Шымкентте бір топ ана қалалық әкімдікке келіп шу шығарды
Шымкентте бір топ ана қалалық әкімдікке келіп шу шығарды
Сурет: MAKY_OREL
618
оқылды
Шымкентте көпбалалы әрі ерекше бала тәрбиелеп отырған бір топ  ана бүгін қалалық әкімдікке келіп шу шығарды. Олар пәтер кезегін жылдар бойы күтудеміз, бірақ кезек мүлдем жылжымайды дейді. Бұл туралы Астана арнасы хабарлады.  Жиналғандардың айтуынша, үй кезегін күтіп жүргендердің кейбіріне 10 жыл болған. Көшіп-қонып шаршадық дейді олар. Науқас баламен пәтерден пәтерге ауысу тіпті оңай емес екенін айтады. Осыған дейін талай табалдырықты тоздырған аналар  басыбайлы баспананың қашан бұйыратынын қала әкімі Мұрат Әйтеновтың өз аузынан естиміз деп келген көрінеді. Көпбалалы Салтанат Сағындықова кезекке 2014 жылы тұрған. Айтуынша, бес баласымен жатақхананың небәрі 18 шаршы метрін 30 мың теңгеге жалдап тұрады. Бірақ енді оның өзін босатуым керек дейді. Себебі, иесі пәтерді сатып жіберген. Жалғызбасты ана Айгүл Темірханова да кезектің тым баяу жылжып жатқанын айтады. Жылдар бойы осылай сенделіп жүрміз деп налиды. Ал жауапты өкілдер баспананың кезек ретімен ғана берілетінін айтады. Қазір қала бойынша тізімде 48 мың адам бар. Соның 17 мыңнан астамы әлеуметтің әлсіз тобына жатады. Ал ерекше бала тәрбиелеп отырғандарға биылғакөзделгені бар-жоғы – 218 пәтер.Кезектің жылжуы тұрғын үйлердің санына байланысты екенін айтады.
«Кезек бойынша біз 2012 жылдың тамыз айында тіркелгендерді қазір қамтып жатырмыз. Бұл кісілердің әлі кезек реті келген жоқ. Кезек ретімен қамтыласыздар дегенді түсіндіріп жатырмыз. Бірақ бұл кісілер қазіргі талабы уақытша тұрғын үймен қамтамасыз етуді сұрап жатыр. Бұл кісілерге уақытша тұрғын үй бойынша заңдылықтары түсіндірілді», - деді Шымкент қаласы Тұрғын үй басқармасының бөлім басшысы Жұлдызай Ордабекова.
Ал кезекті ұзақ күткісі келмегендер үшін  «Бақытты отбасы» бағдарламасымен жылына 2 пайыздық несие қарастырылған дейді мамандар. Сол арқылы баспаналы болуға мүмкіндік бар екенін айтады.   Алайда ерекше баламен онсыз да үйден шыға алмаймыз деген аналар бұл ұсынысты қабылдай қоймады.