Қазақстандықтардың мәдени қажеттіліктері қандай?
Қазақстандықтардың мәдени қажеттіліктері қандай?
© коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов
836
оқылды
«Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеу орта­лығының президенті Гүлмира Илеуованың пікірінше, Қазақстанның мәдени жағдайына әлеуметтік зерттеу жүргізу жағы кемшін. Сол себепті «Кейінгі жылдары жергілікті биліктің мәдениет ошақтарына көңіл бөлуі жақсарды ма және мемлекет мәдениеттің қай бағытына неғұрлым қолдау көрсетуі керек деп ойлайсыз?» деген тақырыпта жүргізілген сауалнама арқылы көп нәрсеге көз жеткізуге болады деп санайды. Естеріңізге сала кетейік, дәл осындай әлеуметтік зерттеуді Г.Илеуова 13 жыл бұрын жүргізген екен. Оның нәтижесіне қарап ав­тор екіұдай күйге түскенін ай­тады: «Ел­дің бір бөлігі мәдениетіміз қар­­қынды дамып жатыр, бола­ша­ғынан үміт күттіреді деп санайды. Ал енді бір бөлігі мәдениеттің қазіргі ахуа­лына қынжылыс біл­діріп, қатты алаңдаушылық таныт­ты. Мұндай бірі-біріне мүлдем ке­реғар келетін пікірлер баға бе­рушінің жеке көз­қарасы мен нені «мәдениет» деп түй­сінетініне бай­ланысты. Бұл жағдайда мәдениетті тек біржақты түсінетін, оның бір ғана компо­нен­тіне басымдылық мән беретін екі түрлі көзқарастың бар екенін бай­қаймыз: мәдениетті өнер нысан­дарының өндірісі, ру­хани және материалдық құнды­лықтардың жиынтығы және мәде­ниетті әлдебір ұлттың/этностың салт-дәстүр, әдеп-ғұрып, жөн-жоралғыларының жиынтығы ре­тінде қабылдай­тын­дар. Кейін­гілер мәдениеттің қазіргі дағдарысын қоғамның қазақтың төлтумалық бірегейлігін жоғалтып алуымен түсіндіреді» – дейді ол. Сауалнама нәтижесі бүгінде ел ішінде дәс­түрлі қазақ мәдениетінің өркен­деуіне, ата-бабамыздың салт-дәс­түрін сақтауға деген сұ­раныстың ана­ғұрлым жоғары еке­нін көр­сетті.

Мәдени даму тоқырауға түсті ме?

Осыдан бір мүшел уақыт бұ­рынғы және бүгінгі кезеңді салыс­тырып қарасақ, осы аралықта қа­зақ­стандықтардың мәдени мұқ­таж­дықтары өзгерді ме? 2009 жылы фокус топтың талқылауына қатыс­қандар мәдениет саласын, оның ішінде нысандарын қаржыландыру нашар деп бағалаған еді. Олар, әсіресе ауылдық жерлердегі әлеу­меттік инфрақұрылымның жағ­дайы қиын екенін жеткізген. «Са­уал­намаға қатысушылар мемлекет пен қоғам тарапынан мәдениетті дамы­туға көңілдің нашар бөлінуі ең бі­рінші қазақтың төл мәдение­тіне ке­сірін тигізіп, ана тіліміздің бәсе­кеге қабілеттілігін төмен­детеді, оған деген сұраныстың саябыр­суына әкеліп соқтырды деп санай­ды», – дейді зерттеуші. Ал 2022 жылдың наурыз айын­да жүргізілген сауалнамада сұрау са­лынғандардың көпшілігі (45%) мә­дениет нысандарының ахуалы бұ­рынғысынша, ешқандай оң өзге­рістер жоқ деген пікірді ұстан­ған. Респонденттердің тек төрттен бірі ғана жағымды өзгерістер болғанын айтады. Әрбір бесінші респондент (18%) жергілікті билік мәдениет ошақтарына назар ау­даруды бұрын­ғыдан бетер нашар­латып жібергенін жеткізді. Мұндай айыптаулар, әсі­ресе ауылдық жердегі адамдардың аузынан жиі естіледі. Ал «Адамдардың тұрғылықты жерлерінде демалыс пен бос уа­қыт­тарын өткізуге көңілі тола ма?» деген сұраққа берген жауаптарына қарап, жағдайдың әлі де түзелме­генін байқауға болады. Сауал­намаға қатысушылардың 49 па­йызы оған «қанағаттанамын» немесе «дұрысы қанағаттанамын» деп жауап берсе, 44 пайызы қана­ғаттанбайтынын білдірген. Бұл жерде біз үшін, әсі­ресе 2009 жылғы және 2022 жылғы сауалнаманың жауаптарын салыс­тырып қарау көп қызығушылық туғызды: «қа­нағаттанушылар» мен «қанағат­танбаушылардың» айыр­масы – 48% және 46%. Осы салыс­тырудан екі сауалнаманың ара­сын­да 13 жыл уақыт өтсе де, жағдайдың жақ­сармағанын, тіпті тоқырауға ұшы­рағанын көреміз.

