Отандық стартап үздік атанды
Отандық стартап үздік атанды
592
оқылды
Елордадағы Аstana Нub ІТ-стартаптар халықаралық технопаркі алаңында Demo Day шеңберінде бірқатар стартап-жоба ұсынылды. Жобалар бастауыш және орта сынып мұғалімдеріне арналған онлайн білім беру бағдарламасы және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін білім мен инфрақұрылымға тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге ықпал етеді. Іс-шара барысында қозғалысы шектеулі адамдар мен ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қоғамдық объектілердің қолжетімділігін көрсететін Astana Hub акселераторының қатысушысы «Қолжетімді Қазақстан» сайты мен қосымшасы кеңінен талқыланды. Әлемге танымал цифрлық қоғамдық игілікті 2015 жылы Тandau Foundation қоғамдық қоры «Қолжетімді Павлодар» атты жоба бастау алғанда жасап шықты. Нәтижесінде, Павлодар тұрғындарына нысанды шерту арқылы оның мүгедектігі бар адамдар үшін қаншалықты қолжетімді екенін көрсететін арнайы карта құрылды. Ал келесі жылы жобаға Алматы облысы қосылып, бұл жоба «Қолжетімді Қазақстанға» айналды. БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) және Astana Hub қолдауымен жоба бүкіл ел бойынша 15 қоғамдық ұйым мен 500 еріктіні біріктіреді. Ал картада Қазақстанның 22 қаласындағы 21 737 орынның қолжетімділігі бойынша ақпарат көрсетілген. Картаны пайдаланушылар қозғалысы шектеулі адамдар мен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға (мүмкіндігі шектеулі адамдар, арбадағы кішкентай балалары бар ата-аналар, қарттар, жүкті әйелдер, уақытша жарақаттанған адамдар, 7 жасқа дейінгі балалар) арналған сервисті пайдалану арқылы барынша қолжетімді және қауіпсіз бағытты жоспарлай алады. Сондай-ақ таңдалған нысанға бару қаншалықты қолжетімді және қауіпсіз екенін білуге мүмкіндік бар. «Біз Орталық Азиядағы алғашқы цифрлық қоғамдық игілік – Қазақстанның жобасы болғанына қуаныштымыз. «Қолжетімді Қазақстан» аса маңызды мақсат – кедергісіз орта қалыптастыруды көздейді. Кез келген ұйым Tandau Foundation-ға жүгініп, өз нысанында қолжетімді және қауіпсіз инфрақұрылымды қалай құру туралы кеңес ала алады», – дейді Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілінің орынбасары Летисия Баззи-Вейл.