UEFA-дағы 20 жыл: Қалың қалай, қазақ футболы?
UEFA-дағы 20 жыл: Қалың қалай, қазақ футболы?
717
оқылды
Осыдан 20 жыл бұрын, яғни 2002 жылдың 25 сәуірінде Стокгольмде өткен UEFA-ның 26-конгресінде Қазақстан ең маңызды қадамдарының бірін жасап, Еуропа футбол қауымдастығының мүшесі атанды. Бұл ел футболы тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі болды. 20 жылға жуық уақыт аралығында аталған спорт түрінің көсегесі қаншалықты көгерді? Осы сауалдың жауабын футбол мамандарынан сұрап білдік. Иә, Қазақстанның UEFA құрамына енуін көпшілік екіұдай қабылдады. Футбол мамандарының бірқатары қазақстандық ойыншылардың жоғары нәтижеге жуырда қол жеткізе алмайтынын айтса, енді бірі отандық құраманың оң нәтиже көрсетіп, ортаңқол ұжымға айналарына сенді. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін қазақстандық клубтар мемлекеттен бөлінген қаржыға тәуелділіктен арыла алмай келеді. Ал футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Еуропадағы аутсайдер ұжымдардың санатында жүр. Бұған себеп те жоқ емес. Қазақстан бір­де-бір әлемдік және құрлықтық чемпионаттардың финалдық турнирлеріне қатыса алмады. Құрамамыз жаһандық додаларда ауыз толтырып айтарлық жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген жоқ. Бұл қазынадан қап-қап қаржы бөлінсе де, көпшіліктің көңілінен шы­ға­тындай ойын өрнегін көрсете алмаған қазақ футболына түбегейлі реформа қажет екенін көрсетеді. Осы ретте жос­парланған стратегиясын дұрыс құру мен оны жүйелі жүзеге асыру арқылы табысқа жеткен Қазақстан футзал құрамасынан үлгі алу керек. Футбол мамандары болса бізге UEFA-ның, яғни еуропалық футболдың оңтайлы жағын, тиім­ді тәсілдерін жете меңгеру керек екенін айтады. – UEFA құрамына енгенімізге табаны күректей 20 жыл болды. Сіздерге қалай, білмеймін... Бірақ маған осы «Қазақ тілі» мен «Қазақ футболының» арасында көп ұқсастық бар сияқты. Екеуін тіпті «мұңдас» дегім де келеді. «Маңдай соры бес елі» десем, жерден алып, жерге саласыздар ма?.. Маған, әйтеуір екеуінің мұң-мұқтажы, тауқыметі мен қасіреті ұқсас секілді. Екеуін де дамытуға телегей-теңіз, қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ «сапа – баға» саясатында үйлесім тауып, екеуінің тиімділіктері арта түсті ме?! 30 жылда ана тіліміздің мәртебесі асқақтап, халық толық қазақша сөйлеп кетті ме? Теңбіл добымыз UEFA сапында домалағалы, яғни соңғы 20 жылда футболымыз қарыштап дамып кетті ме? Әй, білмеймін... «Жоқ!» деп кесіп айтсаң, жаманатты боласың. Кежегесі кейін тартып, жағдайы сын көтермей келе жатқан футболымызды дамыту жолында шеберліктері шау тарта бастаған шетелдіктерге иек арта бермей, өз жігіттерімізге көп мүмкіндік берілсе дейміз. Доп додасының көрігі мүдделер қақтығысы және қайшылығымен тұздықталмаса екен, – дейді спорт шолушысы Нұрғазы Сасаев. Белгілі спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен құрамамыздың деңгейі көтеріле қоймаса да, еуроаренадағы отандық клубтарымыздың көрсеткіші тәуір екенін айтады. – 2002 жылы Қазақстан UEFA-ға 52-ші болып қабылданды. Бізден кейін Гибралтар, Черногория, Косово секілді мемлекеттер де мүшелікке өтті. Біз алғашқы жарысты 2004 жылы бастадық. Алғашқыда барлығы қиын еді. Алайда көш жүре түзелді. Клубтық жарыстарды өткізу үшін елдегі стадиондардың сапасы нашар болды. UEFA Қазақстан футбол федерациясына қатаң сөгіс жариялап, жасыл алаңдарды ретке келтіру үшін 1 жыл уақыт берді. Ал қазір Қазақстан клубтарының еурокубоктағы абыройы көтеріліп қалған. «Астана» мен «Шахтердің» топтық кезеңде ойнауы – соның дәлелі. Өткен жылы «Қайрат» жаңадан ашылған Конференция лигасында бақ сынады. Топтық кезеңіне дейін жетіп, таңдаулы ұжымдар қатарында болды. Әлбетте барлығы бір күнде орнай салады деп айту қиын. Алайда елімізде футбол тұрғысында шешілмеген мәселелер әлі өте көп, – дейді ол. Өз кезегінде Қазақстан футболының ардагері Асқар Қожабергенов отандық футболдың UEFA-дағы 20 жылдығының маңызын атап өтті. – 20 жыл ұзақ мерзім емес. Алайда осы уақыт аралығында Еуропа футбол қауымдастықтарының одағына қосылу дұрыс қадам екенін аңғардық. Аталған ұйымға енгеннен бастап футболдың жаңа лебін көре бастадық. Бірінші кезекте – футбол орталықтарын құру. Мұның бәрі көп еңбекті талап ететін жұмыс. Қазақстанды әлі де қыруар жұмыстар күтіп тұр. Бірінші кезекте – инфрақұрылым мәселесі. Тәуелсіздік алғаннан бері біздің мемлекет екі-ақ стадион салды. Болашақта ірі халықаралық жарыстарды қабылдау үшін инфрақұрылымымызды жақсартқанымыз дұрыс. Еліміздің оған әлеуеті толықтай жетеді. Ел футболында спорттық инфрақұрылым мәселесі шешілсе, бұл аяқдобымыздың дамуына үлкен серпіліс әкеледі, – дейді маман. Әзірге атаулы мерекені осындай көрсеткішпен қарсы алып отырмыз. Құраманың ауыз толтырар жетістігі болмаса да «кім бізге жақсысын береді» деп өзімізді жұбатамыз. UEFA-ға мүше болған 20 жылда керемет қарыштап дамып кеттік деп те, бір орында тұралап қалдық деп те айта алмаймыз. Ол туралы жоғарыда футбол мамандары мүмкіндігінше талдап берді. Ал біз Қазақстан футболының жанкүйерлеріне қазақ футболының Еуропа футболына мүше болған 20 жылдық мерейтойы құтты болсын дегіміз келеді. Әйтеуір қазақ футболы күнін еңсеміз биік, көңілді қарсы алатын уақыт та келер деген үмітіміз бар.