Бас прокуратура: 1 мамырда митинг болмайды
Бас прокуратура: 1 мамырда митинг болмайды
Сурет: mail.kz
695
оқылды

Бас прокуратура мереке күні митинг болмайтынын айтып, қазақстандықтарға ескерту жасады. 

"Әлеуметтік желілерде жекелеген тұлғалар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау және Жаңаөзен қалаларының әкімдіктері а.ж. 1 мамырда Украинадағы әскери іс-қимылдарға қатысты митингілер өткізуге келісім берген деп жалған хабарламалар таратуда. Аталған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл күні әкімдіктер елді мекендердің орталық алаңдарында «Қазақстан халқының бірлігі күнін» мерекелеуге арналған мәдени-бұқаралық іс-шараларды ғана өткізуді жоспарлап отыр. Бұдан басқа, митингілерді ұйымдастыру және өткізу тәртібі 2020 жылғы 25 мамырда қабылданған «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңмен (бұдан әрі - Заң) реттелетініне назар аударамыз. Жиналыстарды, митингілер мен пикеттерді ұйымдастыру және өткізу үшін хабарлама жасау тәртібі көзделген. Алайда ұйымдастырушылар жергілікті атқарушы органдарға жоғарыда аталған қалаларда бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу туралы тиісті хабарламалар бермеген не олар бойынша келісуден бас тартылған. Осылайша, осы заң тәртібімен ұйымдастырылатын бейбіт жиналыстар а.ж. 1 мамырға қарастырылмаған. Тиісінше, Заңды (3-баптың 3-тармағы) бұза отырып жүргізілген митингілерді ұйымдастыру және оларға қатысу құқыққа қайшы болып табылады және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша 25 тәулікке қамаққа алуға дейін әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады. Егер бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірумен қатар жүретін болса, Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық туындайды, ол 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл не түзеу жұмыстары немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу түріндегі жазаны көздейді. Бас прокуратура азаматтарды қолданыстағы заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа бой алдырмауға және заңсыз акцияларға қатысудан бас тартуға шақырады. Құқық қорғау органдары белгіленген тәртіпке, қоғамдық қауіпсіздікке қол сұғатын кез келген құқық бұзушылықтың жолын кеседі, сондай-ақ оларға жол бермеу бойынша заңда көзделген шараларды қабылдайды", - делінген хабарламада.