Балық неге қырылды?
Балық неге қырылды?
1,132
оқылды
Көктем келгелі Солтүстік Қазақстан облысындағы көлдерде балықтың қырылуы жиіледі. Сәуір айының соңында өңірдегі үш бірдей көлде балықтың қырылғаны тіркелді. Енді солтүстікқазақстандықтар өлі балық сауда сөрелерінен қарапайым тұрғындардың дастарқанына жол тарта ма деп қауіптеніп отыр. Күні кеше Айыртау ауданына қарасты Құспек көлінде балықтың жаппай қырылғанын балық инспекциясы растады. Одан сәл бұрынырақ Петропавл қаласының шетіндегі Пестрое көлінде және Жамбыл ауданындағы Благовещенка ауылының маңайындағы Жекекөл көлінде дәл осындай жағдай кездескен еді. Экология департаментінің баспасөз қызметі хабарлағанындай, зертханалық талдау жүргізу мақсатында оқиға орнына аталмыш департаменттің, Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы қызметкерлерінен құралған жұмыс тобы дереу жетіп, көлді тексерді, судың сынамасы мен өлі балықтың қаңқасы алынды. Балықтың қырылу себебі анықталып жатыр. Алдын ала болжам бойынша, балық қыстыгүні қырылып қалған. Оған биылғы құрғақшылық себеп болды деген жорамал бар. Соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облысының су тоғандарында тіршілік нәрі азайып бара жатқан көрінеді. Қатты аязда көлдің терең тұңғиығына дейін мұз қататын болыпты. Солтүстік Қазақстан облыстық балық инспекциясының мамандары көлдерді жалға алушылар қыста оттегімен байыту үшін аэрация жүргізеді, су айдындарындағы жағдай ұдайы бақылауда деп сендіруде. Алайда соңғы кезде тұрғындар көл жағасында өлі балықтың тау-тау болып үйіліп жатқанын жиі көретін болды. Бұл жайт облыс тұрғындарының алаңдаушылығын туғызып отыр. Олар өлі балық өз дастарқандарынан табылуы мүмкін деп қобалжиды. Мәселен, Құспек көлінде қырылған 100 келі балықтың басым бөлігі мөңке екен. Бұл – өңірде аса сұранысқа ие балық түрі. Балық инспекциясының өкілдері өлі балық жинастырылып, көзі жойылды деп дүрліккен тұрғындарды сабырға шақырды. «Мұндай балық сауда сөрелеріне жеткізілмейді», – дейді олар. «Көлді жалға алушы 2021 жылы ақ балық тұқымдастарын жіберген. Пайдаланушы осы балықты келесі жылы да сақтап қалуға ниеттенген еді. Ол мелиорация жұмыстарын жүргізді, яғни аэрация жасап, ойықтар бұрғылады, бірақ бұл жұмыстар көмектеспеді. Тоғанға жиналған өлі балық үйінділеріне келетін болсақ, оны көзін жою үшін көлді пайдаланушының өзі жинады», – деді Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бөлім басшысы Ильдар Хакимов. Сондай-ақ олар кейбір көлдерге оқыс оқиғаға орай мамандар келіп жеткенше, қырылған балық өртеліп үлгергенін айтады. Бірақ бұл ақпаратқа халық сеніп отырған жоқ. Себебі балық сатылатын сөрелердің маңайынан жағымсыз иіс мүңкіп тұрғанын алға тартуда. Әлеуметтік желілерде солтүстікқазақстандықтар: «Шенеуніктердің айтқан сөзіне халық сенуден қалған. Себебі екі сөзінің бірі өтірік. Өлген балық саудаға шығарылғаны қашан. 100-150 келі дегендері де шындыққа жанаспайды, 4 тонна өлі балық шығарылды деген дерек бар. Біреуге сену – өзіңді сыйламаумен тең. Қазір ешқандай бақылау жоқ, ар-ұят та жоқ. Барлық көлді жалға беріп қойғандықтан, осындай жағдай болып отыр. Бұрын балықшылар ойық жасап, балықтарға оттегі жеткізілетін. Сол кезде бірде-бір көлде балық қырылмаушы еді, енді мұндай жаңалықты күнара еститін болдық», – деген сияқты пікір жазуда. Сондай-ақ балықтың бағасын шарықтату үшін әдейі өлтіріп жатыр деген пікір де кезігеді. Тұрғындар тірі балықты ғана сатып алу керек деген ұйғарым жасап отыр.

Солтүстік Қазақстан облысы