Балаға жағдай жасағаның – болашаққа жағдай жасағаның
Балаға жағдай жасағаның – болашаққа жағдай жасағаның
411
оқылды
Кеше «AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеумет­тік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес­тің отырысы өтті. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды: біріншісі – Балалар жылын өткізу және олардың әлеуметтік проблемаларын шешу. Екіншісі – «Бақытты отбасы» жобасын жүзеге асыру және жедел ден қою топтары жұмысын ұйымдастыру. Жиынды кеңес төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Динара Зәкиева жүргізді. Мемлекет басшысының ұсынысы­мен осы жыл «Балалар жылы» деп жа­рия­­­ланды. Осыған орай жаңадан көк­теп келе жатқан жас өскінге қамқор болу, түрлі кедергі-келеңсіздіктен қор­ғау мақсатында БҒМ вице-министрі Ғани Бейсембаевтың жетекшілігімен рес­публикалық штаб құрылды. Оның өңір­лік құрылымдары барлық аймақ­тарда жасақталды. Сондай-ақ «Балалар жы­лына» арналған жоспар жергілікті ат­қарушы билікпен, қоғамдық ұйым­дар­мен бірлесіп атқарылатын болды. «Бекітілген жоспар 50 тармақтан тұрады, қазір оның 27-сі жүзеге асыры­лып жатыр. Биыл бірінші жартыжылдықта соның 10 тармағын, ал жыл соңы­­на дейін 17 тармағын іске асыру көзделген. Бұл жоспарды орындау үшін бюджеттен 48,3 млрд теңге қарастырылды. Қаржының үштен екісі жергілікті бюджеттен жұмсалады»,– деді вице-министр Ғани Бейсембаев. Қазір республикада 6 млн 300 мың бала болса, соның 3,5 миллионы мектеп оқушылары. Ел ішінде 780 өңірлік шығармашылық орталық жұмыс істейді. 816 мың бала спорттық шаралармен қам­тылған, 61 мың бала еріктілер қыз­ме­тімен айналысады. «Былтыр «Бақытты отбасы» аясында отбасылар мен олардың балаларына қамқорлық көрсету мақсатында 6 059 шара ұйымдастырылды. Шешімі күрделі мәселелер бойынша Мәжіліске ұсыныстар жолданды. Оның кейбіреу­лері Парламенттің мақұлдауынан өтіп, қазір Президенттің қарауында жатыр. Одан бөлек, 2020-2022 жылдар аралы­ғында 15 оңалту және 7 ерекше қа­жет­тілігі бар балалардың дене ауыт­қу­шылығын бақылау үшін жедел әрекет ету орталығы ашылды. Биыл аутизм­мен ауыратын балаларға арнап жаңадан 8 орталық, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар жандар үшін 17 жедел ден қою тобын ашу жоспарланған»,– деп мәлім етті төраға Д.Зәкиева. Сондай-ақ қиын өмірлік жағдайда қал­ған отбасыларға, әйелдерге және ба­лаларға қол ұшын беру үшін «AMANAT» партиясы жанынан «111» шұ­ғыл қызмет көрсету орталығы құрыл­ды. Алайда әлі де шешімін күткен мәселелер аз емес. Олардың бәрі кеңес­тің жұмыс жоспарына енгізіліп, кезең-кезеңмен қолға алынатын болды. «Балалар жылына» арнап әр өңір шамамен 12-14 млрд теңге қарастыр­ған. Мәселен, Қостанай облысында атау­лы датаға орай 57 шара жоспарланып, оған 13,2 млрд теңге бөлінген. Алай­да жоспарда көрсетілген слет, конкурс, спартакиада т.б жылда өткізіліп жатқан шаралар. Оны биылғы атаулы датаға арнап тыңнан ойлап табылған дүние деуге келмейді. Сондай-ақ балалар проблемасын тұтасы­мен жүйелі түрде шешкен абзал. Одан гөрі оқушыларды ыстық тамақпен қамту немесе барлық балалардың тегін жүріп-тұруын қамтамасыз ету немесе спорт алаңдары мен балалар ойын алаң­дарын жасап беру анағұрлым тиім­дірек. Ал Шығыс Қазақстан облысында ба­лаларға арнап жоспарланған 73 шараға 9 млрд теңге бөліпті. Оның 25-і фестиваль, бірақ олар басқа шаралармен үйлестірілген. Сонымен бірге әлеуметтік тұрғыдан