Ауыл да өркениеттің жемісін көргісі келеді

Сауалнама нәтижесінен жергі­лікті атқарушы биліктің мәдени ошақтарға деген көзқарасына көп­шіліктің көңілі толмайтынын кө­реміз. Сондай-ақ қалың бұқара де­малатын және бос уақытын өткі­зетін орындардың тапшы­лы­ғын бай­қаймыз. Тұрғындар мәдени ны­сандар күтімінің нашарлығына, әйтпесе оның мүлдем жоқтығына кеюлі. Және сол арқылы мәдени қажеттілігін жүзеге асыра алма­ғаны үшін наразы. Мұндай қын­жылыс негізінен ауыл­­дық жер­лерге, сондай-ақ ауылдық аумағы көп өңірлерге тән. Оның жөні бар. Мәселен, рес­публика бойынша 6 293 ауыл болса, соның тек 3 738-інде (59%) ғана мә­дениет ошақтары кездеседі. Бі­рақ көпшілігінің жағ­дайы оңып тұрған жоқ. Сөйте тұра, ел үлкен үміт артып отырған «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағ­дарла­ма­сында мәдени ошақ­тарды салу немесе қалпына келтіру шара­лары ескерілмей қалған. «Мәдениетсіз ауыл болмайды. Сондықтан «Ауыл – ел бесігі» жо­басына мәдениетті дамыту бағдар­ламасын енгізу қажет. Мәселен, Түркістан облысы Шардара ауда­ны Қызылқұм ауылындағы мәде­ниет үйінің төбесі тесіліп қалған. Қа­бырғасы құлайын деп тұр, едені де ойылып кеткен. Егер халықпен кез­десу кезінде мәдениет үйінің тө­бесі ойылып түсіп кетсе қай­те­міз? Ауыл­дық мәдениет үйінің техни­калық негіздемесі 2-3 жыл бұрын жасалып та қойған», – ­дей­ді Мә­жі­ліс депутаты Қазыбек Иса Пар­ла­ментте өткен Үкімет сағатында. Мәдениеттанушы Айдос Ма­құлбеков елімізде мәдениет сала­сын қолдау төмен, бөлінетін қар­жы тым аз деп санайды. Қалалық жер­лерде бұл білінбейді, мұнда түрлі іс-шара өтіп тұрады, ал ауылдық жерде мәдениетті қолдау ісі ақсап жатыр деген пікірде. «Көп ауылда кітапхана жұмыс істемейді, мәде­ниет үйі жоқ, бол­ғанның өзінде ғимараттары азып-тозған. Осыған қарап-ақ бізде мәдениетке қолдау қандай екенін көруге болады», – деді мәде­ниет­танушы. Ал философия ғылымының докторы, ақын-жазушы Ерболат Баятұлының айтуынша, мәде­ниет­ті қолдау ая­сында біраз шара ат­қарылған. Әсіресе, ұлттық рухани мұрамызға қатысты іс аз емес. 100 томдық «Бабалар сөзі» жина­ғы – фольк­лор­танушы ғалым­дар­дың еселі еңбе­гінің нәтижесі. Алайда мәде­ниетті қолдауға бө­лінген қар­жы­ның кейде өз мақ­сатына жұм­сал­май, науқан­дық шараларға, чел­­лендж деген сияқ­ты болымсыз нәрселерге жұм­салып кететініне наразы. «Мәдениетке қолдау көрсету үшін ең алдымен осы саладағы қыз­меткерлердің жалақысын кө­теріп, әлеуметтік жағдайына мән беру, осы тараптағы пробле­ма­ла­рын ше­шу керек. Ең аз жалақы алатындар мәдениет, өнер сала­сының қыз­мет­керлері. Айлығы шайлығына жет­пейтін өнер ада­мынан шығар­ма­шылық өрлеу күту мүмкін емес, ұят. Мәдениет – елдің айнасы, ұлттың дәстүрлі рухани тамыры. Бұл осалдаған жерде ру­ханият туралы ештеңе ай­ту­ға бол­майды. Әдебиет те – мәде­ниеттің саласы, қоғамның баро­метрі. Оның да күйі оңып тұрған жоқ. Мақ­таған кітап әлеуметтік тап­сырыспен бар-жоғы 2 000 дана ғана болып шығады. Әдебиет дұрыс насихатталмай жатыр. Ай­тыс өнерін саясаттың қолжау­лығы, аз ғана топтың малтабар­лығына ай­налдырдық»,– деп қынжылыс біл­дірді Е.Баятұлы. Ғалым қазір жастардың кітап оқымайтынына, ұлттық руханият­қа селсоқ қарайтынына күйінеді. Ал рухани сауатсыздық жайлаған жер оңбайды деп санайды. Ол кітап­ханаларға, музейлерге, театр­ларға айрықша көңіл аудару керек дейді. Сондай-ақ ұлттық мәде­ниет­ті на­сихаттаудың жаңаша фор­маларын табу қажетін айтады. Оның ай­туын­ша, әлемдік мәде­ниеттің озық үлгі­лерінен үйренген дұрыс, алайда ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді дамыту арқылы ғана біз таныламыз және өзімізді сақтай аламыз.