлекеттік қызметкерлердің арақатынасы нақ­ты­ланды, – дейді Қазыбек Майгельдинов. Қысқасы, қоғамдық кеңестер төңі­ре­гіндегі дау біздегі азаматтық инсти­туттарға қатысты түрлі көзқарас барын көрсетті. Сондықтан да азаматтар үл­кен үміт артқан қоғамдық кеңес мү­ше­лерінің дербестігіне баса мән беретін кез жеткендей.