нашар қорғалған отбасы балаларын балабақшаға тегін орналастыру, қоғамдық көлікте тегін жүріп-тұру, 10 импульсивтік кабинет ашу, 11 спорт нысандарын салу сияқты ұтымды тұстары көп. «Парламентте халықты әлеуметтік қорғау және еңбекпен қамту кеңесі ая­сында көп жұмыс жүргізілді. Ең бірін­ші, ерекше мұқтаждығы бар бала­лар­дың мүгедектік тобы анықталды. Енді оларға мүгедектігіне қарай әртүрлі деңгейде жәрдемақы тағайындалатын болды. Мүгедек баланы бағушы адамға еңбек демалысын тағайындау, онымен бірге шипажайға жолдама беру бойынша заң жобасы бірінші оқы­лымда қабылданды», – деді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев сөз кезегі келгенде. Депутат жергілікті атқарушы органдардың балалар проблемасына қалдық принципімен қарайтынын бір түйреп өтті. Сондай-ақ республика бойынша бар-жоғы 5-7 пайыз баланың ғана жазғы лагермен қамтылатынына қынжылыс білдірді. Оны 3 есе көтеру керегін жеткізді. «Бүгін мемлекеттен қолдау көрген бала ертең мемлекет үшін қызмет етеді. Оған ешқандай шүбәңіз болмасын. Егер бүгін мемлекет көмектеспесе, ертең ондай баланың мемлекет туралы көзқарасы басқаша қалыптасады. Қаң­тар оқиғасындағы қайғылы жағдай осын­дай көзқарастағы жастардың қатысуымен болды, олардың көпшілігінің жұмысы, қаржысы жоқ, өмірі реттелмеген», – деп ойын түйіндеді ол. Блогер Ахметова Жанна оқушы-лар­­дың көптеген проблемасын айта келіп, негізінен мектептердің далада ор­­наласқан әжетханаларын сынға алды. «Біз 2019 жылы Таразда даладағы әжетханалар мәселесін көтердік. БҒМ әне-міне деп созбалақтатып жүргенде, мек­теп әжетханасында қыз баланы қорлап кетті. Ал Алматы облысында даладағы барлық әжетханалар 2020 жылға дейін ғимараттың ішінде орналастырылады деген, бірақ олардың 10-15 ғана мектепке ауыстырылды да, кейін бұл науқан тоқтап қалды» , – дейді блогер. Сондай-ақ БҒМ министрі А.Аймағамбетов 2021 жылдың қыркүйек айына дейін барлық өңірлердегі далада орналасқан әжетханалар алынады деп мәлімдеген болатын. Бірақ әлі күнге дейін бұл уәде жүзеге асырылған жоқ. Сондай-ақ күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Бақытты отбасы» жобасы бойынша биыл 27 шара қарастырылған. Оның ішінде 15 өңірде балалар үйін жөндеу, 247 интернатты жаңғырту, Ақтөбе, Павлодар Қызылорда, ШҚО облыстарында Отбасы ісі жөнінде басқарма құру т.б. істер қолға алынатын болды. «Былтыр жедел ден қою қызметі ұйым­дастырылды. Оның құрамына әкімдіктің барлық қызметтері енді. Өкінішке қарай, бұл бағытта да кейбір облыстарда жүйелі жұмыс жүргізілмеген. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында ақпан айында әлеуметтік тұрғыдан нашар қорғалған отбасыларды аралағанымызда, 10 отбасының 9-ы өздерінің құқықтарын, мүмкіндіктерін білмейтіні белгілі болды. Олар «Жанұя» отбасыны қолдау орталығы бар екенін де білмеген. Біз әкімдікке осындай 110 отбасының тізімін бердік», – деді Д.Зәкиева. Жалпы, Отбасы және халықты әлеу­меттік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мү­шелері биылғы «Балалар жылының» өт­кізілуіне байланысты көп сын-ес­к­ерт­пе айты. Тіпті, жыл басталғалы 4 ай өтті, ол бойынша ауыз толтырып айтарлықтай тұшымды нәтиже жоқ. Жиында сөз сөйлегендердің көпшілігі «Балалар жылына» арналған шаралар толықтай сәтсіздікке ұшырады деген баға беріп отыр. Жиналыс қорытындысы бойынша, кеңес мүшелері орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға ұсыныс жібереді.